Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВБүгін, 5 ақпанда Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта куәгерлерден жауап алу жалғасты. Отырыс алдында сот төрағасы Гүлмира ДӘУЛЕТОВА адвокаттар мен сотталушылардың өтініштерін оқыды.
Сотталушы К.ҚАДЫРОВТАН («Азиямаркет С» ЖШС-нің бұрынғы директоры) қазақ тілінде жауап беруді өтінген, адвокат ЖУБАНЫШЕВТАН (сотталушы ЕСЕТОВТІҢ қорғаушысы) куәгерлердің бірінің (Алтынай ҚАЙЫРЖАНОВАНЫҢ) есепшотын тексеруді, сондай-ақ адвокат АЙТЕНОВАНЫҢ өз қорғауындағы қамауда отырған Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВАҒА («Ақтөбехаусконстракшн» ЖШС мен «BNB Construction» ЖШС-нің бұрынғы бас есепшісі) қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы барлығы үш өтініш түсіпті. Адвокат өтініш қабыл алынбаған жағдайда Әзбергенованың аштық жарияламақ екендігін өтініште мәлімдеген.
– Әзбергенованауқас адам, аллергиясы бар. Балалары бар адам, өз қызының тойына қатыса алмады. Егер ол жасырынған болса, әрі қарай да жасырынып жүрер еді. Керісінше, ол қаржы полициясына өзі келді. Бірақ неліктен екені белгісіз, оған қылмыстық іздеу жарияланған делінген... Мен Әзбергеноваға қатысты кез-келген жеңіл шара тағайындауыңызды сұраймын, - деді адвокат.
Бірақ сот тек бір өтінішті ғана қанағаттандырды – сотталушы Қадыровқа сотта қазақ тілінде түсінісу мүмкіндігін берді. Әзбергенова мен оның адвокаты Айтенованың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініші қанағаттандырылмады.
–Бұлтартпау шарасы туралы мәселе салмақты боп табылады. Сіздің өтінішіңіз қабыл алынбайды, келесіде, процесстің ортасында, сіздің осы өтінішті қайтадан беруге құқығыңыз бар. Сіздің аштық жарияламақ болуыңыз, бұлтартпау шарасын өзгерту үшін негіз болып табылмайды. Сіз сотқа кедергі келтірмеуге тиіссіз, - деді Дәулетова.
Сонымен қатар Даулетова сот отырысы басталған соң кешігіп келген сотталушы, Атырау облыстық құрылыс басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары, үйқамақта отырған Ибрагим ӘМІРОВКЕ ескерту жасады. Судья кешігудің сотқа кедергі келтіру деп бағаланатынын, бұл жағдай қайталанса, соттың бұлтартпау шарасын өзгертуге құқығы бар екенін еске салды.
***
Сот отырысындағы үзілісте мен адвокат Райхан Айтеновамен тілдестім. Ол қорғалушысы Гүлмира Әзбергенованың дүйсенбі күні ресми түрде аштық жариялағанын мәлімдеді:
– Оның аштық жариялағанына 2-3 күн өтті, шынымен де ол аштық жариялады ма, жоқ па, оны медициналық-санитарлық бөлімшеде тексеруден өткізеді.
Әзбергенованың өтініші қанағаттандырылмауына байланысты аштық жариялауды жалғастыра ма деген менің сұрағыма адвокат Айтенова әзір ол туралы білмейтінін айтты.
Ал түскі үзіліске дейін Сәтпаев, 35 мекен-жайындағы 9 пәтерді сату-сатып алу жөніндегі заңсыз келісімшарттарға қатысты кезекті куәгерлерден жауап алу жалғасты. Жауап алу барысында адвокат Т. МҰХАТАНОВ Аманжан РЫСҚАЛИЕВ бой көрсететін әлдебір бейнетаспаны көрсету өтінішін білдірді:
– Бұрын қалалық сотта Еркін МОЛДАШОВҚА қатысты қылмыстық іс қаралғанда, заттай айғақ ретінде Аманжан Рысқалидың бейнежазбасы қоса тіркелген болатын. Мен осы жазбаны сұратып алып, басқа куәгерлерден жауап алар алдында тыңдауды сұраймын. Куәгерлерге қазір түсетін кейбір сұрақтар қойылмауы немесе басқа сұрақтар туындауы мүмкін, - деді Мұхатанов. – Бейнежазба барлық 9 пәтер туралы фактілерге қатысты.
Өтінішті сот қанағаттандырды, қазіргі уақытта Атырау қалалық №2 соттың төрағасының атына Аманжан Рысқалидың бейнежазбасы мен жазбаша хатын сұратып алу туралы сұраным жолданды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Бейнежазбаны түсірген Қанат ЕЛЕУОВ