Атырау, 10 мамыр 00:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Экспедиция мен олжаға толы жыл

3 435 просмотра

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 2013 жылғы атқарған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Мұражай қызметкерлері былтыр палеонтологиялық, археологиялық және этнографиялық бағыттарда сегіз далалық ғылыми-зерттеу экспедицияларына шыққан. Мәселен, палеонтология бөлімшесінің меңгерушісі Юрий ПАСТУХОВТЫҢ басқаруымен жүргізілген экспедиция кезінде осыдан 30 млн жыл бұрын өмір сүрген Otodus атты акуланың қаңқасы және Striatolamiaакуласының тістері табылған.

Ал археология ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айбек ТҰРАРҰЛЫНЫҢ басқаруымен Нарын құмына, Тайсойған құмына археологиялық барлау экспедициялары жүргізілген.

- Жүргізілген зерттеу экспедициясы кезінде 14 тарихи нысан есепке алынды. Олар: Қызылүй қонысы, Қызылүй1, Қызылүй2, Қызылүй3 тұрақтары, Шәуіптен1, Шәуіптен2 тұрақтары, Жасқайрат1, Жасқайрат2 тұрақтары, Ақжонас, Қошалақ, Сазды, шегенді тұрақтары және сәулеттік маңыздылығы бар деп есептелінген екі қазақ қорымы, -дейді Айбек Тұрарұлы.  Сарайшық-Қызылүй-Мыңтөбе-Қошалақ-Ресей шекарасына дейінгі маршрут бойынша жол жүрген экспедиция барысында құмшағылдар арасында орналасқан құдықтар жанынан тас ғасырының қыш ыдыс сынықтарынан орта ғасырлық қыш сынықтарына дейін кездескен. Жебе ұштары, ұршық басы, басқа да тас бұйымдар мен шыны моншақ, қола жапсырма секілді жәдігерлерді анықтаған.

- Тұщы су көздері ретінде шегенделген құдықтар айналасында орта ғасырлық қыш сынықтарының табылуы, сол заманда керуендердің басына дамылдап, шөл қандырып, күш қуатын толықтырған орындар болғанын көрсетеді. Керуендер құдықтар тізбегі бойымен қозғалған болуы мүмкін. Тұрақтардың ара қашықтығының жиі орналасуы Нарын құмында мал шаруашылығымен айналысқан тайпалардың біршама тығыз қоныстанғанын көрсетеді.

Одан бөлек Айыртам, Қуыс, Алдай ата, Сарықыз, Аяпберген, Шажабай қорымдары мен 15 қорғаннан тұратын Миялы қорғандар тобы зерттелген. Қорымдардағы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына жататын бағана тәрізді болып келген құлпытастар түрлі оюлармен сәнделген. Қорғандардың биіктігі 30 сантиметрден 2 метрге дейін болады. Болжам бойынша, бұл ескерткіш ерте темір дәуіріне жататын сармат тайпаларының қорған обалары деседі.

- Қорғандардың батыс шетінде карьер қазылып жатыр. Ол қорғандарға өте жақын қалған. Егер, оны тоқтатпаса, ескерткіштердің жойылу қаупі бар, - дейді А.Тұрарұлы.

Ал Қылыш қорғандар тобының қазба жұмысында Қылыш ІV қорғаны қазылған.

А.Тұрарұлы:

- Қазба барысында жерленген адам сүйегі табылған жоқ. Адам жерленбегеніне қарағанда бұл қорғанды кенотаф ретінде тұрғызуы мүмкін.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

Кенотаф (грек. kenotaphos, kenos – бос, taphos – қабір) – ежелгі дәуірге жататын ішінде адам мүрдесі жоқ жерлеу құрылысы. Шапқыншылық уақытында, алыс сапарға шыққанда немесе басқа себептермен денесі табылмаған жағдайда адамдарға бос қабірлер тұрғызу дәстүрі қазақ халқында да болған.

9 қаңтар 2014, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.