«Сенің тірі кезіңде өтпеген кешің бүгін өтіп жатыр. Сенің эфирден өткізбеген әндеріңді қыр асып, сонау Алтайдың ар жағынан келген қандастарымыз әуелетіп жатыр. Сенің өмірің енді басталды».
Бұл - елімізге белгілі ақын, әнші-композитор Елена ӘБДІХАЛЫҚОВАНЫҢ жақында Атырауда өткен қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды ДОСЫМОВТЫҢ шығармашылығын еске алуға арналған аймақтық бард ақындар фестивалінде айтқан сөзі. Сахнадағы экранда гитарасына сүйеніп, сәл жымиып отырған Табылдының бейнесіне қарап тұрып, досына көзі тірісіндей сыр ақтарып, сөзін әрі қарай жалғады:
- Осыған дейін сен маған сәл қуансаң, телефон шалушы ең. Мені өміріңде атыммен атамай, «сен менің братишкамсың» дейтін едің. «Братишка, қарашы, маған Иманғали мынандай фирменный гитара алып берді. Мен бұған сүлікқара деп ат қойдым» деп телефон соғып едің. Енді ондай сөздерді маған айтатын адам жоқ...
"АЖ" анықтамасы: Табылды Аяшұлы ДОСЫМОВ – 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор поселкесінде туған. 1982 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен. 1983-1985 жылдар аралығында Германияда әскери борышын өтеген. 1990 жылы арнайы жолдамамен Атырау телерадиокомитетіне келіп, жаңа облыстық телевизияның құрылуына атсалысқан. 1992 жылы облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы мемлекеттік филармонияда шығармашылық жұмыстармен айналысқан. «Желтоқсанның жебесі» атты жас талаптар тобының жетекшісі, 1993 жылдан Индер аудандық тіл басқармасының бастығы қызметін атқарған. «Жанарымның жарқылы» (2000), «Ұнатамын мен сені» (2002) жыр жинақтарының авторы. Табылдының «Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам» деп жырлаған өлең жолдары өз өмірін алдын-ала болжап қойғандай еді. 2010 жылы 19 қазанда ол ұйқысынан оянбай қалды...
Осыны айтты да, Табылдыға арнап шығарған өзінің «Доспен қоштасу» әнін орындап берді. Залда көзіне жас алмаған жан аз болар. Табылдының өзінің де әндері шырқалды. Елена Әбдіхалықова оның сөздері қабырғаны қайыстыратын, намысты қайрайтын «Қазақ едім дегенше...» әнін, ал Қытайдан келген кең диапазонды дауысы бар әнші қандастарымыз (қазақ әндеріне сусап жүрген оларға Табылдының өлеңдері екі араға жол салған туыстарының бірі арқылы тез тараған) «Мен - қазақпын», «Мұң» секілді әндерін әуелетті. Маңғыстаудан келген әнші, әуесқой композитор Есенбай ҚҰЛИЕВ Табылдының әндерінен попурри шырқады. Атыраулық айтыскер ақындар Саадат НҰРМАНОВ пен Әбдіхан ЕСЕНҒАЛИЕВ, қарағандылық әйгілі айтыскер ақын Қуаныш МАҚСҰТОВТАР «Биіктік», «Өмірзая», «Табылдың әні» секілді әндерін орындады. Алматыдан, Ақтөбеден келген Табылдының достары оның өмірінен естелік келтірді. Ал курстасы, танымал журналист Серік ЖАНБОЛАТ студенттік жатақхананың бөлмесінде отырып шығарған, Табылдының сөзіне жазылған «Сағыныш белгісі» әнін гитарамен орындады. Сондай-ақ, ол жағымды жаңалықпен бөлісті: осы 2014 жылы көктемде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Табылды туралы деректі фильм түсіреді.
Ал Ақтөбеде тұратын досы, Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың директоры Бижан ҚАЛМАҒАМБЕТОВ осы кешке арнап Табылдының өлеңдері мен сұхбаттары, ол туралы естеліктер жазылған «Із тастап аққан бір жұлдыз...» атты кітаптың жарық көруіне мұрындық болып келіп отырғанын айтты.
- Бізді Табылдымен жақындатқан - өнер. Біз үлкен кеш өткіземіз, Қытайға барамыз деп жоспарлап жүрдік. Өкінішке орай, бұл жоспарымыз орындалмай қалды. Ал біздің қордың мақсаты – Табылдының шығармаларын «Мәдени мұра» бағдарламасына және мектеп бағдарламасына енгізуге жұмыстану. Осыны мен үкімет алдына мәселе етіп қойып жүрмін. Егер патриотизмнің айнасы болатын өскелең ұрпақ Табылдының өлеңін жаттап өссе, оның ұлтан болмай, сұлтан болары анық, - дейді Б.Қалмағамбетов.
...Біздің қатарда отырған бір қыз бала Табылдының әндерінің сөздерін жатқа біледі екен, әншілермен бірге қосылып айтып жатты...
Міне, әкесінің қара гитарасын қолына ұстап Абыл шықты сахнаға. Табылдының сөзі мен әніне жазылған «Бауыржан дос» әнін орындады. Дауысы жағымды екен, жанымызды бірден баурап алды, жүректерге жетіп жатты:
«Мәңгі бақи мекенімді табу үшін Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем бақұлдасып сендермен.
Махаббаттың жаршысымен қалу үшін қоштасып,
Қабіріме келер талай қос ғашық.
Қайырмасы:
Достар, сонда қабіріме келмеңдер!
Тірілерді танымайды өлгендер!
Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа,
Мен сендерді күтем ылғи тамұқта!
Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа,
Мен сендерді күтем ылғи тамұқта!
Достар, сонда қабіріме келмеңдер!
Тірілерді танымайды өлгендер!
Өлмеңдер!
Ерлеңдер!
Тауым қайтып опасы жоқ орындалмас арманнан,
Мен де бір күн жөнелермін мынау жәлап жалғаннан.
Мендік жүрек сөнер ме екен, өлер ме екен мәңгілік,
Талай сеніп, талай рет алданған».
Қайырмасы.
Бұдан былай Табылды Досымовты еске алуға арналған фестиваль екі жылда бір рет өткізіліп тұратын болды.
Оның шығармашылығымен ғаламтордағы мына сілтеме арқылы танысуға болады: http://vk.com/club43579719.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ