Атырау, 27 қараша 02:34
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Адам ұрлау және кесілген жаза, немесе бұрынғы мәжілісмен кімді жасырды

11 617 просмотра

Жуырда Мақат аудандық соты Бақтыбай БАЗАРОВТЫ ұрлауға қатысы бар Мақат поселкесінің бес тұрғынына ҚР ҚК 125-бабы, 2-бөлімі бойынша («Алдын ала сөз байласып адамдар тобымен адам ұрлау») 7 және 10 жыл аралығында бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұлар Азамат МҰҚАНОВ, Жеңіс БИҒАЛЕВ, Қайрат УТЕБАЕВ, Самат АБДОЛЛОВ, Самат АМАНДАУЛЕТОВ.

СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ, ПОЛИЦЕЙ МЫРЗАЛАР

Мақат ауданының тұрғыны Бақтыбай Базаровтың із-түссіз жоғалып кеткендігі туралы біз бірінші рет осыдан 5 жыл бұрын жазған болатынбыз. Базаровтың туыстары полиция мен «АЖ» тілшісіне Бақтыбайды ұрлаған адамдардың есімдерін атады (әрине, біз онда оларды дәлелсіз жариялай алмадық). Ақырында бұл адамдар қылмыскерлер болып шықты.

Берікбол БАЗАРОВБерікбол БАЗАРОВБақтыбайдың ағасы Берікбол БАЗАРОВТЫҢ (суретте) пікірінше,  ол кезде Мақаттағы қылмыстық топтың басшысы Дамир ИСМУХАНОВ пен Аманжан РЫСҚАЛИДЫҢ (қылмыстық бап бойынша жаза мерзімін өтеген облыстың бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ туған інісі) арасындағы жылы достық қарым-қатынасы тергеу барысына кері әсер еткен.

Мен осыдан бес жыл бұрын Аманжан Рысқалиге осы тақырыпқа орай сұрағымды қойғанда, ол ашуланып кетті: «Бұған менің қатысым қанша? Білмедім».

- Біздің әкеміз Сүйіндік сол кездері облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың қабылдауында болды. Облыс әкімі оны тыңдап болып: «Ақсақал, абыржыма, ұлыңды табуға көмектесемін. Болмаса, Мақатқа өзім барамын», деп шығарып салды. Бірақ біз Рысқалиевтер билікте тұрғанда ештеңеге қол жеткізбейтінімізді білдік. Ағайындылар кетті, сең қозғалды. Мен әділдік барына сенуден қалып едім, бірақ енді інімді ұрлағандар әділ жазаларын алады, -  дейді Берікбол Базаров.

 

МҰНДАЙ КӨЛІК МАҚАТТА ЖАЛҒЫЗ!

Тергеу ісінің материалдары Бақтыбайдың ұрлануы Дамир Исмухановқа бірден-бір қатысты екенін көрсетіп отыр. 2007 жылы Атырау қаласында белгісіз біреулер Дамир мен қасында болған балдызы Самат АБДОЛЛОВТЫ оқтың астына алған. Осы атыс кезінде Дамир аяғынан жарақаттанады. Ашуға булыққан ол өзіне мылтық кезенгендерді жазалауды бұйырып, тобырларына тапсырма береді. Осы оқиғаға қатысы болған Ақтөбеде тұрып жатқан Арман ҚҰЛБАЕВ (ол бір кездері Бақтыбаймен бірге жүрген, жақсы араласқан) 2007 жылдың 15 наурызында атып өлтіріледі. 

- Исмуханов Мақатты бірнеше жыл уысында ұстады, көнгенін қасына ертті, үйінің шаруасын жасатты, дүкендерге салық салды, тонаумен айналысты. Ал өзіне қарсы келгендерді ұрды, қорқытты, өлтірді. Інім бірнеше рет таяқ жеп келіп жүрді, мен не болғанын сұрағанда, «Дамирдің «күшіктері» бізге қосыл дейді, мен көнбей жүрмін» деген. Олар үйге де келіп-кетіп жүрді. Артынша Бақтыбайды ұрлау операциясы орын алды, - дейді Б. Базаров.

Ұрланған Бақтыбай БАЗАРОВҰрланған Бақтыбай БАЗАРОВБақтыбай Махамбет ауданындағы «Гюраль» ЖШС-нде жұмыс істейтін. Бірде бірге жұмыс жасайтын Мақсот АЛДАШЕВ сырқаттанып жүргенін айтқанда, Бақтыбай Мақатта РУДЕНКО деген жақсы емші тұратынын айтып, соған емделуге кеңес береді. Сөйтіп жұмыстастар Мақатқа бірге келеді.

- Біз Бақтыбай екеуміз екі күн қатарынан емшіге бірге келіп жүрдік. 2007 жылдың 3 ақпанында кезекті ем алу үшін көпқабатты үйдің екінші қатарына келгенбіз. Кезекте он бес шақты адам тұрған. Бір кезде төменнен біреу Бақтыбайдың атын атап шақырды. Ол төменге түсіп кеткен. Бір уақытта Бақтыбайдың жандәрмен даусы естілді. Мен далаға жүгіріп шыққанда, терезелері тұмшаланған ақ «Жигулидің» артқы сол жақ есігінен тепкілеп, тыпырлап шығып жатқан Бақтыбайдың аяғын ғана көріп қалдым. Жетіп барғанымда, маған қарсы шыққан ер адам кесекөлденең тұрып алып, «Біз Мақаттанбыз» деді де, машинаға жүгіріп барып мініп алды. Дереу полицияға адам ұрланғаны жөнінде хабарлама түсірдім, - деді сот отырысында куәгер ретінде қатысқан М. Алдашев. Өкінішке орай, ол көліктің нөмірін байқай алмаған. 

- Мен Мақатта тұмшаланған ақ «Жигули» Жеңіс Биғалиевта ғана барын бірден айтқанмын. Бірақ полиция бұл фактіні назарға алмады, - деп оның әңгімесін толықтырды Берікбол Базаров. 

 

ОНЫ СКОТЧПЕН ОРАП ТАСТАҒАН...

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Бұдан жеті жыл бұрын жоғалған мақаттық өрімдей жас Тұрлан ҚОСМҰХАНОВТЫҢ денесі әлі күнге дейін табылған жоқ («Құдай үшін ұлымды тауып беріңдерші!»). Күдіктілер өлтіріп, жерге көмгендерін ашып айтқан. Бірақ олар айтқан жерден дене табылмады. Жалғыз ұлынан айрылған Күләнда апа күйіктен қайтты.

Бұл іс бойынша Жеңіс Биғалиев мынадай түсініктеме берді: «Сағат 16.00 шамасында Азамат Мұқанов ұялы телефоныма қоңырау шалып, «Бір шаруа бар, емші Руденконың үйінің алдына кел. Бақтыбай сол жерде» деді. Бізге Самат пен Қайрат қосылды. Азамат сол үйдің алдында күтіп тұр екен. Азамат пен Самат екеуі үйге кіріп кетіп, Бақтыбайды қолтығынан мықтап сүйрелеп алып келе жатты. Ол тырмыса жанұшырып, «көмектесіңдер» деп айқайлады. Оны күшпен көліктің артқы жағына  жатқызды. Бақтыбай жолда жұлқынып, бұлқынғасын аяқ, қолын скотчпен байлап тастады, ал ол болса «жігіттер, жігіттер, жіберіңдерші, жүрегім ауырды» деп жалынды. Мен үйде қонақтарым барын, кеткім келетінін айтып, Мақаттың сыртындағы аялдамаға тоқтадым. Олар Талғат УТЕБАЕВТЫ шақырды, ол «Мерседес-190» маркілі мемлекеттік белгісі Е505 сериялы автокөлігімен келді. Мен жігіттерден екі, үш күннен кейін не болғанын білмек болғанымда, «не істейсің оны, бәрі жақсы» деді. Кейін полиция қайда болғанымды сұрағанда, мен үйде болдым дегесін, жарты сағаттан соң босатып қоя берді. Мен Исмуханов Дамирге барып, енді полиция шақырса бармайтынымды айтқанда, «Атырауда Қайрат пен Азамат екеуі жатқан жалдамалы пәтерге бара тұр» деді. Атырауда бір апта болып, Алматыға кететінімді айтқанда Дамир 200 мың теңге ақша берді. Алматыда 20 күн болып, Мақатқа қайтып келгеннен кейін үйімді сатып, отбасымды алып Ақтөбеге кетіп қалдым. Осы оқиғадан соң Дамирге не үшін Бақтыбайды алдыртқанын сұрағанымда, ол былай деп жауап берді: «Ол өзінің балдызы Самат Абдоллов екеуі Атыраудағы Алмагүл мөлтек ауданындағы құрылысы жүріп жатқан коттеджден шығып келе жатқанда Арман Құлбаев, Бақтыбай Базаров және тағы үш жігіт «Калашников» және шолақ мылтықпен оқ жаудырғанын, аяғына бір оқ тигенін, атқандар кім екенін Бақтыбай біледі деп алдыртқанын» айтты.

Негізі Мақат поселкесінде екі топ болды, оның бірін Дамир  Исмуханов, ал екіншісін Арман Құлбаев басқарды. Талғат Утебаевтың көлігіне мінгеннен кейін Бақтыбайды көрген емеспін.

 

БАҚТЫБАЙМЕН КІМ ҚАЛДЫ

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Дамир Мұқашұлы ИСМУХАНОВ– 1968 жылдың 21 қыркүйегінде Мақат ауданында туылған. Екі рет сотталған: 1986 жылы ҚазССР ҚК-нің 93 бабы (қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) бойынша бес жылға және 1993 жылы ҚазССР ҚК-нің 78 бабы (Қылмыстық жолмен табылған бөтен мүлікті сатып алу немесе сату) бойынша бір жылға. Жеке кәсіпкер, үйленген, Қылмыс әлемінде «авторитет» деген атаққа ие, «Қабан» деген лақап аты бар.. Мәлімет «Арнайы есептер» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бойынша алынды.

Қайрат Утебаевтың берген түсініктемесінен:

«Талғат Утебаев - менің ағам. Оның машинасы Атырауға бет алды, жолшыбай Самат Бақтыбайдан «Дакеңді кім атты» деумен болды, ол кім екенін білмейтінін айтты. Бізді «Мақат-Атырау» тас жолының бойында орналасқан «Оңай Ата» зиратынан асып, жол айрығына бұрылатын жерде «ВАЗ-2108» мемлекеттік белгісі Е101 көлігімен Самат Абдоллов күтіп алды. Саматтың қасында Жеңіс Биғалиевтің ағасы Марат ИСМЕКОВ болды. Көлік жолсызбен далалыққа барып тоқтады. Самат пен Марат Бақтыбайды машинадан шығарып алып, бөлек сөйлесті. Бірақ олар айтпай жатыр деп, келіп кетті. Біз кететінімізді айтқасын, Марат «Сендер Атырауға кете беріңдер, брат өзі келіп сөйлеседі» деді. Біз кетіп қалдық, Бақтыбайдың қасында тек қана М. Исмеков қалып қойды. Біздің Атыраудағы жалдамалы пәтерімізге түн ішінде Исмуханов пен Исмеков келіп, «айтпай жатыр» деді. Мазалана бергесін Самат Амандаулетов екеумізге 2007 жылдың 5 ақпанына Астанаға ұшаққа билет алып берді. Онда бірнеше күн болғаннан кейін біз Атырауға қайтып келдік».

 

ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП

Бақтыбайдың ағасы мен жұбайы сот залындаБақтыбайдың ағасы мен апасы сот залында- Менің інім 2007 жылы 3 ақпан күні жоғалып кетті. Мақат аудандық ІІБ-іне сол күні арыз түсірдім, алайда іс бірнеше жыл қозғаусыз қалып қойды, тек 2013 жылы ғана қайтадан жанданды. Топқа бөліну, қылмыстық әрекеттер, адам өлтіру бұдан 16 жыл бұрын орын ала бастады. Ескі Мақаттың басшысы А. Құлбаев төртінші ауылды басқаратын Дамир Исмухановпен қастасып, бір-біріне қарсы шығып жүрді. Мақатта жүру қорқынышты болатын, - дейді Берікбол Базаров. 

Ағайынды Рысқалиевтер биліктен түсірілген соң және оларға іздеу жарияланғаннан кейін Бақтыбай Базаровты ұрлап кету фактісі бойынша қылмыстық іс орнынан қозғалды, күдікті бес азамат қамауға алынды. Іс сотқа жолданды. Үкім болса, белгілі. 

- Бақтыбай Базаровтың қайда екені әлі күнге белгісіз болып тұр. Сотталушылар  білмейміз деп бастарын алып қашуда. Осы іске қатысты Дамир Исмуханов пен Марат Исмековке іздеу жарияланған, - деп мәлімдеді Мақат ауданы прокурорының орынбасары Досбол БАҒЫТЖАНОВ.  

 

ТҮЙІН

Бақтыбайдың жары Гүлім қазір екі ұл, бір қызын тәрбиелеп отыр. Әкесі ұрланғаннан кейін 11 күн өткен соң дүниеге келген Қуанышбектің жасы биыл жетіге толады. Бақтыбайдың әке-шешесі ұлдары аман келер деген үмітпен осылай атаған екен. «Біз Бақтыбай бір келер деп, есікке елеңдеумен күнімізді өткізудеміз. Үмітімізді үзбейміз» дейді қарттар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

30 желтоқсан 2013, 11:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.