Атырау, 9 мамыр 15:46
 ашықВ Атырау +11
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Халық қазынасы

12 417 просмотра

6 желтоқсан күні облыстық халық шығармашылығы орталығында «Халық өнері – асыл қазына» қолөнер шеберлерінің облыстық байқауы өтті.

 

АНАДАН ДАРЫҒАН ӨНЕР

Қазылар құрамына белгілі суретші әрі модельер Гүлмаржан МАХАМБЕТ, суретші Исім АРЫСТАНОВ және ағаштан түйін түйген шебер Нұрсұлтан ҚАЛИЕВ енді.  Байқаудың шарты бойынша қатысушылар 1 сағат 30 минут ішінде қазылардың көз алдында қолөнер туындыларын жасап шығарып, оны сипаттап түсіндіруі тиіс болатын.

Көпшіліктің есінде ертеректе әжелердің алаша тоқып отыратындары әлі де бар шығар. Құрманғазылық Надя ЖАМЕЛОВА жерге құрылған алаша тоқитын станогына жайғасқан. Түрлі-түсті жіптер соңында әдемі геометриялық пішіндер қалдырып, алаша пайда бола бастады.

– Мен Құрманғазы ауданының Ақкөл селосында технология пәнінен сабақ беремін. 32 жыл ұстаздық өтілім бар. Осындай алашаларды анам тоқитын, 5-сыныптан бастап өзім де қызығушылық білдіріп, тоқи бастадым, - дейді Надя апай. -Анам өте шебер жан, маған киіз басып, кесте төгуді де үйретті. Қазір сабақтарымда өзімнің бар білгенімді оқушыларыма үйретіп жатырмын.

Оныңайтуынша, алаша тоқу үшін алдымен жүнді 2 тіндеп иіріп, жіпке айналғасын, оны бояу қосып, қазанға қайнатады, кейін жіпті мұқият кептіріп, тоқуға қолданады. Мұндай алашаларды тоқу үшін шуда немесе ешкі жүні қолданылған.

Ал махамбеттік жас ұстаз Нұрсейіт ЖӘНІБЕК қарағай мен жөке ағаштарынан неше түрлі композициялар жасайды. Индерлік Қанат АЙДАРХАНОВТЫҢ мүйізден жасаған балықтары мен ағаштан ойған «Қобыз-аққу» композициясы ерекше назар аудартты. Сиырдың мүйізін айқастыра отырып, кәдесыйға арналған балықтар жасаса, «Қобыз-аққуы» алдынан қарағанда қобызға, ал жанынан қарағанда қанатын қаққан аққуға ұқсайды.

Қатысушылардың ішіндегі жасы үлкен апай махамбеттік Райхан ҚАБДИКАРИМОВА жастайынан қолөнер шебері атанған. Кеңес кезінде де еңбегі еленіп, талай мақтау грамоталарын иеленген. Қазір 67 жасқа толған апай 10 бала дүниеге әкеліп, 8 келін көріп, немерелердің қызығына бөленіп отыр.

Келіндеріме бар білгенімді үйретіп жатырмын. Адамға керек бар нәрсені тіге аламын, текемет пен киіз де басамын, - дейді апай.

 

ТОРСЫҚ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?

Сонымен қатар біздің назарымызды мал сүйектерінен жасалған түрлі композициялар аударды. Жауырын, жамбас, омыртқалардан жасалған «Қобыз», «Тіл мен көз» секілді бұйымдарды исатайлық 24 жасар Жанна МӘЛІМҚОЖА өз қолынан жасаған.

Құрманғазылық шебер Талғат ЖҰМАЛИЕВ аудан орталығындағы музейде суретші болып қызмет атқарады екен. Атасынан, әкесінен үйренген ағашты ою ісі оның қазіргі уақытта табысына да айналған. Оның қолынан шыққан шағын журнал үстелдері, фото рамалары, қабырғаға ілетін әдемі ағаштан жасалған картиналар көздің жауын алады. Қазіргі уақытта да оның үстелдері үлкен сұранысқа ие екен.

Құлсарылық Қуаныш ШАЛАБАЕВ қазақтың ұлттық ыдысы торсықтыжасап шығарды.

– Қазіргі уақытта торсықтар тек кәдесый ретінде ғана танымал, негізінен ол қымыз, шұбат, сусындар құйылатын ежелгі ыдыс. Ертеде ата-бабаларымыз ұзақ жолға шыққан кезде осы торсықтарын байлап алатын. Торсықты жасау үшін алдымен теріні тұздап, бір апта уақыт қоямыз. Кейін ол қошқыл қоңыр түске енеді, содан кейін оны жүнінен тазартып, алдын ала эскиз бойынша қиып алып, екі бөлік теріні тарамыспен немесе шудамен беттестіріп тігеміз. Кейін пішінін келтіру үшін ішін құмға толтырамыз, сыртына батырма әдісі (тиснение) арқылы түрлі ою-өрнектер бедерлейміз, - дейді Қуаныш.- Содан соң торсығымыз әбден қатайып, сірленуі тиіс. Егер ыдыс ретінде пайдаланғымыз келсе, ішін тұз қосылған сары маймен немесе жылқы майымен майлап, ысқа ұстаймыз, сол кезде ол қызғылт немесе қоңыр түске енеді. Міне, осы торсыққа айран құямыз, қою айран тігілген жіп араларына сіңіп, сұйықтық төгілмейтіндей етеді. Ал егер кәдесый ретінде пайдаланатын болсақ, онда майлаудың қажеті жоқ.

Қуаныш қазіргі кезде Құлсарыдағы мәдениет үйінде қоюшы-суретші қызметін атқарып жүр. Жерлесі Серік МӘТЕНИЯЗОВТАН көп нәрсе үйренгенін де жасырмады.

Сонымен, байқау қорытындысымен «ағаш, мүйіз, саз-балшық, металл, зергерлік өнер» номинациясы бойынша 1-орынды Жанна МӘЛІМҚОЖА, 2-орынды Талғат ЖҰМАЛИЕВ, ал 3-орынды Қанат АЙДАРХАНОВ иеленді. «Тоқыма, шілтер, кесте, ою» номинациясында 1-орын Надя Жамеловаға, 2-орын Жанар ӘБУОВАҒА, 3-орын Алтын ҚАБДЫКАРИМГЕ бұйырды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

12 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.