Атырау, 28 сәуір 19:29
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Облыс әкімі де түнде жайсыз ұйықтайды екен

3 457 просмотра

Облыстық әкімдікте болған жиналыста облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ экология департаментіне Атыраудағы түнгі зиянды шығарындылардың шығу тегін анықтаңдар деп тапсырма берді.

Облыс орталығында таза ауа қол жетпес қымбат дүниеге айналғалы қай заман. Тіпті жылы күндері де қалалықтар терезелерін ашпай, сплит жүйе тазалаған ауамен тыныстауды жөн көреді. Бұл қауіпсіздеу. Терезе сыртында қашанда жағымсыз иіс қолқаңды жарады: не қоқыс, не қамыс жанады, ал түнде қаланы әлсін-әлсін улы газ тұншықтырады.

- Маған түнгі екі-үштерде адамдар телефон шалып, иістен ұйықтау мүмкін емес деп шағым айтады. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтергенбіз. Бұл иіс қайдан шығатынын, бізді кімнің улап жатқанын анықтадыңыздар ма? - деді Б. Ізмұхамбетов Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ербол ҚУАНОВҚА.

- Біз бес кәсіпорынға тексеру жүргізіп жатырмыз және олардың үшеуінің қызметтері тоқтатылды, - деп жауап берді бас эколог.

- Өндірісті тоқтатып қою, әрине, оңай емес. Алайда өндіріс зиянды шығарындыларды тастап, адам денсаулығына зиян келтірмеуі керек. Мен мұның себептерін анықтап, жұмыстарын тоқтатыңдар деп үзілді-кесілді талап қоямын. Бұл үшін өзім жауап беремін! - деп сөзін қорытындылаған облыс әкімі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша комиссия құру тақырыбына көшті.

Комиссияның ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз ету жұмыстарын облыстық ТЖ департаменті атқаратын болады. Департамент бастығы Болатбек ОМАРОВТЫҢ айтуынша, қазіргі уақытта барлық білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлер қысқа дайын, 1 488 көппәтерлі үйлердің 921-іне жөндеу жүргізілді. Қысқы кезеңде төтенше жағдайларды жою үшін 158 арнайы техника бірліктері қарастырылса, республикалық мәндегі автокөлік трассаларының қарын тазалау үшін 19 арнайы көлік бекітілді. 4 жылу беру бекеті мен ЖЖМ қоры (90 тонна бензин, 130 тонна дизель), сондай-ақ 246 тонна техникалық тұз, 360 тонна құм дайындалды. Жергілікті мәндегі тас жолдарды тазалауға базасында 35 арнайы техника мен 100 тонна топырағы бар «АтырауИнжСтрой» ЖШС-ні тартамыз деп жоспарлануда. Қажет болған жағдайда зардап шегушілерді эвакуациялау үш тікұшақпен жүргізілетін болады.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің «Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары» ММ-нің бастығы Оралхан СТАМҒАЗИЕВ5 мыңнан астам халқы бар елді мекендерде кем дегенде 23 өрт сөндіру деполарын салу керектігін атап өтті. Олардың есептеуінше, әр депода 2 өрт сөндіру көлігіне арналған гараж, байланыс бекеті, оқу бөлімі, демалыс бөлмесі және т.б. болуы керек. Ал бұл шамамен 50 млн теңгеге шығады. Бүгінде Атырау облысы бойынша 12 өрт сөндіру бөлімі, 4 өрт сөндіру депосы бар және осы өрт сөндіру бөлімдерінің алтауына жөндеу жүргізу керек. Апатты-құтқару жұмыстары үшін арнайы «КУНГ» автокөлігі (бір машинаның құны – 17 млн теңге), сондай-ақ ТКШ үшін тал суаруға да, өрт сөндіруге де қолдануға болатын әмбебап техника керек.

Келе жатқан мерекелерге байланысты базарларда 10 желтоқсаннан бастап пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактілерін анықтау үшін ТЖ мен полицияның жоспарлы бірлескен рейді жүргізіледі.

Өрт-техникалық тексерулер ойын-сауық кешендерінде, мейрамханаларда, кафелер мен түнгі клубтарда жүргізілетін болады. Өткен жылы осындай шаралардың арқасында пиротехниканы қолдану салдарынан болатын бақытсыздық жағдайлары болған жоқ. Ойын-сауық мекемелерінің иелеріне ескерту: пиротехниканы қолданғысы келетін мәдени ойын-сауық іс-шараларды ұйымдастырушылар іс-шара өткізерден 10 күн бұрын міндетті түрде өтінім жіберулері қажет.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

9 желтоқсан 2013, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.