Атырау, 5 мамыр 09:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Тіл - адамның айнасы

15 722 просмотра

Бүгінгі таңда қоғамымызда қалыптасқан сөйлеу мәдениеті, тіл тазалығы қандай деңгейде? Осы проблемалар туралы жерлесіміз, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Абат ҚЫДЫРШАЕВПЕН сұхбаттастық.

«АЖ» анықтамасы: Абат Сатыбайұлы Қыдыршаев, 50 жаста, Гурьев облысы Теңіз ауданында туып-өскен. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профеcсоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Ресей Риторикалық қауымдастығының мүшесі, шешендіктану саласы бойынша көптеген ғылыми еңбектер мен монографиялардың авторы.

- Абеке, адамның мәдениеттілігі сөз саптауынан байқалатыны белгілі ғой. Кез келген адам шешен бола ала ма?

- Жалпы сөз сөйлеуді шебер меңгеруді қажет етпейтін мамандық жоқ. Іскер бизнесмен, мұғалім, заңгер, агроном, әлеуметтік сала қызметкерлері, саясаткер, менеджер, дін саласын уағыздаушы өз саласының шарықтау шегіне жеткісі келсе, сөйлеу өнерін жетік меңгеруі тиіс.

Шешен болу үшін тек туа біткен талант болу керек деген ұғым – бүгінгі таңда ақылға сыйымсыз, таяз ойлаудың айғағы. Халық айтады: «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың» деп. Ғұламаларайтады: «Ақынтуақалыптасады, шешенжүреқалыптасады» деп. Шындығында, шешендіктіәрбірсауаттыадаммеңгереалады. Бұл күрделі шеберлік білім мөлшерінің молдығын қажетсінуімен бірге өзіндік жеке тәжірибелер негізіндегі икем-дағдылармен де тығыз бірлікте сомдалады. Мәселен, жағада отырып суға түсушілерді бақылау арқылы суға жүзуді, малтуды үйрене алмайтынымыз сияқты, үнемі жүргізілетін тәжірибелер мен жаттығуларсыз шешендік дағдыларды бойға сіңіру мүмкін емес. Дұшпандары «адуын аңға» балаған Демосфеннің өзі алғашында аузына қиыршықтас салып сөйлеп, дауысын жүгіріп жетілдіріп, биік құзжартастарға өрмелеу үстінде өлең оқып шыңдаған. Ал қазақтың дүлдүл шешені Жиреншенің өзімен айтысатын жан жоқта басындағы бөркін қурай басына іліп қойып, сонымен таласқа түсетіндігі аңыз желісінен мәлім.

- Бүгінде сөйлеу мәдениетінің төмендеп кеткені еш жасырын емес. Біріміз екі тілде шұбарлап сөйлесек, жастарымыздың біразы бейәдеп сөздерге үйір. Тіл тазалығын қалай қалпына келтіреміз?

- Иә, өкінішке орай, бұл солай. Қарапайым халықты айтпағанның өзінде зиялымыз деп жүрген азаматтарымыздың арасында дұрыс сөз саптай алмайтындары бар. Қазіргі уақытта қоғамымызда сөйлеу мәдениеті, сөз тазалығы мәселесі өзекті болып тұр. Алысқа бармай-ақ, қоғамдық көлікке мінсеңіз, талай келеңсіздіктердің куәсі боласыз. Сөйлеу мәдениеті жиіркенішті деңгейде. Үнсіз құтыласыз. Кейде үндемегеннің өзі де үлкен жауап. Тіл мәдениетінің төмендеуі – қоғамның жүдеуі, азуы.

-Осы өзекті мәселені қалай шешуге болады?

- Ежелгі Римде, көне гректерде, араб, үнді, қытай жерлерінде риториканың басты пәндердің бірі ретінде жүргізілгендігі, соған сәйкес ғылыми оң көзқарастың қалыптасқандығы тарихта белгілі. Сол кездің өзінде кәсіби мамандарды сапалы даярлаудың шешен сөйлеумен тікелей байланыстылығына анық көздері жеткен. Ал бүгінде бұл мәселені шешу үшін, көз бояр, есептік шаралар емес, әлемдік ғылыми әдістемелерге сүйенген кешенді іс-шаралар керек.

Әлемдік тәжірибеден көріп отырғанымыздай, сөйлеу мәдениетін, шешендіктануды мамандарды дайындайтын жоғары және орта оқу орындарында, жалпы барлық деңгейде пән ретінде оқытуды мықтап қолға алу керек деп ойлаймын. Бұл ұрпақ алдындағы парызды ісіміз болмақ.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

21 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.