Атырау, 19 сәуір 10:37
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Гүлнара ТАУМАНОВА: «Азғыр мен Тайсойғанда генетиктер жұмыс істеуі тиіс»

4 785 просмотра

Реаниматолог-дәрігер, эколог, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнара ТАУМАНОВАНЫ (суретте) Азғыр өңірінің байырғы тұрғындары жақсы таниды. Ол 1991-1997 жылдары  азалы Азғыр полигонында Ресей ғалымдарынан құралған экспедиция құрамында ядролық сынақ зардаптарын зерттеп, сонда жұмыс істеді. Көптеген азғырлықтар радиацияның таралуы салдарынан түрлі ауруларға ұшырап, азап шекті. Олардың жан азабы мен тән азабы әлі күнге дейін оның көз алдында.

ӘРІПТЕСТЕРІ ҰМЫТҚАН ЖОҚ

Қазіргі уақытта Гүлнара Санкт-Петербург қаласындағы Әскери медициналық академияда штаттан тыс қызметкер болып жұмыс істейді. Ол Атыраудан сол академияның филиалы болатын медицина-экологиялық ғылыми-зерттеу орталығын ашқысы келеді. Санкт-Петербургтегі әріптестерінен рұқсат та алған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы да оны қоштап отыр. Бірақ, заңдастыруға келгенде проблемалар туындады. Біріншіден, азаматтығына байланысты (Ол Атырау қаласының тумасы, кезінде Ресей Федерациясының азаматтығын алған), екіншіден, ондай орталықты ашу үшін сертификат қажет, т.с.с.    

- Бұл орталық ядролық сынақтар зардабынан қиналып жүрген жандарға көмек көрсетуге, сонымен қатар генетикалық салдарларды барынша азайтуға мүмкіндік берер еді. Санкт-Петербургте 90-жылдары Азғыр мен Тайсойған полигондарында бірге зерттеу жұмыстарын атқарған ғалымдармен байланыс үзілген жоқ. Олар менімен қазір де бірлесіп жұмыс істеуге әзір. Бірақ, қағазбастылық қол байлап тұр, - дейді Г.Тауманова.

 

МАҚАТ СИНДРОМЫ

Атырау облысына баратын Ленинградтың дәрігерлері мен ғалымдарының алғашқы экспедициясын ол 1991 жылы ұйымдастырды. Өйткені, ол 1990 жылы Ленинград мемлекеттік университетінде Солтүстік-Шығыс Каспий маңы аумағындағы қоршаған ортаның халық денсаулығына әсері туралы диплом тақырыбын үздік қорғап шығып, оны әрі қарай ғылыми еңбегіне арқау етті. Бұл тақырыпқа да кездейсоқ келген жоқ. 

1977 жылы Гүлнара Алматы мемлекеттік медицина институтын (АММИ), қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін педиатрия факультеті бойынша тәмамдап, өзінің балалық шағы өткен жері - Мақат ауданында бес жыл еңбек етеді.

- Мақат аудандық ауруханасында жұмыс істеп жүрген кезімде жұмбақ күйде қайтыс болған адамдарды көп көретінмін. Тұрғындардың бәрінің дерлік денсаулықтары нашар, қандары бұзылған, анемиямен ауыратын. Күні кеше көрген балпанақтай балалар ауырмай-ақ қайтыс болып кететін жайттар көп орын алып жатты. Медбикелер «кеше ғана қаралып кеткен сау балалар ғой» деп көз жастарын әр кабинеттің бұрышына барып сығып алатын, -деп еске алады Г.Тауманова. – Дәл соған ұқсас жағдайлар Жылыой ауданында да (бұрынғы атауы Ембі болған) орын алып жатты.

Ол жанын мазалаған бұл жұмбақ өлімдер туралы АММИ-дің екі жыл ординатурасын оқып бітірген соң да ұмытқан жоқ. Кейін Қазақ ғылыми-зерттеу педиатрия институтының реанимация бөліміне жұмысқа тұрып, Санкт-Петербургтағы Ресей медициналық дипломнан кейінгі білім беру Академиясында оқыды.Осылайша Ресейдің солтүстігінде профессорлармен кездесуде Тауманова мұнайлы аудандардағы адамдардың кенеттен қайтыс болу себебін білгісі келетінін жеткізеді. Сол кезде профессор Григорий НОВИКОВ оны қолдап, зерттеу барысында бір ауданмен шектеліп қалуға болмайтынын айтты.  «Бастысы, жұмысқа кіріспес бұрын экология мамандығын меңгеруіңіз керек, әйтпесе, сізге сол жердің топырағын, ауасын, суын халқының денсаулығымен байланыстырып зерттеу қиын болады, - деп кеңесін берді профессор.- Ал зерттеу нысаны етіп бір мұнайлы аудан мен салыстыру үшін ауыл шаруашылығымен айналысып отырған бір мұнай өндірмейтін ауданды таңдап алыңыз».

 

МІНЕ ҚҰПИЯ ҚАЙДА ЖАТЫР: ПОЛИГОНДАР!

Осылайша Алматыны қимай қоштасқан Тауманова жалындап тұрған жастық шағында ғылыми жұмысы үшін Атырауға қайта оралады. Сол кезде Құлсарыда «Теңізнефтегаз» өндірістік бірлестігі ашылып жатқан болатын. Жас ғалымның келуін күтіп отырғандай, оның жанынан алғашқы медициналық санитарлық бөлімі ашылып, Тауманова сондағы токсикореанимация бөліміне жұмысқа орналасады. Жұмысын қатар алып жүріп, Ленинград мемлекеттік университетінде эколог мамандығы бойынша білім алады. Құрманғазы, Жылыой және Қызылқоға аудандары тұрғындарының денсаулығын зерттеп, дипломдық жұмысын үздік қорғап шығады. Бірақ, дипломдық жетекшісі - профессор Томас ПЕТРОВ екеуін бір кереғар жайтқа қатысты сұрақ мазалайды:

- Себебі, біз денсаулық жағдайының көрсеткіші мүлдем төмен болады деп күткен мұнайлы аудан – Жылыойға қарағанда, мал бағып, «таза ауада» күнелтіп отырған Құрманғазы мен Қызылқоға аудандары халқының денсаулығы өте нашар болып шықты! Біз осыған түсінбей қойдық. Кейін бір жылдан соң 1991 жылы Горбачевтің жариялылық саясаты басталып, Азғыр мен Тайсойғандағы полигон туралы ашық айтылды. Сол кезде мен дипломдық жетекшім Томас Георгиевичке телефон соғып, жұмбақтың сыры ашылғанын хабарладым. Ал ол мені құттықтап, аспирантураға оқуға шақырды, - дейді Тауманова.

Азғыр полигоныАзғыр полигоны

ЕКІ ЭКСПЕДИЦИЯ

1991 жылы сол кездегі Атырау обкомының бірінші хатшысы Ғазиз АЛДАМЖАРОВ Азғыр өңірін зерттеу үшін бюджеттен 500 мың рубль бөліп, Ленинградтың ғалымдарымен 5 жылға келісімшартқа отырды. Тауманова аспирантураға оқуға түсіп, араға көп уақыт салмай Азғырға келіп тұрды. Экспедиция құрамында жұмыс істеп жүріп, ғылыми еңбегіне материал жинады. Алайда, Одақ ыдырап, бөлінген қаржының көк тиын құны болмай қалды.

- Десек те, біз 1992 жылы жергілікті тұрғындардың денсаулығынан сүйектегі кальцийдің орнын стронций-90, қандағы сутегінің орнын тритий-3 (ауыр сутегі), бұлшық еттегі, әсіресе жүрек бұлшық етінің құрамындағы калийдің орнын цезий-137 басқанын анықтадық. Бұл радиоактивті элементтер адам ағзасына өте қауіпті. Олар сүйектің сынғыштығына, қанның қоюлануына, жүрек етінің әлсіреуіне алып келеді және ісік ауруын қоздыруға ықпал етеді. Ал ақша мүлдем таусылғасын, біздің экспедиция кейін қайтуға мәжбүр болды,- дейді Тауманова.

Екінші экспедиция біраз үзілістен соң 1997 жылы басталды. Бұл жолы Азғырға Приморье оңалту орталығының ғалымдары келді. 

- 1997 жылы өзім бастамашы болып, облыстың экология департаментінің басшысы Юрий ВИКУЛОВҚА жұмысты қайта қолға алу керектігін айттым. Ол қолдады, ақша бөлді. Біз сол кезде де ғылымның соңғы мүмкіндіктерін пайдаланып, ХимФармАкадемиямен бірлесе отырып, осы өңірде тұратын адамдардың қанын және басқа да биологиялық материалдарын тексеріп, емдедік, реабилитация жүргіздік. Науқастарға қанды тазалап жіберетін, одан кейін ісік ауруларына қарсы тұратын дәрілер бердік, - дейді Тауманова. - Азғыр тұрғындарының төрт ұрпағын медициналық тексеруден өткіздік. Көз алдымызда кілең сүйегі сынғыш, қандары ағарып кеткен, бір қолы, бір аяғы жоқ балалар дүниеге келіп жатты. Азғырлықтардың біразы Ресейдің Харабали деген жеріне көшіп кетіп жатты. Үлкендері «мұнда енді қайтып келме, қаладан жұмыс тап» деп, балаларын барынша Азғырдан алыстатып, өздері жылап қоштасып, амалсыздан қалып қоятын. Қатты қиналды... бәрін көзім көрді.

 

ҚАНША УАҚЫТ ӨТСЕ ДЕ, ӘЛІ ӨЗЕКТІ

Оның айтуынша, адамдарға аса қауіпті химиялық элементтерге үйрену үшін мыңдаған жыл керек. Ал стронций, цезий, тритий секілді радиоактивті заттардың жартылай ыдырау уақыты шамамен 30 жылды құрайды. Бұл уақыт ішінде олар адам ағзасын әбден бүлдіреді. Оның ішінде кездесіп отырған аса қауіпті ауру түрлері - лейкемия мен мутация. Ал ең қорқыныштысы, радиоактивті сәулелердің мутагендік әсері ұрпақтан-ұрпаққа беріле береді:

-Әскери полигонның жабылғанына 30 жылдан асса да, Азғыр тұрғындары әлі күнге дейін оның зардабын тартып келеді. Ядролық сынақтар ондаған жылдар өтсе де, олардың  ұрпақтарын мазалайды, әлі күнге дейін дүниеге мутант сәбилер келеді. Экспедицияның үшінші кезеңінде онда білікті генетик-ғалымдар жұмыс істеуі тиіс еді. Бірақ, өкінішке орай бізге үшінші кезеңге ақша бөлінбей қалды. Ал Азғыр полигоны  азғырлықтарға ғана кері әсерін тигізіп қоймайтыны белгілі.   

2002 жылдары Атырау мен Құлсары қалалары және Мақат аудандарының тұрғындарын диагностикалық зерттеуден өткізіп, халықтың 100 пайызынан бүйрек патологиясының жабық түрін, ал сұйық дәретінен 70 пайыз сынап шығып жатқанын анықтады. 

- Мен Атыраудағы өңірлік патологияны зерттедім. Сол кезде облыста Атырау халқының бүйрек жұмысының төмендігіне көзім жетті. Бұл қан қысымының жоғарылауына алып келеді. Ал сынап жүрген жерде радиация қатар жүреді, - дейді Тауманова. – Зерттеушілер мен медиктерге қарап тұрған жұмыстар өте көп. Міне, сол себепті де мен осында арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашу мүмкін болады деп үміттенемін.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

10 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.