Жарты жылдан бері «Атырау.Маленькая страна» итбегілер клубының директоры Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ аутизмге, психикалық дамуы кешеуілдеген және балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды төрт аяқты достардың көмегімен емдеу тәжірибесін белсенді түрде енгізуде.
БАЛАЛАР ӨЗГЕ КҮЙДІ КЕШЕДІ
Мұндай орталықты құру идеясы кездейсоқ туындаған жоқ: бір жыл бұрын қарағандылық медиктер балалардың туа бітті церебралды сал ауруына шалдыққан 9 жасар Арманның аяғынан тік тұруына оның сүйікті төбетінің көмектескенін ресми түрде тіркеген болатын. Бұған дейін балақай өздігінен аяғына тұрмақ түгілі, мүлдем қозғала да алмайтын. Қазір ол арнайы емес, қарапайым мектепте оқиды. Өзін құрдастарының арасында жақсы сезінеді.
Иттер мұндай балаларға қалай көмектеседі? Медициналық білімі бар Е. Күмісқалиевтің айтуынша, төрт аяқты достарының қасында балалар анағұрлым жайбарақат, өздерін жатсынбай, еркін сезінеді екен. Иттер ұзаққа созылған торығудан және психикалық даму проблемасынан құтылуға көмектесетін көрінеді.
– Сіз өз сабақтарыңызды тегін өткізесіз. Бірақ мұнымен бизнес жасауға болады ғой, солай емес пе?
– Мен бұл тұрғыда принципшіл жанмын. Ата-аналардан ешқашан ешқандай ақы алмаймын. Одан да осы ақшаға балаларына дәрумендер сатып әперсін... Әр адамда көп нәрселерді басқаша ойлауға мәжбүр ететін сәттер болатын шығар. Менің өмірімде де осындай ауыр кездер болды, содан кейін жақсылық жасап өмір сүремін деп өзіме сөз бердім.
Түрлі медицина орталықтарында бола жүріп (кешірім сұраймын, не үшін болғанымды айтқым келмейді), көптеген науқастарды, соның ішінде балаларды көрдім. Әрине, қатерлі ісікке және басқа да емделмейтін сырқаттарға шалдыққан балаларды емдей алмайсың, бірақ қалған өмірінде оларға қуаныш, күлкі сыйлап, адаммен бірге қапаланып, бірге жақсы көре алатын мақұлық - иттермен араласуға мүмкіндік беруге болады. Ал балалардың церебралды сал ауруына, аутизмге, Даун синдромына шалдыққан балалар басқа әлемнің есігін аша алады. Осы мақсатта мен өзімнің екі лабрадорымды канистерапияға қатыстырдым. Менің иттерім балалармен қуана-қуана араласады, балалар да дән риза.
Бір жарым жастағы Әмирханның анасы Юлия ОРАЗАЛИЕВА былай деп әңгімелейді:
– Бағымызға қарай, біздің айтарлықтай сырқатымыз жоқ. Ұлым гипербелсенді бала. Маған онымен отыру қиын болатын, оның үстіне мінезінде де қиындықтар болды. Жиі қыңырланып, есіретін. Кейде оны жұбату мүмкін болмайды. Жақында канистерапия сабақтарына қатыса бастадық. Оң өзгерістер байқалады. Тіпті иттердің қасында бір ғимараттың ішінде болғанның өзінде Әмирхан анағұрлым сабырлы қалыпқа түседі.
Сабақ кезінде аутизммен, дамуы кешеуілдеген, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды жиі көремін. Олардың өздерінің өзгеше әлемінде өмір сүретінін, бірақ осы екі керемет итті көргенде басқаша күйге енетінін байқап жүрмін. Иттер бала мен оны қоршаған адамдардың арасын жалғаушы дәнекер секілді. Бұл балақайлардың қалай қуанғанын көрудің өзі бір ғанибет. Сәбилерінің жүздерінен күлкі көргенде көптеген ата-аналардың қуаныштан көздеріне жас толады.
БӘРІМІЗ ДЕ ТЫРЫСАМЫЗ
– Ерлан, иттің қандай тұқымы канистерапияға қатыса алады?
– Бәрі тұқымға байланысты емес, иттің темпераменті мен мінез-құлқына байланысты болады. Өз басым әзірге тек лабрадорлармен ғана жұмыс істеп жүрмін, өйткені бұл адамға қарсы агрессия гені жоқ жалғыз тұқым. Менің төбеттерім - ағайынды Федя мен Форбс балаларды қатты жақсы көреді. Кейде олар бәрін түсінетіндей көрінеді, сондықтан да өте шыдамды және қандай жағдайда да ызақорлық танытпай, тек мейірімділікке бөлейтін секілді.
– Сабақтар қайда өтеді? Сізге қалай жазылуға болады?
– Өкінішке орай, менің орынжайым жоқ. Қалалық билікке әлденеше рет хабарластым, мені қабылдап, ең болмаса сөзімді тыңдаса деп өтіндім. Бірақ онымнан түк шықпады. Сіздердің жарияланымдарыңыздан кейін елең етіп, қол ұшын берер, қабылдар деп үміттенемін. Өйткені ғимаратқа байланысты проблема өте өзекті болып отыр. Қазіргі кезде бізді «Тамаша» сауда орталығы паналатып отыр. Басшылығының рұқсатымен жарақталмаған орынжайлардың бірінде сабақ өткіземіз. Бірақ көбінесе мені шақыратын жандарға өзім барамын. Қазір менде барлығы 30 бала бар. Кейбіреуімен, мәселен, кішкентай Емирханмен жеке айналысамын, басқаларына топпен бірге жақсы болады.
– Сабақ кезінде не болады?
– Алдымен таныстық басталады: ит қашықта тұрады. Сәби қаншалықты жақындап барғысы келетінін өзі шешеді. Терапияның жоғарғы нүктесі сәбидің итпен еркін байланысқа түсуіне толықтай дайын болатын кезі. Кейбір сәбилерге бұл да қиынға түсіп жатады. Мен де, ата-аналар да, лабрадорлардың өздері де сәбидің осы қашықтықтан жеңілірек өтуі үшін еш қысымсыз, еш мәжбүрлеусіз барымызды саламыз. Иттер туралы, бұл иттің қандай мейірімді, керемет екенін әңгімелейміз. Аяқтарын, құйрығын, құлақтары мен мұрынын көрсетеміз. Менің иттерім бұған түсіністікпен қарайды, бүкіл процедура кезінде сәбимен байланысқа түсуге тырысады, өзінің ықыласын еппен білдіреді. Олар өте ақылды. Қорқынышы әуестікке ұласқан кезде біз төрт аяқты досының үстін тарауды, ас қасықпен тамақ беруді, қарғы бауымен серуендетуді өтінеміз... Сабақтардың барлығы ата-аналардың және әлеуметтік педагогтың қатысуымен өтеді. Сонымен қатар бізде ветеринарлық санитария маманы да бар. Ол иттің денсаулығына бақылау жасайды. Жалпы, мұнымен айналыспас бұрын өзім ұзақ, ыждағаттықпен дайындалдым. Балалар оңалту орталығының педагогтарымен байланыс орнаттым, олардан кеңес алдым. Оңалтудан өткен балалар, сонымен қатар ғылыми еңбектер мен әдістемелер канистерапияның дәлелі болады. Алайда канистерапияның тек өзі пайда әкелмейтінін ескеру қажет. Ол басқа процедуралармен қатар жүруі тиіс. Бұл - үлкен тізбектің бір буыны. Егер біз, ең болмағанда, бір сәбиге көмектескен болсақ, егер оған бір сәттің өзі жақсы әсер қалдырса, мұның өзі - үлкен іс.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Канистерапия (латын тілінде «canis» – ит, «therapeia» – емдеу) арнайы үйретілген иттердің көмегімен адамдарды емдеу және оңалту. Әлеуметтік мінез-құлықтары жоғарғы деңгейде болғандықтан, иттер адамға ұқсас кейбір қасиеттерге: сезімге, өз әсерін әрекеттерімен, дыбыспен, мимикамен білдіру қабілетіне, адамның қарым-қатынас ынтасына әрекет ету қасиеттеріне ие. Канистерапия ақыл-ой және сезім қабілеттерін дамытуға, қозғалыс қызметі мен қозғалыс белсенділігін жақсартуға көмектесетін психотерапиялық әдістеме ретінде жиі қолданылады.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суреттер Ерлан Күмісқалиевтың жеке мұрағатынан алынды.