
6 сәуір күні Жылыой ауданында таңертең басталған жауын шамамен 22.00-де саябырсыды.
- Апатты жағдайдағы екі қабатты үй тұрғындарымыз. Шатырдан су кетіп жатыр, үйдегі ыдыстарды жағалай қойып қойғанбыз. Су сарылдап ағып жатыр, ток көзін қуалағасын, амалсыз сақтық үшін ажыратып жатырмыз. Үйде отыратын жер қалмады, - деп шырылдады Газпром тұрғындары.
Сайға жақын орналасқан "Автожолшылар" ықшам ауданы және көпқабатты үйлер маңы суға толған. Аяқ басар жер қалмаған, көлкіген су көше бойын жайлаған.

- Түнге қарай жаңбыр саябырсып тоқтады. Жауын-шашын көп түсті. Қаланың қауіпті деген 16 нүктесі тазартылды. 20 шақты ваккум іске қосылған. Жұмыс түнімен жасалып, сағатпен санаспай жатырмыз. Қалай етсе де қаланы жауын суынан тазартуға күш салдық. 371 рейс, яғни 3710 текше метр су арнайы орынға шығарылды, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат САРМАНОВ.
Ал аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара ТАҢАТАРОВА мектеп пен балабақшаның қалыпты жұмыс жасап жатқанын айтты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА