Біз алдыңғы жарияланымдарымызда бір топ мүгедектердің қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВАНЫҢ үстінен қаржы полициясына шағымданғаны жөнінде жазған болатынбыз (№31 «АЖ» 01.08.13 ж., «Әуреге салған әлеуметшілер» мақаласын қараңыз). Естеріңізге салсақ, сол күні арбаға таңылғандар мен көздері ғаріп мүгедектерді басшының өзі кездесуге шақырған, алайда зағип жандар кабинеті алдында 6 сағат күтсе де, Хабиева келмеген. Қаржы полициясы тергеу алды тексеруді бастады.
ҰСТАТПАЙТЫН ХАБИЕВА
Хабиева және осы бөлімнің бас есепшісі шақыртумен Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес департаменті қызметкерлері алдарына барып үлгеріпті. Ал 8 тамызда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қаржы полициясының өкілі келді. Алайда, басшының орнын сипап қалды. Шенеунік ханым тағы да жоғалып кетті.
Нұрлы ХабиеваОл аз дегендей, екі есепшінің орны да босап қалыпты – екеуі де сол күні аяқ астынан ауырып, денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткен.
Осылайша, тағы да мәселе ашық күйінде қалды. Қаржы полициясының бөлімге келетіні ешкімге құпия болмаса керек, ол келгенше мекеме ішінде өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алу үшін осы тексеруді ұйымдастыруға мұрындық болған он-он бес мүгедек жиналып қалған екен.
Ұстатпайтын шенеуніктің ғайыптан жоқ болу сиқырынан шаршаған мүгедектер өштерін өздері сияқты жарымжан – тірек-қозғалыс органдары бойынша мүгедек, «Шуақ» мүгедектер қоғамы» ҚБ-нің жетекшісі Яда КАБАКАНОВАДАН алды. Бұл бірлестік үстіміздегі жылдың сәуірінен бастап мүгедектердің жеке көмекшілерінің жалақысын берумен айналысады. Дәл осы жалақы мөлшері мен оны беру негіздемесі мемлекеттік мекеме мен мүгедектер арасындағы даудың басты себебі болды. Қағаз жүзінде осы «Шуақ» ақшаларды кешіктіріп, мүгедектер тапсырған табельдер сағатын (мүгедектер көмекшілерімен бірге қайда барды, қанша уақыт бірге болғаны көрсетілетін табель) қысқартқан. «Шуақтың» осылай жасауына не итермелегенін анықтау тағы да мүмкін болмады – барлық жауапты тұлғалар «бетпе бет келуден» тағы да сытылып кетті.
ДАУЛЫ ТАБЕЛЬДЕР
Тамыздың алғашқы онкүндігінде қаржы полициясының араласуымен бе, әлде жұлдыздар себепші болды ма, «Шуаққа» маусым айының ақшасы түсіпті және ол мүгедек көмекшілеріне жалақы бере бастады. Алайда төленетін сағат саны едәуір төмендетілген екен.
Қағаз жүзінде тағы да «Шуақ» кінәлі, ал іс жүзінде олай емес, алайда Кабаканова мұны дәлелдей алмайды – «қысқарту» туралы өкім ауызша берілген:
- Біз орындалған жұмыс актілері мен шот-фактураларды үш рет тапсырдық, - дейді Кабаканова. – Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «көп, қысқартыңдар!» деп қайтара берді.
5,1 млн теңгеден 4,6 млн теңгеге дейін саудаласып түсірді. Ұсынылған табельдерге сәйкес (жоғарыдан түзетулер енгізгеннен кейін), мүгедектер көмекшілеріне 9,9 мыңнан 34 мыңға дейінгі (табыс салығын алып тастағанда) мөлшерде жалақы төленді.
Бұл жерде мүгедектердің өз көмекшілерінің жалақысын беруде сағат санауды алып тастап, барлық көмекшілер үшін ортақ бірыңғай мөлшерлеме тағайындауды ұсынатындарын айтып өткен жөн. Бұл мүгедектердің көмекшілерімен бірге барған жерлерінен қол мен мөр соқтыруды қажет ететін, осы адамды жер еткен табельден құтылуға мүмкіндік жасар еді. Бір күлкілісі – шаштараз немесе аяқ киім жөндеу шебері өз қызметтерін еш нәрсемен растап қол қоя алмайды, ал «дәптерге қол қойып бере қойыңызшы» деп жалына сұрай беру мүгедектердің ар-намысына тиеді.
Сәуірде мүгедектердің наразылықтары мен ашық акцияларынан кейін ұйымдастырылған салалық мекемелермен кездесуде (Хабиева мұнда да келмеді) бөлім бастығының орынбасары Қатима ЕСҚАЛИЕВА осы талаптарды салалық министрлікке ұсынамыз деп сөз берген еді. Ол, сондай-ақ, «осы айдың аяғына дейін жұмыс уақытын есептеу табелін орындалған жұмыс актісіне ауыстыру мәселесі шешіледі» деген болатын. Орынбасар табель толтыру мен мөр соқтыруды алып тастаған Алматыны мысал ретінде келтірген еді. Арада үш-төрт ай өтіп, күнтізбеде тамыз тұрса да, ешқандай өзгеріс болған жоқ.
Ал енді негізгі мәселеге көшейік. Қаржы полициясы департаментінің деректері бойынша, заңда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі белгілеген түрдегі «табель» түсінігі жоқ. Сондай-ақ, мекеме қабырғасында қаржы полициясының өкілі хабарлағандай, табельдердегі сағаттарды қысқартулары да заңсыз. Алайда барлық жағдайларда емес, мысалы, той-садақаларды табельге енгізуге болмайды. Өйткені бұл шаралар бос уақыттар түсінігіне енгізілген, ал «бос уақытты өткізу, демалыс, тауарлар мен қызметтерді сатып алу» тармақтары үкіметтің 2009 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен қолданыстағы әлеуметтік қызметтер көрсету ережесінен алынып тасталды.
Тергеуге дейінгі тексеруге 2 айға дейін уақыт беріледі, осы уақыт аяқталғаннан кейін қаржы полициясы тексеру материалдарын прокуратураға тапсыруы керек. Қадағалау органының араласуы табельдер туралы мәселені шешеді деп үміттенеміз.
АЛҚЫМНАН АЛУ
Дегенмен, мүгедектердің әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысына өкпелері қара қазандай. Олардың айтуынша, 2011 жылы төлемдер белгісіз себептермен айға 2000 теңгеге дейін қысқарған. Олар сол ақшаның «шетін» тауып, кері есептеулер болады деп әлі үміттеніп жүр. Олар бұл іске бел шеше кіріскен: жақын арада олар Хабиеваның үстінен Тәртіптік кеңеске арыз жазып, қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТІҢ қабылдауына жазылмақшы.
...Жалпы жағдай мәз емес: бұл шын мәнінде болуға тиіс емес текетірес. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін мемлекет құрған және оның тікелей қызметтік міндеттемелеріне физикалық мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға халықтың әлсіз тобы ретінде көмек көрсету кіреді. Ал іс жүзінде ол жеке өздігінен әрекет ететін хандыққа айналған және оны шонжардай шалқайған әйел басқарып отыр.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
15 тамыз 2013, 14:43