Үстіміздегі жылдың 9 тамызында облыстық мәслихат депутаттарының алдында өткен жартыжылдықтың қорытынды есебімен сөз сөйлеген облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ сөз арасында осы күзде Нұрсаядағы концерт залының құрылысы қайта жанданатынын айтып өтті.
Бұл, әрине, жақсы жаңалық. Бірақ бұл жаңалыққа облыстық әкімдік үшін жағымсыз әсер қалдырған жасырын хат жалғасты.Шілденің ортасында ҚР премьер-министрі Серік АХМЕТОВТЫҢ блогында «биліктің бассыздығынан жапа шеккен компания» ұжымынан деген сенімсіздеу хат пайда болды.
Премьерге үндеуінде домалақ хатты жолдаушылар қазіргі облыс билігінің құны миллиардтап есептелетін аяқталмаған құрылыстарды қорғау шарасын алмай отырғанын, соның салдарынан олардың ұрланып, қирап жатқанын жазады. Олардың болжауы бойынша, облыстық әкімдік болашақта құрылыстың бағасын арттыру бағытында жобалық құжаттарды міндетті түрде өзгертіп, жаңа мердігерлер жалдайды.
Сонымен қатар, хат авторлары ешкімнің есімі мен фактілерді атамай, облыстың жаңа әкімінің командасын ұсынылатын жұмыс көлемдерінен «үлес беру» үшін бопсалайды деп айыптайды.
«Қазіргі уақытта барлық нысандарда құрылыс материалдары ұрланып жатыр. Мәселен, жұмысы 80 пайызға орындалған монша-сауықтыру кешенінде. Киноконцерт залының шатыры да жақында ортасына түседі, себебі кез келген адам келіп металлқұрылғыларды кесіп әкетіп жатыр», - деп жазады.
Монша-сауықтыру кешенінің, концерт залы мен кәріздік-тазалау жүйесінің құрылысымен жаңағы айтып отырған «биліктен қағажу көрген» «СнабОйлСтрой» компаниясы айналысқан болатын. Бұл компания басшыларына қарсы өткен жылдан бері қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Әрине, олардың кінәсін анықтау – соттың жұмысы. Қазір шынымен, нысандарды ұрлауды тоқтатып, олардың құрылысын жандандыру керек.
Премьердің блогындағы осы атышулы хат пайда болған соң біз концерт залы мен монша-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңдарында болып, бұл нысандарды ешкімнің күзетпейтінін көзімізбен көрдік. Екі нысанның да құрылыс алаңдары алдыңғы және жандарынан шарбақпен қоршалыпты, ал арт жағында қоршау жоқ болғандықтан бәрін ұрлап кетуге болады. Күзетшіге арналған вагонда жан жоқ, есіктері аңқиып ашық тұр. Монша кешенінің есіктері жабық екен, бірақ ұрылардың сыртқы қабаттың қаптама тақталарын ұрлап кеткені байқалады.
Айтпақшы, құрылысы аяқталмаған нысандардағы ұрлық туралы облыс әкімінің өзі өткен жылғы қарашада облыс активінде айтқан болатын («АЖ» №48 29.11.2012ж,. «Атырауда бюджеттің тағы 10 миллиарды жоғалған» мақаласын қараңыз). Соның ішінде ол: «Материалдар КамАЗ-дарға тиеліп тасылып жатыр, оларды ұстап та жатыр. Нысандардың аяқталмай қалғандығы аздай, енді жергілікті тұрғындар оларды ұрлауға көшкен. Бұл - біз үшін масқара».
Соның арасында, «СнабОйлСтрой»нысандарының ендігі жағдайы туралы біздің сұрауымызға өз жауабында облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елтай ҒАЛЫМЖАНОВ нысандардың ұрланбағанын жеткізді. Біздің сұрақтарымызға берген жауаптары төмендегідей:
- Аталған нысандардың жобалық құны қанша?
- «Атыраумемэкспертиза» КМК қорытындысы бойынша концерт залының жобалық құны 3,8 млрд теңгені құраса, сол жаңалаудағы кәріздік-тазалау жүйесі құрылысының жобалық құны 8,65 млрд теңге, ал монша-сауықтыру кешенінің құны 840 млн теңге.
- Бұл нысандардағы жұмыс қанша пайызға орындалды?
- Концерт залы бөлінген қаржының 34 пайызына орындалды, кәріздік-тазалау – 32%-ға, ал монша-сауықтыру кешені 62%-ға орындалды. Бұл мәліметтер концерт залы бойынша өткен жылдың 27 желтоқсанында, кәріздік жүйе бойынша өткен жылдың 15 қарашасы мен биылғы жылдың 24 наурызында берілген сот экспертизасы институтының қорытындысынан алынды. Барлық нысандарда құрылыстың бітпеген жерлері бар. Монша жобасына абаттандыру мен көгалдандыру енуіне байланысты, жоба әзірге түзетілуде.
- Кезінде бұл нысандардың құны жобалау-сметалық құжаттарында қаншалықты артты?
- Бағаның артуы анықталмады.
- Нысандардың тағдыры қашан өз шешімін табады?
- Концерт залы, кәріз жүйесі мен монша-сауықтыру кешені жобаларының түзетулерін осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Одан әрі құрылысты бастап, нысандарды қолданысқа тапсыру 2014 жылға жоспарланып отыр.
- Нысандардың ұрланып жатқаны жөнінде бірнеше рет айтылды. Неге күзетші қойылмайды?
- Нысандарда ешнәрсе де ұрланбады. Облыстық әкімдіктің шешімімен үстіміздегі жылдың 15 наурызында жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға нысандарды күзетуге «ПЦН «Күзет» ЖШС тартылды, олар қазір осы нысандарды күзетуде.
- Сонда сіз премьерге жолданған хаттағы фактілерді жоққа шығарасыз ба?
- Бұл хатта көрсетілген мәліметтер негізсіз әрі шындыққа жанаспайды.
Жақында біз тағы да концерт залы мен монша кешенінің құрылыс алаңына бардық және осы жолы екі күзетшіні көрдік.
- Осыдан бір ай бұрын келгенімізде сіздер қайда болдыңыздар?- деп күзетшілерге сұрақ қойдық.
- Біздің бұл нысандарды тәулік бойына күзетіп жүргенімізге екі жыл болды, - деп формадағы жігіттер жаттанды сөздерін тағы да қайталап берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ