Атырау, 11 мамыр 00:45
 ашықВ Атырау +17
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Олар дөрекі жауап бере алмайды

1 586 просмотра

Асылбек САҒЫНҒАЛИЕВ.Асылбек САҒЫНҒАЛИЕВ.Қазақ саңыраулар қоғамы облыстық филиалының төрайымы Замила АХМЕТОВА мүмкіндігі шектеулі жандардың кейбір проблемалары туралы айтып берді.

- Біздің қоғам мүшелерінің көбі III топ мүгедектері. Олар жолаушылар көліктерінде тегін жүру құқығына ие. Ал кондукторлар оларды көзі көреді, аяқ-қолы аман-сау, жолақысын неге төлемейді деп сөгіп жатады. Алайда, мүгедек жандардың барлығы да естімегеніне немесе сөйлей алмағандарына жүйкелері тозып, қажып кетеді, қатты қиналады, - дейді З.Ахметова.

Расында біз кондукторлардың ыммен сөйлесіп тұрған жігіттерге күңкілдеп жатқанын өзіміз де бірнеше рет көргенбіз.

Махамбет ауданы Сарайшық ауылынан келген 39 жасар Гүлзада ЕСЕКЕНОВА туғанда құлағы да еститін, таза сөйлей де алатын. Оны үш жасында әке-шешесі көрші ауылда тұратын қарт әжесіне жіберген. Гүлзада қараңғы кештердің бірінде сыртқа шығып қалғанда мас адамды көріп, қатты шошып кетеді.

- Кейін дәрігерлер менің қорыққаннан қатты шок алғанымды айтты. Сол түні құлағым тұнып, естімей қалды, тілден де айрылдым, - дейді Гүлзада сурдоаудармашы арқылы.

Бүгінде Гүлзаданың бір ұл, бір қызы бар. Өзі Қарабатанда жұмыс істейді. Бір қызығы, кейінгі жылдары құлағы аздап еститін болған. Қиналып болса да, ептеп сөйлей де алады.

Ал 38 жасар исатайлық Асылбек САҒЫНҒАЛИЕВТІҢ арманы – шахмат ойынынан 1-орын алу және өзін түсінетін жанмен отбасын құру. Асылбек 13 жасынан бастап шахмат сайыстарына қатысып келеді. Жыл сайын Алматыдағы республикалық сайысқа барады. Бірақ өзі аңсаған жүлделі орынға қол жеткізу үшін тұрақты жаттықтырушылардың жоқтығы кедергі болып отыр. Жаттықтырушылар азғантай ақшаға үйреткісі келмейді, көп тұрақтамай кетіп қалады.

Қазір ол өзі туып өскен Тұщықұдық ауылында жеке тұрғын үй салып, табыс тауып жүр. Құрылыс бригадасын басқарады.

- Біз әрқайсымыз айына 50, 100, кейде 150 мың теңге табамыз. Адамдарды алдамау, адал еңбек ету – басты принципім, - дейді ол.

Жақында Асылбек Ақтауда мүгедектер арасында шахматтан өтетін турнирге қатысады. Біз оған шын көңілімізден сәттілік тілейміз.

Айнұр САПАРОВА

8 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.