Атырау, 27 сәуір 03:41
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Менің досым Леңгір

4 468 просмотра

Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің бас кинологы Асылбек БИСЕНБАЕВ Орталық Азия елдерінің кинологтар қызметінің арасында өткен көпсайыс чемпионатында үздік деп танылды. Сондай-ақ, оның төрт аяқты досы – Леңгір есімді бельгиялық овчарка да үздік атанды.

БІР ТОЛҚЫНДА

Асылбек итінің талантын жұмыс орнында - әуежайда көрсету туралы өтінішіме бірден келісе кетті. «Леңгір», - деп төбетін жаймен ғана шақырған ол көліктің жүксалғышын ашты. Ит еш ойланбастан сол жерге секіріп мініп, ыңғайланып жата қалды. «Оның есімін Леңгір деп мен қойған жоқпын, - дейді Асылбек, жүксалғышты жауып. – Қаны таза, иттер тәлімбағында дүниеге келген оны «Л» деген әріптен басталатын атаумен атау қажет болды, ереже сондай болатын. Оның есімін қойған кинолог жігіт Шымкент облысының Леңгір қалашығының тумасы еді».

…Ұшақтарын күтіп отырған жолаушылар толы залда иісшіл ит пайда болғанда қозғалыс байқалды. Леңгірдің өзінің бәріне ұнайтынын сезетіні күмәнсіз. Ол көрмедегі аттар секілді аяқтарын тыпырлатып, құйрығын сыпайы ғана бұлғаңдатып, көпшіліктің ықыласын разылықпен қабылдады.

«О! Бізге сері жігітіміз келіп қалыпты ғой...» – деп қуаныса күлімдеген кеденшілер кезекпен иттің құлағы мен шоқтығын еркелете сипап жатты.

Ал мен чемпионат туралы қысқаша айтып өтейін: Алматыда өткен чемпионатқа Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан қызметтік-із кесуші иттерімен кинолог мамандар қатысты. Төрешілер командасының құрамында осы саланың білгірлері - Австрияның ІІМ кинологиялық оқу орталығының бастығы Йозеф ШУТЦЕНХОФЕР мен ресейлік халықаралық төреші Андрей ФЕДОРКОВ болды. Әр елден екі ит бес кезеңнен өтуі тиіс екен. Сөйтіп Леңгір үздік атаныпты.

Оның жасы төртте, ол - өте зерек, батыл әрі шыдамды, адал ит. Леңгір қожайынынан көз алмай, оның не айтатынын және оны қандай интонациямен жасайтынын күтіп отырады екен. Асылбек бір жерге қараса, Леңгір ол қараған жаққа қарап алып, қайтадан өзінің зейінді сары көзін қожайынына қадайды.

«Менің көңіл-күйім оған беріледі, - деп әңгімелейді кинолог. – Ол менің не сезетінімді түйсініп, менің көңіл-күйімді қабылдайды. Білесіз бе, кейде ол менің ойымды оқи алатындай көрінеді. Бірде бір нысанда есірткінің бар-жоғын тексеруге тиіс болдық. Ғимаратқа кірген кезде менің бұрыштағы қуысқа көзім түсті. Бұларды да кейін тексеріп шығу керек деп ойладым. Бұйрық беріп едім, Леңгір еш нұсқаусыз ең алдымен осы қуысқа кіріп, содан соң басқа жерлерді тексере бастады».

 

КӘСІПҚОЙДЫҢ БАЙСАЛДЫЛЫҒЫ

Менің байқауымша, Леңгір өте ширақ төбет. Бірақ өз жұмысын нағыз кәсіпқойдың байсалдылығымен жасайды екен. Ол мұнысын жүк лентасымен жұмыс істеу кезінде көрсетті.

Бірде Леңгір қожайынымен поштадағы сәлемдемені тексеріпті. «Түрмеге арналған сәлемдеме бар ма?»  - деп сұрайды Асылбек. Ондайлар бар екен. Леңгір есірткі салынған сәлемдемені айна-қатесіз көрсетіпті. Әлдебір тұрмыстық химиялық құралдың қорабына салынған (иісін жою үшін) олар жергілікті зонада отырғандарға арналған еді. Айта кетелік, есірткінің иісін жою мүмкін емес, деп растайды Асылбек. «Бұл майшабақ секілді, - деп түсіндіреді ол. – Қанша пакетке салсаң да, бәрібір иісі шығып тұрады. Ал иттің иіс сезу қабілетінен ештеңе жасыру мүмкін емес».

Есірткі тапса, Леңгір бұл туралы қожайынына үрмей, тырналамай жеткізеді екен. Ол басын бұрып, қожайынына қарап, мен таптым дегендей, танауын пысылдап тартатын көрінеді. Содан кейін жанына отырып, өзінің сүйікті де жалғыз қожайынының жылы алақанының мейірімін шыдамдылықпен күтеді екен.

Леңгірмен қала көшелерімен серуендеп жүрген Асылбек қолданбаса да, қолына есірткі ұстаған адамды дәл анықтай алады. Леңгір мұны өзінің ең ұнамды әдісі арқылы әдеппен жеткізеді. Айтпақшы, овчарка байқаусызда менің де сөмкемді иіскеді. Кім біліпті...

«Оны бері шақырыңызшы»,- деп өтіндім Асылбектен. «Леңгір. Жаныма келІ» – деді ақырын дауыспен Асылбек. Қайталаудың қажеті жоқ. Өзін еркелеткен жігіттерден ақырын ғана босап шыққан ол бұйрықты тез орындады: ереже бойынша сол жақ аяғына тұрып, тұмсығын жоғары көтеріп, келесі бұйрықты күтіп отырды. Ол үшін жер бетінде одан беделді, одан адал дос, одан маңызды жан жоқ.

Екеуінің бір-біріне деген сезімдері осындай.

Анастасия ПАСТУХОВА

27 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.