Атырау, 19 сәуір 10:07
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Тарату комиссиясын күту керек»

2 750 просмотра

«Жоғалған төлемдер» жарияланымы жарық көргеннен кейін («ЖС» №25, 20.06.2013 ж.) редакцияға «ОблТрансГаз» КМК директоры Бауыржан ТҰХФАТОВ  хабарласып, тұтынушылар алдындағы бережақтарға қатысты түсінік берді.

Оның айтуынша, «ОблТранс-Газ» өз қызметін 2012 жылдың 9 қаңтарында қабылданған «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының негізінде өткен жылдың 1 тамызынан бастап тоқтатқан. Бұл заң бойынша газбен жабдықтау саласында «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық оператор ретінде белгіленді. Облысқа 2012 жылдың қарашасында келген «ҚазТрансГаз Аймақ» ұлттық оператордың өндірістік филиалы боп табылады. 

- Өздеріңізге белгілі болғандай, облыстық әкімдік «ОблТрансГаз» КМК құрылтайшысы боп табылады. Аталмыш заңның негізінде 2012 жылдың 1 тамызында Атырау облысының әкімдігі кәсіпорын қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады, біз оны орындадық.

- Бірақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тек 2012 жылдың қарашасында ғана келді ғой. Ал бұған дейін сіздің газ жүйесі жекешелендіріліп, жеке компания боп қызмет көрсеткен еді. Бұл заңсыз жекешелендіру бұрынғы облыс әкімінің командасындағы бірқатар басшы қызметкерлердің кінәсі деп есептелді.

- Иә, тамыз бен қараша айларының ортасында тағы бір компания – «Атырау облыстық газ жүйелері» АҚ болды. Ол да біздің кеңседен орын алды. Бірақ мен бұл жағдайдың егжей-тегжейінен бейхабармын.

- Ал «ОблТрансГаздың» тұтынушылар алдындағы бережағына қатысты қалай болмақ?

- Біз қызмет еткен уақытта тұтынушылар алдын ала төлемдер салды, біреулері оны пайдаланып үлгерсе, енді біреулері үлгере алмады. Бізді сотқа беріп, процесте жеңіп шыққандар да бар. Олардың талаптары орынды. Заң бойынша, кәсіпорын өз қызметін тоқтатқан кезде банкрот деп тану процедурасы басталып, тарату комиссиясы құрылады. Менің білуімше, қазір облыстық әкімдікте осындай комиссия құру туралы мәселе шешілуде. Комиссия жұмысының барысында «ОблТрансГаздың» кімге және қанша қарыз екендігін, бізге қаншасы бережақ екендігі туралы баланс жасалады. Ал бізге жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да әжептәуір қарыз. Бұл сомалар шамамен біздің қарыздарымызбен шамалас. Сондықтан мен тарату комиссиясы жұмысын бастағанша азғана күте тұрған жөн екендігін адамдарға түсіндіру үшін редакцияға келіп отырмын. Комиссияның құрылатындығы туралы жергілікті БАҚ-тарда жарияланатын болады. Содан кейін тұтынушылар өз талаптарымен комиссияға жүгіне алады.

Біздің кәсіпорын қызмет еткен жылдары («ОблТрансГаз» 2005 жылы құрылған) халықтан оның жұмысына қандай да болмасын салмақты шағымдар түспегенін атап өткім келеді. Осындай кәсіпорынға басшылық еткенімді мақтан тұтамын.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

27 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.