Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысын Sergek арқылы бақылауға болады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бастамасы бойынша ЦДИАӨМ, Sergek Group, «ҰАТ» АҚ және әкімдіктермен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа тұрғын үйлер салу орындарында бейнекамералар орнатып, бейне ағындарын Sergek VMS кешенді бейнебақылау жүйесіне біріктіру жұмыстарын жүргізді.
«Біз бұған дейін gov.kz платформасында су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілетін орындардан трансляция шығардық. VMS кешенді жүйесінің көмегімен қазақстандықтар зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысын бақылай алады. Қазақстандықтардың өмірін жақсарту, олардың қауіпсіздігі мен ақпараттандырылуы үшін әзірлеген технологияларды қолдану - біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз. Біз ел үшін қиын уақытта пайдалы болғанымызға қуаныштымыз. Біздің қызметкерлер өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсету үшін ТЖ жедел штабтарында және су басқан елді мекендерде еңбек етуде», - деп бөлісті Sergek Group бас директоры Асет Ахметов.
Қазіргі уақытта Қазақстанның алты облысындағы (Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облысының Құлсары қаласы) құрылыс алаңдарына 55 бейнекамера орнатылған. Олардың онлайн трансляциясы gov.kz сайтында тәулік бойы қолжетімді.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерде тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын бақылау және үйлестіру үшін ахуалдық орталық құрды. Бүгінгі таңда ахуалдық орталық залалды өтеу туралы барлық өтініштермен жұмыс істеп, әр ауылда, аудан орталығында және қалаларда құрылыс барысын қатаң бақылауда ұстайды. Онлайн бейнемониторинг құрылыс пен жөндеу жұмыстарын жедел тәртіппен бақылауға және мерзімнен артта қалған жағдайда тезірек әрекет етуге мүмкіндік береді. Ашық жұмыс форматы біз үшін маңызды, біз тұрғындарымызды тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы хабардар еткіміз келеді», - деп түсіндірді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дубирова.
Sergek VMS көмегімен уәкілетті қызметкерлер әртүрлі жағдайларды қадағалап, уақтылы әрекет ете алады.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен Құлсары қаласындағы «Болашақ» ықшамауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған алғашқы 80 үйдің құрылысы басталғанын хабарлаған едік.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ