Атырау, 26 желтоқсан 22:11
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Құмда қалған ауыл

13 462 просмотра

Исатай ауданы Исатай селосындағы үйлер құм құрсауында қалды. Биылғы құм көшкіні қатты болып тұр. Тұрғындарда маза жоқ.

Атырау-Астрахан тас жолынан Исатай селосына бұрылғаннан кейін төбе-төбе құмдар кезіге бастады. Бұл - атақты Нарын құмының шеті.

Мұнда аула қоршауларын салу бекер, бәрібір құм жауып тастайды. 

- Сусылдаған ақ сары құмдар табанға жайлы тигенмен, қорқынышты. Желсіз күні келіп тұр екенсіз, әйтпесе құм боранын көргенде шошитын едіңіз, -дейді ауыл тұрғыны Меңдібек ДӘУЛЕТОВ. – Біз бұған үйреніп кеттік. Табиғатының қаталдығына қарамастан туған жерді қимайды екенсің. Құм борағанда үйге тығыламыз, өйткені қалың топырақ ауыз-мұрныңа кіріп, тұншықтыра жаздайды. Ажалымыз құмнан бола ма деп уайымдаймыз.

Былтыр Қуантай ХАМЗИННІҢ үйін құм басып, көппен бірге аршып алған. Биыл бұл жағдай қайталанып отыр. Ал басқа тұрғын құмнан қашып, үйін үш рет бұзып, жаңа жерге қайта салған. Енді уақытша сарайда тұрып жатыр. Біреулер үйлерін бұзбастан сол күйінде тастап көшіп кетіпті. Құмда қалған баспаналардың мұржасы ғана қылтияды. 

Газ, су тұрбалары топыраққа көміліп қалған. Су құбыры жарылса, оны жөндеу мүмкін емес. Электр желілері де құм «тауына» шықсаң, қолсозым жерде тұр.

 

СЕКСЕУІЛ БОЛСА ЖАҚСЫ ЕДІ

Бір кездері теміржол рельстерін құм басып қалады деп сексеуіл егу қолға алынған. Бұл жұмыс 2008-2010 жылдары аралығында іске асырылып, кейін тоқтап қалған. 8 гектар жерге ғана сексеуіл егілген.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:

Исатай селосы аудан орталығынан 100 шақырымда орналасқан.  Егер бұрын мұнда теміржолшылар стансасының санаулы үйі болса, бүгінде олардың саны 300-ге жеткен. Онда 1500-ге жуық тұрғындар тұрып жатыр.

- Құм көшкінін тоқтату мүмкін болса, қарайған елді көшірудің қажеті қанша? Ауыл ішіндегі құмды далаға шығарып, сексеуіл егуді жалғастыру керек, -дейді тұрғындар.

Күні бүгінде 30 шақты үйдің тұрғындарына құм астында қалу қаупі төніп тұр. Олар көмек сұрап, округ әкіміне талай рет арызданыпты.

- Арыздарын алдым. Менің қолымнан не келеді? Техника керек қой. Суретке де түсіріп, бәрін аудан әкімдігіне тапсырдым. «Атырау-Жарық» АҚ-на, газшыларға да ескертпе жасап, хат жолдадық. Өзіңіз көрдіңіз, құм үйдің іргесінде тұр. Егер шара алынбаса, онда ол үйлерді құм басады, -дейді Исатай селолық округінің әкімі Жарылғас ҒҰБАШҰЛЫ.

- Құм көшкінін тоқтатудың амалы бар ма?

- Сексеуілді көбірек егу керек. Келген құмды бөгейді. Ең болмағанда 10 гектарға жеткізсе жақсы болар еді. Оған қаржы керек.

 

ӘКІМ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТ

Исатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ әкімдік жүргізіп отырған түсіндірме жұмыстары жеткілікті деп есептейді.

- Осы жерден көшеміз, болмаса үй салып беріңдер деп мазалап, болмаса дүрлігіп отырған тұрғындар жоқ.

- Үйлерін құм басып қалғандар қайтпек?

- Демеуші көмек ұйымдастырып беріп, көмектесерміз. Біз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кредит алып, үйлерін басқа жерден салып алуға болады ғой.

- Сексеуіл егу жұмыстары қалай шешіледі?

- Мамандармен ақылдасып, сексеуіл егу жұмыстарын жалғастыру үшін сметалық құжатын жасауымыз керек. Сосын оны облыстық табиғат қорғау басқармасына мәселе етіп қоймақпыз. Бізде сексеуіл өспейді. Суару жұмыстарын ғана қамтамасыз етіп қоймай, малға арналған суатты да салуымыз керек. 

20 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.