Атырау, 26 қараша 04:40
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мақаттағы арнайы топ: қарсыласқаннан пайда жоқ! (толықтырылды: туыстарының жорамалы)

6 004 просмотра

20 мамырда Мақат ауданының орталығында ауыр қылмыс жасады деп күдіктелген жергілікті тұрғынды қамауға алу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері табельдік қару қолданды.

Оқиға кенттің 3-ауылында оперативтік топ 1984 ж.т. Қайрат У.-ды ұстау кезінде орын алған. Ол қарсылық көрсетіп, автокөлікпен қашып құтылуға әрекет еткен. Нәтижесінде жедел жасақшылар оқ атуға мәжбүр болып, күдіктіні жаралады.

Ақпаратты ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Талғат ӘЛІМЖАНОВ растады. Оның айтуынша, қару қолдану негіздемесін Атырау облысының арнайы прокуратурасы тексеру үстінде.

Мақат аудандық орталық ауруханасының стационарлық бөлімінің меңгерушісі Ерлан СҮЙЕУҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, күдікті оң жақ бүйірінен жараланған. Оны жасақшылардың күзетімен облыстық ауруханаға алып кетті.

Құқық қорғау органдарындағы біздің ақпарат көздеріміз үстіміздегі жылдың наурызынан бастап Атырау облысында Астанадан іссапармен келген арнайы прокуратураның өкілдері басшылық ететін арнайы ведомствоаралық (қаржы полициясы, ҰҚК, полиция) топ жұмыс жасайтыны жөнінде хабарлады. «Топ облыстағы Бергей Рысқалиевтың бұрынғы командасы жасаған жемқорлық және қылмыстық фактілерді тергеу үшін құрылған. Қылмыс әлемінің үстемдік етуі мен құқықтық нигилизмнің үлгісі болған Ресейдің Кущевкасымен теңестірілген Мақат ауданы осы топтың көз қырында болатын. Мақаттан шыққан серкелер Рысқалиев құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшелері болған, мұнда кісі өлімі жиі болып тұрады, адамдар жоғалуда», - дейді ақпарат көзіміз.

Оның айтуынша, арнайы топ өткен аптаның аяғында аса ауыр қылмыстар бойынша заңсыз тоқтатылған және ескі қылмыстық істерді тергеу үшін Мақатқа келген.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Азамат МАЙТАНОВ

 

Туыстарының жорамалы

«АЖ» редакциясына күдікті Қайрат ӨТЕБАЕВТЫҢ анасы мен туыстары хабарласып, оның ұсталуы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

Олардың айтуынша, Қайрат үйге жақындаған кезде оның жанына қара көлік тоқтай қалып, ішінен штаттық киім киген қарулы адамдар түсе қалған.

- Олар ештеңе түсіндірмей, қызметтік куәліктерін көрсетпестен, оны көлігінен сүйреп шығармақ болды. Қорқып кеткен Қайрат газдың педалін басты. Қаруланған адамдардың бірі оның салонына секіріп үлгерді. Олар 500 метрдей жүріп барып, содан соң тоқтады. Машина ішінде аяғынан атып, басын жарақаттады.  Ұлым, шамасы, өзін ұрлап әкеткісі келді деп ойласа керек, Мақатта мұндай жағдай жиі орын алатын еді. Бір ай бұрын оның ағасы осылай жоғалып кеткен еді, содан соң оның тергеу изоляторында отырғанын білдік. Егер олар ұлым қылмыс жасады деп күдіктенсе, оған қарулы лаңкестей шабуыл жасағанша, неге заң бойынша қамауға алмады? Неліктен полицейлер қаруды ескертіп оқ атпастан пайдаланды? – дейді Қайрат Өтебаевтың анасы Айсұлу ҚУАНЫШЕВА.

Қазір жаралы жігіт облыстық аурухананың арнайы палатасында күзетпен жатыр. Оның жағдайы туыстарына белгісіз, оларды палатаға кіргізбепті. Қазір олар адвокат іздестіруде.

Қайрат Өтебаев бұрын абайсызда кісі өлтіргені үшін сотталған екен, оның қамауға алынуына осы себеп болып отыр дейді туыстары. Олар оның ұйымдасқан қылмыстық топта болмағанын және жақсы адам болғанын растап отыр.

- Күш құрылымдарының қызметкерлері қазір бүкіл Мақатты шарлап іздеп, тағы бірнеше адамды жауып тастады. Мақаттағы ұйымдасқан қылмысқа іс жүзінде кімнің басшылық етіп отырғанын құқыққорғау органдарының өздері жақсы біледі. Бұл мықты байланыстары бар адамдар, олар Атырауда  қымбат жекежайларда тұрады. Полицейлерге бандиттерді жауып тастадық деп есеп беру керек. Бұл жағдайда Қайрат пен Мақаттың бұрын сотталған басқа тұрғындары секілділер «крайний» болып отыр, - дейді Өтебаевтың туыстары.

Редакцияға осы ұстау әрекеттерінің барлығы ресми түрде ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы («Адам ұрлау») бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аясында жүргізіліп жатқандығы белгілі болды. Мақатта адам ұрлап, өлтіріп, денесін жасырып тастайтын жағдай жиі орын алып тұрады. Мұндай қылмыстық істердің «ілінген» іске айналары сөзсіз: күдіктілер бар, бірақ мүрде жоқ, демек, қылмыс та жоқ («Ради бога, найдите моего сына!»жарияланымын қараңыз). Полиция ештеңе жасай алмайды, ал кісі өлтіргендер жазасыз жер басып жүреді.

Азамат МАЙТАНОВ

21 мамыр 2013, 16:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.