Атырау, 9 мамыр 04:14
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Атырауда азаптау ісі бойынша экс-полицейлер 3-4 жылға сотталды

1 121 просмотра

23 қарашада Атырау қаласының №2 соты "Азаптау" бабымен күдікке ілінген бес экс-полицейді кінәлі деп тауып, 3-4 жылға түрмеге кесті, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

"Адам азаптады" деп айыпталған Шыңғысхан Айтбаев, Марат Жонбай, Тимур Мажитов төрт жылға сотталса, Асланбек Төлеуішов пен Ербол Сиғуатов "адам азаптауға көмектесті" деген айыппен үш жыл түрмеге кесілді.

Үкім оқылар кезде жәбірленуші де, адвокаты да қатыспады. Шағын сот залында сотталушылардың туыстары мен жақтастары көп жиналды. Үкімнен соң судья Зәуре Қазақбай айыпталушыларды туыстарымен қоштасуға мүмкіндік берді.

Сотталған экс-полицейлер Атырау қалалық полиция басқармасында жұмыс істеген. Төртеуі бұйрықпен жұмыстан босатылған, біреуі өз еркімен жұмыстан кеткен. Сот үкімімен айыпталғандардың бәрі де шендерінен және органдарда қызмет ету құқығынан үш жыл мерзімге айырылды. Сотталғандар жазасын қатаңдығы орташа түрмеде өтеуі тиіс.

Сондай-ақ, үкімге сай, әрқайсынан жәбірленушіге 500 мың теңге моралдық өтемақы өндіріледі.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Судья Зәуре Қазақбай айыпталушылардың кінәсі бейнежазбалар сынды айғақтармен дәлелденгенін айтты. Алайда сотталғандардың адвокаттары Руслан Жакупов пен Аслан Жолболов сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Жакупов жәбірленушінің жарақатына қатысты жүргізілген сот-медициналық сараптамалар қорытындыларымен келіспейді.

24 қараша 2023, 11:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.