Атырау, 10 мамыр 00:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Екпеден бас тартатындар баршылық

693 просмотра
Freepik 

2023 жылдың 9 айында Атырау облысында 12 546 нәресте дүниеге келсе, оның 1 611-і ата-анасының қалауы бойынша Ұлттық екпе күнтізбесі бойынша алуы тиіс екпелерді алмаған. «АЖ» редакциясының сауалына облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген жауабы осындай.

Кейбір ата-ана перзентханада жатқанда-ақ жаңа туған нәрестелеріне екпе салдырудан бас тартады.

– ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысына сәйкес, балаларды жоспарлы профилактикалық егу ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Алдымен, перзентханада көз ашқалы алғашқы 1-4-күндері туберкулезге (БЦЖ) және В гепатитіне қарсы егіледі. Бүгінде БЦЖ-дан бас тартқандар саны 740 (5,8%) адам, ВВГ-дан - 747 (5,9%) адам. Бұдан басқа, алдағы уақытта екпеден бас тартқандар саны АБКДС + Хиб + ВГБ + ИПВ – 45 (0,35%), АБКДС + Хиб + ИПВ – 39 (0,31%), ОПВ – 25 (0,1%), пневмококк инфекциясы – 10 (0,07%), ККП – 3 (0,02%), АбКДС – 2 (0,01%). ККП-ден (қызылшаға қарсы екпе) бас тартқандар саны небәрі 0,02 пайызды құрағанымен, қызылша мен көкжөтел ауруларының көбеюі байқалады, - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабында.

Жалпы елімізде, оның ішінде Атырауда қызылшаға қатысты жағдай үнемі нашарлайды. Жыл басынан бері өңірімізде 1400 науқас тіркелген. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі жанынан эпидемиологиялық ахуалды бақылайтын жедел штаб құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВТІҢ айтуынша, №2 облыстық ауруханада 110 адам емделіп жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы екпелер бойынша күн сайын қадағалайды, бас тарту санын азайту мақсатында медициналық ұйымдар тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Өткен жылдары көзқарастарына байланысты балаларына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналар балаларын балабақша мен мектепке қабылдауда кедергілерге тап болып жатқанын айтып шағымданған. Соңғы уақытта мұндай шағым болған жоқ.

Атырау облысының бас санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 29 наурыздағы бұйрығына сәйкес, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдерінің болуына немесе басқа да себептерге байланысты жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балалар мектепке дейінгі ұйымдарға топтардағы ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен кезде қабылданады. Медицина қызметкерлері ұжымдық иммунитет топтағы балалар санының кемінде 90% құрайтындай профилактикалық екпелерді қамтуға қол жеткізуі керек. Сәйкесінше, екпе алмаған балалар олардың топтардағы үлесі 10 пайыздан аспаған жағдайда ғана балабақшаға жіберіледі.

Ересектер де екпеден бас тартады. Бүгінде Атырау облысында ресми түрде 779 осындай «бас тартушы» бар. Бұған ең алдымен олардың діни көзқарастары себеп болып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 қараша 2023, 11:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.