Атырау, 26 желтоқсан 21:08
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Тарифтерге қарсы митинг: әкім Айдарбеков рұқсат берер ме екен?

2 683 просмотра

Сәрсенбі күні Жайық өзенінің жағалауында әдеттен тыс «openair» (ағылшынша – «ашық ауада» деген сөз) форматында баспасөз конференциясы өтті. Қоғамдық қозғалыс белсендісі Макс БОҚАЕВТЫҢ және Қазақстанның Коммунистік партиясы Атырау филиалының бірінші хатшысы Нұржан НАУРЫЗОВТЫҢ қолдауымен бір топ кәсіпкер әйел 27 сәуірде бейбіт митинг өткізбекші екенін мәлім етті.

Жоғарыда аталған екі адамның қолы қойылған осы туралы өтініш қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТЫҢ атына 8 сәуірде келіп түсті: «Шағын және орта бизнес кәсіпкерлері халықтың негізгі бөлігінің табыс өсімінен әжептәуір басып озып отырған ТКШ, газ және электр энергиясы тарифтерінің үнемі, әсіресе, биылғы жылы күрт өсуіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Әрі қарай қалай өмір сүріп, бизнесті қалай жүргізуге болады? Сонымен қатар қала тұрғындарын биліктің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту ниеті де алаңдатып отыр». Митингтің мақсаты екеу: қалалық және облыстық билікке жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға арналған тарифтерді төмендету талабын талқыға салып, әзірлеу және тарифтің өсуіне мораторий енгізуге қол жеткізу. Ал екіншіден, республикалық деңгейдегі биліктен әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 55-ке, ер адамдар жасын 60 жасқа дейін төмендетуді талап ету.

– Біз өркениетті диалогтың болуын қалаймыз, біз осы мәселелерге қатысты мамандарды, екі мәслихаттың депутаттарын митингке қатысуға шақырамыз. Өйткені бұл жағдай пісіп-жетілді, қазір біз тамызықтың үстінде отырмыз деуге болады, - деді кәсіпкер Лидия ЕСЕНАЛИЕВА. – Ондаған шағын және орта бизнес жабылуға шақ тұр, қолдау табудың орнына бизнес өкілдері коммуналдық қызмет бағасы өскен есепшоттар алуда. Ал жылу қызметкерлерінің соңғы көтерген тарифі шағын бизнес өкілдерін шығынға батырып отыр. Бізді ақша айналымы миллиондап саналатын ЖШС деңгейімен төлеуге мәжбүрлеуде. Іс жүзінде ЖК – жеке тұлға. Бұл – ашықтан ашық тәлкек ету.

- Мен АЖЭО қызметінен бас тартатындығым туралы арыз жазып, жаңа тариф бойынша есепшоттарды төлеуге жағдайым жетпейтіндігін бірден мәлім еттім. Бірақ жылу қызметкерлері оны елең қылмай, есепшоттарды жіберуді жалғастыруда. Шамасы, кейін сот тәртібімен талап еткісі келетін шығар, - дейді кәсіпкер Сара ТАҚБЕРГЕНОВА. – Үш ай ішінде менің қарызым 316 мың теңгеден асып кетті. Егер тек бір ғана қызмет көрсетушіге айына 100 мың теңгеден астам ақша төлейтін болсам, жұмыс жасаудың қандай мәнісі бар?

– Сіздер монополистердің таңдаулы тарифтік саясатына және сонымен қатар зейнеткерлік жасты ұлғайтуға қарсылық көрсетіп отырсыздар. Кейін екі бөлек нәрсені араластырдыңыз деп айыптамай ма?

– Маған әуел бастан-ақ зейнеткерлік жасты көбейтуге келіспейтіндіктерін білдіргісі келген кәсіпкерлер мен коммунистер  ұсыныспен шыққан еді, - деп түсіндірді өз рөлін қаладағы белгілі қоғам белсендісі Макс Боқаев.

Үшінші боласың дегендей ме?

– Иә, маған зейнеткерлік жасқа жеткенше әлі көп бар, әрі өз бизнесім де жоқ. Бірақ екеуі де әлеуметтік проблемалар. Әлбетте, қиын кезеңдерді бастан өткеретін күндер келе жатыр. Бірақ ЭКСПО-2017 секілді капиталды қажет ететін міндеттер қойып, осы тұрғыда зейнеткерлік жасты көбейтудің не қажеті бар? Немесе әйелдерге қатысты қатаң шаралар қолданудың орнына басқа шығындарды неге қысқартпасқа? Мұның бәрі елдегі бизнес-климаттың және азаматтардың жалпы әлеуметтік ахуалының нашарлауына әкеп соқтырады. Сондықтан енді қол қусырып қарап отыруға болмайды. Шынымды айтсам, бізге оралдықтар үлгі болды. Олар бірігіп, тарифтердің көтерілуіне қарсылық білдірді (Сөйтіп олар жеңді – баспасөз конференциясы аяқталған бойда Фейсбукте Орал әкімі Алтай КҮЛГІНОВТЫҢ жылу тарифін 350%-ға көтеру туралы ТМРАД шешімінің күшін жойғандығы туралы хабарлама пайда болған еді – З.Б.  ескертпесі). Неліктен митинг дейсіз бе? Өйткені барлық табалдырықты тоздырдық, одан ешқандай нәтиже болмады. Монополистер: «біз жұртшылық тыңдауын өткіздік, бәрі баяғыда келісім берген, ештеңе білмейміз» дейді. Оған кім барды екен? Осындай өрескел тарифтерге ақыл-есі дұрыс кәсіпкерлер келісім берер ме еді?! Біз тарифтерді төмендетуді жөн-жосықсыз талап етпейміз. Біз проблеманы оңтайлы шешудің жолын табуға әрекет етеміз.

Жолы бар ма?

– Мәселен, жылу өлшегіштер нарығын ырықтандыруды алайық. Оны әкелу тәртібін, сертификаттауды және орнатуды жеңілдетсе, бүкіл процесті арзандатуға әкелер еді. Көрші Ресейде немесе Белоруссияда жылу өлшегіштер 300 мың тұрады. Ал неліктен бізге жүз пәтерлік үйге оны 500 мың теңгеден таңып отыр? Екіншіден, бір топ үйлер үшін шағын қазандықтар мен жеке қазандықтар орнату процедураларын қолданыстағы қауіпсіздік нормаларының шеңберінде жеңілдетуге қол жеткізгіміз келеді. Яғни, ымыраға келу үшін резервтер бар, ең бастысы – билік бізге құлақ асып, бізбен бірге оңтайлы жолдарын іздесе дейміз.

Боқаев:– Жақында Есеп комитетінің есебі шықты. Онда жергілікті атқару органдарының тариф қалыптастыру саласындағы жұмысын ашық емес деп атаған. Ал монополистерді тарифті көтеруден түскен табыстарды жаңғыртуға емес, акционерлер үшін дивидендтер төлеуге жұмсаған деп айыптады.

– Дегенмен, тарифтерді төмендетуді талап етесіздер ме?

- Біз бүкіл құжаттамаларды ашуды сұраймыз, ал бұл өте қиын нәрсе. ЖЭО орталық кеңсесінің Алматыда орналасқанын сіз білесіз бе? «АтырауСуАрнасының» нормативтік техникалық шығындары – 28%, ал жылу берушілерде – 17%, мәселен, Жапонияда бұл 4% құрайды. Олар мұны қай жерде, қай кезеңде жоғалтып отыр? Бәлкім, олар талан-таражға салынып жатқан шығар? Сондықтан,егер құжаттарды зерделегеннен кейін резервтердің бар екені анықталса, біз тарифтерді төмендетуді талап етеміз. Егер тариф орынды болса, ымыраға келу жолын іздейтін боламыз.

Сонымен, бейбіт митинг 27 сәуірге белгіленген. Шамамаен қатысушылар саны – 200 адам. Митингке дейінгі аралықта (егер жергілікті билік келісім берсе), шамамен 19 сәуірде дөңгелек үстел өткізілмек. Онда белсенділер қоғамдық комитет құру туралы мәлімдемек. Кездесуге саяси партиялар, депутаттар, монополистер өкілдері шақырылатын болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

11 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.