Атырау, 2 мамыр 11:30
 ашықВ Атырау +23
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Қала Сасықсайдағы жұмыс салдарынан тұншықты ма?

2 103 просмотра

25-27 сәуірде Атырауды жайлаған сасық иістің қайдан шыққаны анықталмады. «АМӨЗ» ЖШС-нің алаңдары тексерілуде, «Атырау облысы Су арнасының» көптеген кәріздік-сорғы станцияларының жұмысына да зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Атырауда өткен брифингте айтылды.

– Атырау мұнай өңдеу зауытын тексеру 12 мамырда аяқталуы керек. Атыраудың тағы бір өзекті мәселесі – сол күндері жел соққан жақта орналасқан «Сасықсай» нысаны. Бұл нысанды қайта жарақтау 2021 жылы басталды. Қалпына келтірілетін аумақ бірнеше секторға бөлінген. Алғашқы екі учаске бойынша жұмыстар осы жылдың тамыз айында, ал қалғандары 2023 жылдың қарашасында аяқталады, - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан ЖАНТОҚОВ. – Сасықсайдың 476 гектар жері қаланың балансында. Жобаның негізгі мақсаты – сарқынды суды тазарту. Біз әкімдік пен мердігерлерге жұмысты бастамас бұрын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құрғату кезінде жағымсыз иістің шығатынын тұрғындарға ескерту керектігін айттық. Қазір аумақты тазарту бойынша 4 экскаватор жұмыс істеп жатыр. Бұл күндері оңтүстіктен жел соқты, осылайша қалаға иіс келген болар. Осыған байланысты тұрғындардың шағымы да көбеюде.

Н.Жантоқовтың айтуынша, ең өзекті мәселенің бірі болған келесі экологиялық мәселе қазір шешімін тапқан. Әңгіме Атыраудың сол жағалауындағы жаңа тазарту құрылыстары туралы болып отыр. Бүгінде құрылыс толығымен аяқталды, нысан пайдаланушыға берілді. Енді сарқынды сулар Сасықсайға емес, кәріздік тазарту станциясына құйылады.

Үшінші нүкте – қаланың оң жағалауындағы кәріздік сорғы станциясының құрылысына биыл 2 млрд теңге бөлінген. Мердігер компания анықталып, жұмысын бастап кетті. 2023 жылы кәріздік сорғы станциясы пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар, «Квадрат» булану алаңын қалпына келтіруге қаражат бөлінді, жұмыстарды 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

– Ауадан үнемі жағымсыз иістің шығуы – өңіріміздегі өзекті экологиялық мәселенің бірі. Осыған орай экология бойынша «Жол картасы» әзірленді. Ол 7 бағыттан тұрады, олар өз кезегінде 40 тармаққа бөлінеді. Картаны жүзеге асыру 2021 жылдан басталды, – дейді Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат ҚАМЗИН.

- Зауытқа қатысты тексеру басталды; егер фактілер расталса, онда жазалаймыз. Сол маңда тағы бірнеше кәсіпорын, соның ішінде «Батыс Петролеум» орналасқан, «Атырау облысы Су арнасы» кәріздік сорғы станциясы бар. Сасықсайда жұмыстар жүргізілуде, күн жылынғанда жағымсыз иіс күшеюі мүмкін, – дейді Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сырым ТІЛЕГЕНОВ.

Эколог Шынар ІЗТЕЛЕУОВАНЫҢ пікірінше, Сасықсайды қалпына келтіру барысында қандай келеңсіз құбылыстар орын алатынын ескере отырып, жергілікті тұрғындарға өтемақы төлеу тетігін анықтау қажет.

– СЭС органдарына сұрағым бар – топырақ пен ауаға қатысты бактериологиялық және вирусологиялық ластану бойынша талдау жасайсыздар ма? Жасалып жатқан жоқ деп ойлаймын, бірақ  жасалғаны дұрыс еді. Өткен жылы Сасықсайды қалпына келтіру туралы әңгіме қозғалғанда, құрғату кезінде бұл қабаттардың көтерілетінін айттым. Өйткені булану алаңдарына туберкулез ауруханасының, ковид стационарының кәріздік суы құйылады. Бұл ауаның ғана емес, топырақтың бактериологиялық және вирусологиялық ластану қаупін білдіреді. Вирустар мен бактериялар ыстық пен суыққа төзімді. Өздеріңіз білесіздер, бізде екі жыл пандемия болды, туберкулез бойынша да қолайсыз өңірміз, – дейді Ш.Ізтелеуова.

Қала тұрғындарының көпшілігі 25-27 сәуірде жағдайлары нашарлағанын, аллергиясы бар пациенттерде аллергия күшейіп, кейбір балада түсініксіз сипаттағы бөртпенің пайда болғанын байқады.

– Бұл – таза ауамен тыныстауға қатысты конституциялық құқықты бұзу. Қала тұрғындары сот процесін бастаса, олар жеңеді. Ауада болған нәрсенің су ресурстарына қаншалықты әсер еткенін кім қадағалайды? Мұның бәрінің суға қонатыны анық қой. Ал адамдар балықты аулайды, жейді. Мәселе екі күн бойы сасық иістің болғанында емес, ластануда және оның денсаулығымызға қалай әсер ететінінде. Жазда топырақ 50 градусқа дейін қызады. Аллергия, бүйрек, бауыр аурулары басталады. Бұл азаматтардың репродуктивті денсаулығына, жүкті әйелдер мен балаларға қалай әсер етеді? Бұл өте күрделі мәселелер. СЭС апта сайын талдау жасап, ақпарат беріп тұруы қажет, – деп атап өтті Ш.Ізтелеуова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

30 сәуір 2022, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.