2021 жылғы санақ бойынша БҚО өңірінде 545 мың, Бетпақдалада 285 мың, ал Үстіртте – 12 мың киік мекендейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Киік-2022» табиғатты қорғау акциясына орай өткізілген брифингте айтылды.
Еске салсақ, елімізде 2023 жылға дейін киікті атуға тыйым салынған. Акция киік төлдеу уақытында - 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында жүреді.
Акцияның мақсаты - браконъерлік фактілердің алдын алу, дериваттарын сақтау, заңсыз сауда айналымын тоқтату.
«Охотзоопром» ӨБ РМҚК бас маманы Дәурен ИСАЕВТЫҢ айтуынша, акция еліміздің киік мекендейтін 13 облысында жүріп, оған 430-ға жуық маман, 90 жол талғамайтын джип және 34 КамАЗ автокөлігі жұмылдырылды.
- Тас жолдарда мобильдік топтар, блок бекеттер жұмыс істейді. Сонымен қатар, мониторинг топтары екі тікұшақпен әуеден және жерден автокөлікпен санақ жүргізеді, - дейді ол.
Облыстық полиция департаменті табиғат қорғау полиция тобының аға инспекторы Бейбарыс МАМАЙДЫҢ айтуынша, былтыр жануарлар әлемі саласында 60 құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы ("Аң аулау қағидаларын бұзу") бойынша 50-ден астам хаттама толтырылып, құқықбұзушылардан тегіс ұңғылы аңшылық қару тәркіленген. Одан бөлек, ҚР ҚК-нің 339-бабы ("Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерімен заңсыз айналысу") бойынша 12 қылмыстық іс қозғалып, оның жетеуі сотқа жолданған.
Айнұр САПАРОВА