Атырау, 7 мамыр 08:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +22
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Құлсары мен Индер Жаңаөзенді қолдауға шықты

Сурет Бейнежазба
2 116 просмотра

Сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты бас көтерген Жаңаөзен тұрғындарын қолдау мақсатында Жылыой ауданы Құлсары қаласы мен Индер ауданы Өрлік ауылында жүздеген адам бейбіт шеру ұйымдастырды.

ҚҰЛСАРЫ

Күндізгі сағат үштен бастап халық аудан әкімшілігі ғимаратының алдына жиналды. Жүзге жуық адам жаңаөзендіктерді қолдай отырып, өз талаптарын да билік басына жеткізді.

-Тек газ емес, азық-түлік бағасы күннен-күнге аспандап бара жатыр. Бензин бағасы да еселеп өсіп жатыр. Жағдай өте қиындап бара жатыр. Халықтың дені жұмыссыз, көпшілігі жұмыссыз болғандықтан таксист болып жүр, одан түскен табыс жыртығымызды жамауға жетер емес. Базардағы баға бетімен кетті, қымбатшылық қысып, күнкөріс қиындап кетіп жатқаны халыққа оңай тимеуде. Бізде ешкімнің шаруасы жоқ. Теңіз кенішінде де қысқарту жүретіні жөнінде де айтылуда. Жергілікті жердің тұрғындары бірінші кезекте қысқартуға түседі екен. Сонда басқа жақтан келгендерге жұмыс бар да, іргедегі кәсіпорындардың қызығын өзгелер көруі керек пе? Ескенені де шетелдіктер жайлауда, ал жергілікті халық үшін жұмыс жоқ болып тұр,-деді наразылыққа шыққандар.

Бұған байланысты Жылыой аудан әкімі Халел ЖАМАЛОВ жарытымды жауап айта алмады.

- Басқа жақтан келгендер Теңіз кенішіне жұмысқа қабылданбайды дегенімен келісе алмаймын, бәрі де Қазақстан азаматтары. Ал талап-тілектеріңізді жоғарыға жеткізетін боламыз. Дұрысы тараңыздар, бұлай заңсыз топталып шығуға болмайды, - деді Х. Жамалов.

Үш сағаттан асса да бейбіт шеру тарқаған жоқ, адамдар әлі де жиналуда. Ал полиция жиналғандарды сырттай бақылауға алған.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан ҚОНДЫБАЕВ шерудің тарқауы жөнінде көпшілікке түсіндіріп әлек.

- Теңіз кенішінің қызығын осы жердегі жергілікті халық көрмейді, ал біз лас ауасын жұтып жүргеніміз неге ескерілмейді, - дейді наразы жұрт, бірақ ол сұраққа жауап ала алмауда.   

ИНДЕР АУДАНЫ

Өрлік ауылында да да бір топ адам жиналып, жаңаөзендіктерді қолдайтынын ашық білдірді.

- Мен жеке кәсіпкермін. Қымбатшылық қинап кетті. Газ бағасын 50 теңгеге түсірсін. Біз ауыл халқы жерлестерімізді қолдап жиналып, қымбатшылықты тоқтату жөнінде билік басындағылар шара алса дейміз,  -дейді кәсіпкер Сағат САТҚАНОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 қаңтар 2022, 21:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.