Атырау, 9 мамыр 17:41
 ашықВ Атырау +11
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Жайықтан қайтқан тырналар

6 977 просмотра

Жуырда Дамбы селолық мәдениет үйінде «Сағындырған кездер-ай» тақырыбында ауыл мәдениетінің бір кездегі майталмандары - сахна төрінде талай ән салып, би билеген ардагер өнерпаздардың концерті өтті.

САҒЫНДЫРҒАН КЕЗДЕР-АЙ

Осы мәдениет үйінде көп жылдардан бері жұмыс жасайтын «Амангелді» халық театрының қазіргі режиссері Қадыржан МҮТИЕВТІҢ айтуынша, бұл өнер кешінің ерекшелігі сахнаға сонау өткен ғасырдың 70-90-жылдары аралығында өнер көрсеткен, Дамбы селосын тек облыс ішінде ғана емес, бүкіл республикаға танымал еткен, халық театрының негізін қалаған сол кездегі қыз-жігіттер, қазіргі ата-әжелер шығып отыр: - Бұл шараның басты мақсаты – сол бір сағынышты кездерді еске алып, осы адамдар өнегесін қазіргі жастарға көрсету, ауыл мәдениетін жандандыру, - дейді режиссер.

Көрермендерге лық толған концерт өте тартымды да сезімге толы өтті. Өнер кешін өзінің «Көңіл толқыны» арнау жырымен Мәдениет БӘДЕЛҰЛЫ ашты. Жырға арқау болған ауыл өмірінің кешегісі мен бүгіні көрермендерді бір серпілтіп тастады. Содан соң сахна төріне «Жайықтан қайтқан тырналар» әнімен сырнайлатып, облысымызға белгілі азамат Ибрахим ИСМҰРАТОВ шықты. Бұл ән осы мәдениет үйінде дүниеге келген екен:

– 1974 жылы осы Амангелді ұжымшарының құрылғанына 40 жыл толуына орай үлкен мерекелік шара өткен болатын. Тойға бүкіл облыс өнерпаздарымен бірге Алматыдан Мұхтар ШАХАНОВ, Әсет БЕЙСЕУОВ, Суат ӘБУСЕЙІТОВ сияқты белгілі өнер майталмандары да келді. Халықтың ыстық ықыласына бөленген Мұхтар аға мен Әсет аға сол жерде ауыл тұрғындарының назарына өздері шығарған «Жайықтан қайтқан тырналар» әнін пианиноның сүйемелдеуімен ұсынып, қалай орындалу керектігін үйретіп кетті,- дейді И. Исмұратов.  

Зейнеткерлікке шыққан ұстаз Сағдия РАСПАЕВА сыған биін мың бұрала билеп, залды шулатса, Сәуле ХАЙРОШ өзінің «Әке туралы ой» термесін жырлады. Ал Ғарипа СҮЛЕЙМЕНОВА 1991 жылы Алматыда өткен халық театрлары байқауында бірінші орын алған Советхан ҒАББАСОВТЫҢ «Айтылмаған сыр» пьесасынан монолог оқыды...

Дамбыда керемет таланттар тұрады. Алайда, көркемөнер шығармашылығы қызған ғимарат сондай жұпыны көрінді. Бұл жөнінде Дамбы селолық мәдениет үйінің директоры Сатыбалды Көпжасаров былай дейді: 

- Иә, 1973 жылы пайдалануға берілген мәдениет үйінің қазіргі күйі заман талабына сай болмай жатыр. Оның бірнеше себебі бар. Бастысы, мәдениет үйінің меншіктік мәртебесі. Бұл үй бұрын Амангелді ұжымшарының балансында болған, яғни колхозшылар ақшасына салынған құрылыс. 2006 жылы ұжымшарды жеке кәсіпкерлер сатып алғанда, мәдениет үйі де солардың иелігіне өтті. Қазіргі уақытта қалалық мәдениет бөлімі осы Амангелді өндірістік кооперативімен жасасқан келісімшартқа сәйкес айына 170 мың теңге жалдау ақысын төлеп отыр. Яғни, біз жалдамалы мәдениет үйінде жұмыс жасап отырмыз.

- Ғимаратын жалдап отырған соң, ішін жөндеу жөнінде мүлік иесіне талап қойған жоқсыздар ма?

- Жеке кәсіпкерлер 2008 жылы мәдениет үйінің сыртына ғана күрделі жөндеу жүргізді. Ішіне кейін жүргіземіз деп сөз берген. Автономды жылу жүйесін 2010 жылы ғана қосты. Оған дейін ғимарат жылытылмаған еді. Соның салдарынан қабырғалар сыз тартып, сылақтары түсіп, әбден ескірді. Едендер тесіліп, астыңғы тіремелері шіріп, сынып жатыр. Көрермендер залының отырғыштары әбден тозды. Өз күштерімізбен жамап-жасқап, күндерімізді өткізіп келеміз. Мәдениет үйін жөндеу жөнінде кооператив басшылары мен жергілікті әкімдікке хат жолдағанбыз, ешқандай жауап жоқ. Ғимарат иелерінің болашақта бұл үйді спорт кешенініне айналдырғысы келетіндері жөнінде де әңгіме бар.

Жұмыс орны жағдайының нашарлығына қарамастан қызметкерлеріміз аянбай қызмет етуде. Кейде сахнаны безендіруге ақшаны өз қалтамыздан шығарып, жасап жатамыз.

Айта кетейік, 2008 жылы Дамбы селолық мәдениет үйі «Халық театры» атағын қайта қорғау кезінде облысқа ҚР Мәдениет министрлігінен комиссия келген болатын. Театр мүшелері комиссия назарына драмматург Сұлтанәлі  БАЛҒАБАЕВТЫҢ «Біз де ғашық болғанбыз» пьесасын қойды. Қойылым қонақтарға ұнап, ҚР мәдениет министрлігі мәдениет комитеті кинематография және театр өнері басқармасының сарапшысы Клара ТӨЛЕУҒАЛИЕВА өз сөзінде: «...Мәдениет үйіне алғаш кіргенімде, мынадай азып-тозған ғимаратта тап осындай керемет халық театры жұмыс жасайды деп ойламаппын», - деген болатын...

Содан бері бесжыл өтсе де, өзгерген ештеңе жоқ. Ал шығармашылық ұжым мүшелерінің алға қарайғы тағды-ры да белгісіз күйде қалып отыр.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

Суретті түсірген автор

14 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.