Атырау, 18 мамыр 15:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Электр энергетикасы: қараңғылықтан қалай шығамыз

2 464 просмотра

Атырау облысында электр энергиясының қыста бірнеше рет өшіп қалуы біздің өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанда бар мәселенің шетін шығарды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ мұнайлы астанадағы жағдайға назар аударғаны кездейсоқ емес.  Бұл туралы жақында біздің қалаға келген вице-премьер Роман СКЛЯР да көп нәрсе айтты.

«АЖ» бұл қолайсыздықтардың (жәй айтқанда осылай) 10 қаңтарда – парламент сайлауы күні басталғанын хабарлаған еді. Облыс орталығының кейбір ықшам аудандары, сондай-ақ, Индер және Махамбет аудандарының ауылдары электр жарығынсыз қалды. Бұдан кейін электр желілерінде тағы бірнеше рет ірі апат болды. Одан бөлек, АМӨЗ басшылығы өңірдегі электрмен қамту жүйесінің жұмысындағы ақаудың салдарынан зауытқа 25 млрд теңгеге залал келгенін мәлімдеді. 

Наурыздың ортасында энергетика министрі Нұрлан НОҒАЕВ технологиялық іркілістерді тексеру жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысын жария етті. Комиссия екі айға жуық жұмыс істеп, биыл 10-11 қаңтарда және 15-17 қаңтарда ауа райының қолайсыз жағдайында «КЕGОС» АҚ филиалының жоғары кернеулі жабдықтарындағы технологиялық іркілістердің орын алуына «короналық разрядтың» себеп болғанын анықтады.

Сонымен бірге, комиссия Батыс МЭТ «КЕGОС» АҚ филиалының жоғары кернеулі жабдықтарын пайдалануда технологиялық іркілістердің туындауына ықпал еткен жүйелі кемшіліктерді анықтады.

Тергеу нәтижесі бойынша болашақта осындай жағдайға жол бермеу үшін ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді. 

Ал ҚР Мәжіліс депутаты Дүйсенбай ТҰРҒАНОВТЫҢ айтуынша, орташа есеппен алғанда елімізде электр желісінің 60 пайыздан астамы тозған, сол себепті апаттар қайталана бермек. 

ІСКЕ ЖЕҢ ТҮРЕ КІРІСУДІ ТАПСЫРДЫ

Сондай-ақ, бір кездері электр энергиясы саласында біраз жыл еңбек еткен Тұрғановтың айтуынша, бұл салада кешенді жоспарлар мен даму бағдарламасының болмауы энергокомпаниялардың келешегінен үміт күттірмейді, ал саланың өзі жалпы инвестициялық тартымдылығын жоғалтып барады. Ескеретін жайт, отын-энергетикалық кешеннің басқа секторлары бойынша мұндай бағдарламалар бар. Мәселен, ҚР газ секторының 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы, 2015-2030 жылдарға арналған ҚР газдандырудың бас сызбасы, 2030 жылға дейінгі көмір өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасы. 

- Әр энергокомпания өз даму жолын өзі іздеуге мәжбүр. Мұның бәрі алға қойған мақсаттардың бір-біріне қайшы келуіне және игеруге келмейтін процесстерге алып келеді. Шешім аяқ астынан қабылданады, жүйелі және жан-жақты қарастырылмайды, - дейді Д. Тұрғанов. -  Инвесторлар Қазақстан энергетикасының қайда бағыт алғанын және қалай дамитынын білмейді. Сондықтан, олар бұл салаға қаржы салуға асықпайды. Бүгінде еліміздің электр энергетикасын дамытудың бас сызбасы жасақталды. Әлі күнге дейін «Жылумен қамтамасыз ету туралы» Заң қабылданған жоқ.

Энергетика саласының мәселелеріне ҚР президенті де биыл 26 қаңтарда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында назар аударды. 

- Еліміздің келешектегі дамуының маңызды шарттарының бірі - электр энергия жүйесінің үздіксіз әрі сенімді жұмысы. Соңғы кездері көршілес елдердің энергия жүйесіне тарихи тәуелділіктен оңтүстік аймақтарда электрмен қамтамасыз ету жұмысында іркіліс жиіледі. Ал биыл 10 қаңтарда болған Қазақстанның батысындағы энергия жүйесіндегі ақаулар бұл аймақтағы оқшауланған энергия жүйесінің жұмысында кемшілік барын көрсетті, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол үкіметке және «Самрұқ-Қазына» қорына қысқа мерзім ішінде Оңтүстік аймақтың электр энергиясы жүйесінің жұмысын күшейтуді бастауды, сондай-ақ, еліміздің батыс облыстары арасындағы транзиттік байланысты күшейту сызбасын жасақтауды тапсырды.   

 

ТҰРҒАНОВТЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Қазақстанның энергетикалық жүйесі қазірдің өзінде қуаттылық тапшылығын сезініп жатыр. Электр станцияларының негізгі қуат өндіруші жабдығының біразы ескірген.

- Орташа есеппен алғанда елімізде электр желілерінің 60 пайыздан, ал жылу желілерінің 50 пайыздан астамының тозығы жеткен. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың балансынан пайдаланушы мекемелер балансына берілмеген иесіз желілер саны көбейіп отыр. Одан басқа, қазір қымбатқа түсетін экологиялық шараларды өткізуді талап ететін жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Шұғыл шараларды кезек күттірмей қабылдау қажет, - дейді Тұрғанов.

- Биылғы қаңтардағы апаттар туралы не айта аласыз?

- Электр энергиясы саласындағы кешенді бағдарламаның болмауы осындай 220 кВ электр қуатын беру желісіндегі апатты өшудің кесірінен облыстың бірқатар аудандары мен Атырау қаласының жарықсыз қалуы секілді жағдайға жеткізеді. Бұл апат 220 кВ электр беру әуе желісі бойынша Ресей Федерациясымен Батыс аймақтың әлсіз байланысынан және Батыс аймақтың Бірыңғай энергия жүйесімен байланысы жоқтығынан болды.   

Тұрғановтың айтуынша, Қазақстан болашақта энергия тәуелсіздігін жоғалтып, Ресей электр станцияларынан әлдеқайда қымбат электр энергиясын сатып алуға мәжбүр болатын жағдай орнығуы мүмкін.   

- Сіз не ұсынасыз?

- Электр энергетика саласын дамытудың Ұлттық жобасын және тариф жүйесін қалыптастыру саласындағы ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат жасақтау қажет. Энергия өндіруші, энергия беруші және энергиямен қамтушы мекемелердің тиімді жұмыс атқаруына жағдай жасап, оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін электр және жылу энергетикасы саласындағы тариф жүйесін қалыптастыру саясатын толық кері қарастырып, жаңарту қажет.   

Тұрғанов Роман СКЛЯРГЕ барлық мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады. Бірақ, әзірге реакция жоқ. Айтпақшы, жергілікті билік жақында облыс әкімдігіндегі кеңес отырысындағы Склярдың сөйлеген сөзін «құпия ұстағысы келген ғой», шамасы. Тек қана баспасөз релизін таратты. 

Фархат ӘБІЛОВ

31 наурыз 2021, 00:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.