Атырау, 6 мамыр 12:52
 ашықВ Атырау +14
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Қазақстан мен Ресей Жайықты құтқару бағдарламасына қол қойды

5 362 просмотра

4 желтоқсанда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ пен РФ Табиғи ресурстар және экология министрі Александр КОЗЛОВ трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша 2021-2024 жылдарға арналған Ресей-Қазақстан ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.

Бағдарлама экожүйені қалпына келтіру, ластану көздерін түгендеу және анықтау, су өткізгіш құрылыстарды қалпына келтіру, бассейннің су объектілерін тазарту және қалпына келтіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуді қамтиды.

Министр Мырзағалиев соңғы жылдары Жайықта су ағынының азаюы байқалғанын, бұл жайылмалы уылдырық шашатын жерлердің тозуына әкелгенін, соның салдары Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас балықтардың өсіп-өнуіне кері әсер еткенін атап өтті.

«Жайықтың тайыздануы екі ел үшін - экологиялық өзекті ортақ проблема. Бұл ахуал өзен бассейнінің жалпы өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің нашарлауына әсер етті. Сондықтан өзен ағынын реттеуге кешенді тәсіл қажет, әсіресе, су тасқыны кезінде. Қабылданған Бағдарлама ахуалды түзетуге ықпал етеді және Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтауға мүмкіндік береді деп сенемін», - деді Мырзағалиев.

Жақында Қазақстан мен Ресей ірі трансшекаралық өзен бассейндерін (Орал, Ертіс және т.б.) зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың бірыңғай жол картасын бекітті, ол бойынша дерекқор құру жоспарланып отыр.

Жайық-Каспий су ресурстарын реттеу және қорғау су инспекциясынан алынған құжатқа сәйкес, көп жылдық гидрологиялық және гидрохимиялық мәліметтерді жинау және талдау, сондай-ақ, ағынды суларға айтарлықтай әсер ететін тармақтарды анықтау жұмыстары жүргізілетін болады.

Бұдан басқа, дерекқорға су деңгейін бақылау бекеттерінің күнделікті мәліметі енгізіледі, су қоймаларының есептік жұмыс режимдерін талдау және оларды пайдаланудағы қажетті өзгерістер туралы ұсыныс дайындау және тағы басқалар болады. Енді тек үміттенеміз.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

7 желтоқсан 2020, 14:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.