Атырау, 18 мамыр 19:58
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

ТЖД: «Қамысты аңшылар әдейі өртейді»

Сурет Бейнежазба
4 116 просмотра

Бүкіл қаланы түтін басқан қамыс өртінен кейін «АЖ» Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар БЕРЖАНОВҚА бірнеше сұрақ қойды.

Әңгіме барысына өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Мақсұт ЕСПОЛОВ және қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрлан ЖАҢАБАЕВ қатысты.

Омар БЕРЖАНОВ

ҚАМЫСТАҒЫ ШУ

- Жазда ТЖД қамыстың жиі тұтануына аптап ыстық пен күн күркіреген кезде найзағайдың түсуі себеп болатынын атады. Қазір суық түсті, күздің уақыты. Неге қамыс қайта өртеніп жатыр?

- Өрт 1 қыркүйекте ашылған аң аулау маусымы басталғалы жиілеп кетті. Аңшылар қоғамының мәліметі бойынша, облыста 4000-ға жуық аңшы мен балықшы ресми тіркелген. Ал тіркелмегендер саны – 2000-ға жуық. 3-7 қыркүйек пен 10-15 қазан аралығында қамыс бірнеше рет өртенді. Қараша айында да қамыс өрті болды. Бұл жыл сайын қайталанады, өрт, әсіресе, аң аулау маусымы ашылған кезде басталады. Мұның бәрі адам факторына байланысты - аңшылардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан орын алады.

- Соңғы 5 қарашадағы қамыстың жануына не себеп?

- Алдын ала болжанып отырған себебі – аңшылар жаққан отты өшірмей, тастап кеткен. Басқа себебі жоқ.

- Теңіз жағасында аң аулайтын жерлер бар ма? Бұл «Ақжайық» резерваты емес пе?

- Жоқ, бұл резерват емес. Резерват – қорғалатын аумақ, ол жерде өрт болмаған. Кеңөзек ауылдық округінде жағалаудағы қамыс өртенген. Ол жерде аң аулайтын «Веста» деген жер бар. Оның аумағына кірер ауызда маңдайшада телефон нөмірлері көрсетілген. Біз оларға қоңырау шалдық, ешкім жауап бермеді.

- Аңшылар от жағудан басқа, қамысты әдейі өртеуі мүмкін бе?

- Әдетте өрттің бәрі жұма күні кешке басталады. Бұл күні көп адам қаладан жол талғамайтын көліктермен аң аулауға шығып, қайықтарын ала келеді. Жұма күні кештен бастап жексенбі күнгі кешке дейін демалыс ұйымдастырады. От жағып, тамақ дайындайды, аң аулайды, қармақ салады. Өздерінен кейін жаққан оты мен темекі тұқылын өшірмей кетеді. Өрттің сол күндері болатынын байқап жүрміз.

- Сіздер оларға ескерту жасайсыздар ма?

- Әрине, ескертеміз, бірақ өздеріңіз көріп отырсыздар, одан нәтиже жоқ. Олардың қаладағы отбасы мүшелері мен жақындары да осы түтінмен тыныстап отыр ғой. Біз осы жердегі бүкіл қамысты шауып тастауға бола ма деп, мамандармен ақылдастық. Бұл мүмкін емес, жергілікті биосфераға зиян келтіреміз екен. Ол жерге құстар ұя салады, қамыстың ортасында аңдар тіршілік етеді. Өрт шыққан жерге барғанда, көбіне, қасында аңшылар болады. Сіздер ме өртеген деп сұрасақ, мойындамайды. Қамысты сөндіріп жатсақ, жақын жерде, бізден 50-100 метр қашықтықта олар үйрек атып жүреді.

- Сонда өртеп тұр ғой?

- Өрт сөндіру кезінде қамыс арасына жасырынған жабайы қабандарды көреміз. Аңшылар қамысты әдейі өртеп, жабайы қабандардың, қасқыр мен басқа аңдардың өрттен қашып шыққанын күтеді деп ойлаймыз. Біздің қызыл өрт сөндіру машиналарын көргенде, аңшылар, әдетте, джиптері мен «ниваларына» мініп, жан-жаққа қашады. 10-15 қазан аралығында қамыс жанғанда, 10 қазан жұма күні болатын. Сол кезде қала тұрғынынан жағалауда «Нива» көлігінің жанып жатқаны туралы қоңырау түсті. Біз келгенде, тіркемеде моторлы резеңке қайығымен бірге жанып кеткен машинаны таптық. Көлік иесі туралы бүкіл мәліметті шара қолдану үшін полицияға жолдадық. Осы жағдайдан кейін біз қызметкерлерді бейсенбіден дүйсенбіге дейін таңғы сағат 7-ден кешкі 19-ға дейін кезекшілікке жібереміз. Қазір жеке құрамнан 22 адам және 4 техника кезекшілік етеді.


НЕГЕ ТІКҰШАҚПЕН СӨНДІРМЕЙДІ?

- Әріптесім Нұрбейбіт Нұғыманов жақында өрт сөндірушілердің өртеніп жатқан қамысты қарапайым «сапалақпен» сөндіріп жатқаны туралы фоторепортаж жасады. Өрт сөндірудің басқа, заманауи тәсілдері жоқ болғаны ма?

- Жоқ, қамыс өскен кез-келген батпақты жердегі өртті осылай сөндіреді. Алдымен қызметкерлерді сапалақпен бірге «Трекол» жол талғамайтын көлігімен өрт болып жатқан жерге жеткіземіз. Бұдан басқа, бізде 17 литр су толтырылған аспалы өрт сөндіргіштер бар.

- Сіздерде басқа техника жоқ па? Мысалы, жүзбелі машиналар.

- Біз өрт сөндірудің әлемдік тәжірибесін ұстанамыз, қамысты сөндірудің басқа әдісі жоқ. Егер қызметкерлер өрт ошағына жете алмаса, тікұшақты қолданамыз. Жақында шекарашылардың әуе жастығы қайығымен теңіз жақтан өртке жеттік. Ол жерге кіру мүмкін болмады, 2 метрлік қамыс құрағы жанып жатты.

- Ал авиация қайда? Өрт осындай жиі болғандықтан Атырауда құтқарушылардың өртті әуеден сөндіру үшін өз тікұшақтары болуы керек қой.

- Ми-8МТВ тікұшағы бар, ол Атырау әуежайында тұр.

- Ендеше жазда Шымкенттен тікұшақты неге жалға алдыңыздар?

- Сол кезде тікұшағымыз Алматыда техникалық тексеруден өтіп жатты.

- Сіздер тікұшақты қандай жағдайда пайдаланасыздар?

- Қысқы уақытта адамдар, әдетте, шопандар жоғалған кезде пайдаланамыз. Түскен дабыл бойынша әуеден барлау үшін.

- Ал өрт сөндіру кезінде ше?

- Өрт ауқымы үлкен болғанда қолданамыз. Мысалы, қазан айында тікұшақпен қамыс өртін сөндірдік. Ол кезде өрттің биіктігі 2 метрге жетіп, өрт сөндірушілер ол жерге жете алмады. Қыркүйек айында да тікұшақты қолдануға тура келді. Біз шашу үшін өрт болып жатқан жерден су жинаймыз. Сыйымдылығы 3 тонна су шашатын құрылғыны толтыру үшін су көзі терең болуы керек, ол толығымен суға батуы тиіс.

- Қамыста өрттің жиілеп кеткені туралы жергілікті билікке хабар бересіздер ме?

- Біз облыс әкімдігі мен полиция департаментіне ұсыныспен хат жолдадық. Аңшыларды тексеру үшін Кеңөзек ауылдық округіне кіре беріске патрульдік полиция бекеттерін орнатуды сұраймыз. Адамдарды тоқтатып, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау керектігін ескерту керек. Қамыста от жағуға және сөнбеген темекі тұқылын тастауға тыйым салынған. Біз бәріміз осы қаланың тұрғынымыз, мұнда бәріміздің отбасымыз бен жақындарымыз тұрады. Кеше бәріміз осы түтінмен тыныстап, ыстың иісінен тұншығып қалдық. Атыраудағы нашар экология және ауаның ластануы бізді, өрт сөндірушілерді де қатты алаңдатады. Біз өрт болған кезде оны сөндіруге барымызды саламыз.

- Сіздерде адам мен техника жеткілікті ме?

- Иә, облыста бізде 540-қа жуық өрт сөндіруші мен 118 техника, оның ішінде 53 өрт сөндіру машинасы бар.


«БІЗГЕ «БУРЛАК» КЕРЕК»

Осы мүмкіндікті пайдаланып, Атырау облысының басты өрт сөндірушісі Мақсұт Есполов былай деді:

- Біз әлеуметтік желі қолданушыларының өрт сөндірушілер тиісті деңгейде әрекет етпейді деп жазып, жұмысымызды сынап жатқандарын жиі көреміз. Бұл олай емес. Біздің жігіттер өте ауқымды әрі ауыр жұмыстарды жасайды. Әдетте, бір күн жұмыс істеп, үш күн демалады. Қамыс өртін сөндіру кезінде қызметкерлер кезексіз ауысыммен жұмыс істейді, тәулік бойы жүріп жағалаудағы өртті сөндіреді. Жалпы, 2014 жылғы 11 сәуірдегі «ҚР азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, мұндай өртті сөндіруді жергілікті тұрғындардан еріктілерді тарту арқылы жергілікті атқарушы орган ұйымдастыруы керек. Алайда, біз санаспаймыз, қамысты өз күшімізбен сөндіруге барамыз.

Сіз жаңа сапалақты алмастыратын жаңа технологиялар туралы сұрадыңыз. Біз бұл мәселенің шешімін іздеудеміз. Жақында ресейлік әріптестерімізбен хабарластық, олар бізге жеңіл жүріп өтетін  «Бурлак» көлігін ұсынды. Бұл техника биіктігі 4 метрге дейін жететін қамыстан өте алады. Қазір батпақты жерде өрт ошағына жету мүмкін емес, техникамен бірге суға батып немесе өртеніп кету қаупі бар. Біз әкімдіктен «Ақжайық» резерваты үшін осындай көлікті сатып алуды сұрадық. Егер бізге «Бурлакты» сатып алса, біз қамыс ішіндегі өртті еш қиындықсыз сөндірер едік.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

9 қараша 2020, 13:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.