Атырау, 7 мамыр 13:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Егіншілер продюсерді таңдайды

Сурет Бейнежазба
6 704 просмотра

Атыраулықтар жаз аяқтала келсе де нарықта маусымдық көкөніс мен жемістің бағасы әлі төмендемегенін айтып жүр. Тіпті қарбыздың өзі былтырмен салыстырғанда бес есеге қымбат. «АЖ» тілшісі қалалықтарға көкөніс жеткізіп отырған Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығының егістік алқабына барып, даладағы диқандардың тірлігімен танысып қайтты.

Қаладағы карантин даладағы шаруаларға да қатты әсер еткен. Өзбектер келмегендіктен, жұмыс істейтін адам болмады.

«Дастан» шаруа қожалығы биыл 120 гектарға егін егіпті.

- Егінді егуін ектік, мәселе жинауға келгенде қиындық тудырды. Жыл сайын алқапты суарып, арам шөбін жұлуға келетін 25 қалпақ жігітім биыл наурызда шекарадан өте алмай қалды. Арасында 20 жылдай егінімді егумен айналысып келген тәжірибелі агрономым да бар еді. Барлығының Қазақстанға кіруге арналған рұқсат қағазы үшін қаржысы төленген, бірақ... Жұмыс күші аз болғандықтан, өнім піссе де кеш жинадық, - дейді шаруашылық басшысы Қоныс ЕРМАНОВ.

«ЖІГІТТЕРДІҢ БӘРІ ІСКЕР»

Қоныс Ерманов биыл 120 гектардан 6 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Егін алқабындағы көгенде жатып семірген көкөністер көздің жауын алады. Қауын-қарбыз, картоп пен көкөністің барлық түрі пісіп, жазық даланы түрлі түске бояндырып, самсап тұр. Жұмысшылар тез жинап, қапқа салып, қалаға жөнелтуге асығуда.

Мұнда 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың аздығына байланысты көрші жатқан Ақжайық ауылынан 10 баланы маусымдық жұмысқа тартқан.

- Жігіттердің бәрі іскер. Айына 100 мың теңге төлеп, екі мезгіл тамағын беремін, - дейді Қ.Ерманов. - Ауылынан алып келіп, кешкі 7-де кері апарып тастайды. Үзілісте  қауын-қарбызын жейді. Олар арамшөпті қолмен жұлады. Алайда басқа көптеген елдерде ол үшін гербицидтер қолданылады. Мен бұлай жасамаймын. Өйткені у түйінге түссе, ол аяғы ауыр ана мен жас баланың ағзасына зиян. Орнына арамшөпті жігіттерді жалдап жұлғызғаным артық. Халық адал тағам ішсін.


ПОЛИЦЕЙДІҢ ҰЛЫ ЕГІС АЛҚАБЫНДА

Төлімжай ОСПАНОВ мұнда 13 жылдан бері қара жұмысшы болып еңбек етеді. Көктем келісімен жыл құсындай ұшып келеді.

- Негізі Өзбекстанда менеджер мамандығын оқығанмын, бірақ бізде қарапайым құрылыс жұмыстарының өзіне жұмысқа тұру қиын. Олардың жалақысының өзі 40 мың теңгеден аспайды. Сондықтан 27 жасымда Қазақстанға келдім. Ауылда отбасымды асыраушы жалғыз өзім. Әкем полиция болып қызмет етті, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болды. Ол қайтқан соң, амалсыз осында келдім, - деп әңгімелейді Төлімжай.

Айтуынша, ол бұл жақтағы жұмысын мақтан тұтады.

- Ақпан айынан бері осындамын. Таңертең 6-да тұрып егістікке су айдаймын, жұмысшыларды тасимын. Егіннің басында жатын орнымыз, моншамыз қарастырылған. Тапқан табысымды жинап жатырмын, шетінен ауылға жіберіп тұрамын. Күзде үйіме барып, қысқа дейін демаламын. Ауылды, отбасымды сағынамын, бірақ оларды асырау да керек.

Таңның атысынан күннің батысына дейін егістіктегі жұмыс осылай жалғаса береді. «Дастан» қалаға күніне бір КаМАЗ тіркемесімен 20 тонна өнім жібереді, негізінен қарбыз-қауындар.

Қазыбек ТАУМАНОВ, КаМАЗ жүргізуші:

- Қалаға түнделетіп барамын. Жолға сағат жарым уақыт кетеді. Оны жігіттер ертеңгі күнге дейін түсіреді. Түсқайта қайта осында келемін, осылай уақыт өтіп жатыр. Бақша біткен соң қыста жылыжайда көкөніс егу басталады. Тірлік жыл он екі ай жалғаса береді.


АГРОНОМНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

"Дастан" ШҚ агрономы өз жұмысының құпиясымен бөлісті:

- Біз қарбыз-қауынды сәуірден бастап араға 10 күн салып егеміз. Өйткені бәрі бірдей пісіп қалса, күннің көзінде жатып, дәмін жоғалтып алады. Қарбыздың ең дәмдісін «продюсер» деп атаймыз. Бірақ оның түсі алқызыл болмайды, сырты жап-жасыл болып көзді тартпайды, бірақ дәмі ерекше.

- Қарбыз еккен жерге ештеңе шықпайды дейді, сол рас па?

- Иә, оны тәжірибемде көрдім. Қарбыз жердің құнарын басқа өнімдерге қарағанда көп сорады, сөйтіп келесі жылы ол жер аз өнім береді. Бірақ менде артық жерім болмаған соң, тыңайтқыш араластырып бір жерді екі-үш жыл пайдаланып барып демалтамын. Биыл жаңа жерге ектік.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

26 тамыз 2020, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.