Атырау, 7 мамыр 09:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +22
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Өзен түбінің қаттылығы және жайылымға төгілген лай

3 292 просмотра

Ақпан айында тұрғындармен кездесу кезінде Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ биыл Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары аяқталады деп мәлімдеген еді. Алайда «АЖ»-ға Құрманғазы ауданында (Қиғашта) бұл мерзім келесі жылға қалғаны белгілі болды. Оған себеп, мердігердің пікірінше, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде көптеген қателік кеткен. Толығырақ – «АЖ» материалында.

Жалпы бұл біздің өңіріміз үшін маңызы зор. Мақсат - Яицкий, Ганюшкин, Жаркосин каналдарында балықтың еш кедергісіз өтуіне жағдай жасау, балық ресурстарын сақтау, табиғи жағдайда балықтың көбеюі мен мекендеуіне  барынша қолайлы жағдай жасау. Жайық пен Қиғашты тереңдету жұмыстары 2017 жылдан жүргізіле бастады. Жайық өзеніндегі жұмыстарға 2 млрд 129 млн теңге, Ганюшкин және Жаркосин каналдарына 5 млрд 421 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «Павлодар өзен порты» АҚ мемлекеттік тапсырыстың толық көлемін 2020 жылдың желтоқсанына дейін «сарқуы» керек болатын.


ОЛ СЕНАТОР БОП ТҰРҒАН КЕЗДЕ

Жақында ғана сол кезде әлі Атырау облысының сенаторы болып тұрған Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ Құрманғазы ауданындағы жұмысты сынға алды:

Осы жобаға 5 млрд теңге бөлініп, биыл аяқталуы тиіс болатын. Бірақ аяқтау уақыты 2021 жылға шегіріліп отыр. Жобалаушылар жергілікті жағдаймен таныспай, жобалау жұмыстарына кіріскен. Мәселен жергілікті шаруалардың жерлерін қарамай, 126 шақырымға созылатын бірнеше өзен-каналдардың жағдайымен таныспаған. Сондай-ақ, өзен түбінің қаттылығы деңгейін дұрыс анықтамаған.

Құжат бойынша осындай техникалардың 5-уі жұмыс істеуі керек болса, қазір тек қана біреуі тереңдету жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ, жергілікті шаруалар өзеннен шыққан лай, өзенді жағалай орналасқан жайылым жерлерді құртып жатыр деп шағымдануда. Олардың пікірінше, жобалаушылар жергілікті тұрғындармен кездесуі тиіс еді және карта сызу кезінде мал жайылатын жерлерді ескермеген.

Мал жаятын жеріміз тарылып бара жатыр. Билік қайда қарап отыр? Неліктен бақылауға алмайды? - деп ашынады Жапырақ ауылының тұрғындары.


«АЛ ЖАЙЫҚТА УАҚЫТЫНДА АЯҚТАЙМЫЗ»

Жобаның өз уақытынан кеш аяқталатынын «Павлодар өзен порты» АҚ учаске бастығы Дидар АЛИПОВ та растап отыр. Оның айтуынша, Қиғаш өзенін тереңдетуге бөлінген 5 млрд 421 млн теңгенің әлі игеретін 2 млрд 600 млн теңгесі қалған.

Жобалау жұмыстарында кеткен қателіктер үшін жұмысымыз кідіріп қалды. Ауыл ішілік көпірлер өте төмен салынғандықтан, кейбір техника кіре алмады. Одан бөлек лай төгілетін карта дұрыс сызылмай, кейбір шаруалар жерімізді бермейміз деп шу шығарды. Топырақтың категориясы дұрыс анықталмаған. Мәселен, жоба бойынша топырақтың категориясы 1-ші  мен 2-ші болса, іс жүзінде 3-ші және 4-ші болды. Бұл техникаға үлкен күш салды, - дейді Д.Алипов. – Оның үстіне, карантин салдарынан Ресейден келетін жұмысшыларымыз елге кіре алмай қалды. Соның бәрі жұмысқа қолбайлау болды. 

- Жобаға сәйкес, тереңдету жұмыстарымен 5 техника айналысуы керек болған еді, бірақ қазір тек 1 техника ғана жұмыс жасап тұр. Неге?

Жоқ, қазір екі техника жұмыс жасап жатыр. Тағы екеуі 1-2 айдың ішінде келіп қалады. Одан бөлек 5 экскаваторымыз жұмысқа кірісейін деп жатыр.

- Ал Жайық өзенінде жағдай қалай?

Ол жерде алып баратқандай мәселе жоқ. Бұйыртса, жоспарлағандай биыл аяқтаймыз. Жайық-Каспий бассейнін тереңдетуге 2 млрд 129 млн теңге бөлінді, соның 160 млн теңгесін игеру ғана қалды. Өзен астында оратылған браконьерлік аулар біраз қиындық туғызды.

Ал «Уралводпроект» ЖШС (Орал қ.) директоры Жұмабай ТЕМІРБАЕВ мердігердің наразылығымен келіспейді.

Әр шаруашылыққа барып, әкімдермен сөйлестім. Қалдық төгілетін жерлерді де қарадық, мұның бәрі құжатта ескерілген. Егер мердігер ЖСҚ талаптарын сақтамаған болса, бұл біздің кінәміз емес, - дейді Темірбаев.

Фархат ӘБІЛОВ

25 тамыз 2020, 16:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.