Атырау, 9 мамыр 01:53
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Кавасаки әзірге Атырауда жоқ

3 021 просмотра

Атыраулық жасөспірімнен Кавасаки ауруы расталмады.

15 жасар бала «мультижүйелік қабыну» диагнозымен Атырау облыстық балалар ауруханасына 13 тамыз күні түскен.

- Бастапқыда оны учаскелік дəрігер емдеген. Науқастың дене қызуы жоғарылап, денесінде бөртпе пайда болып, тыныс алуы қиындап, аяқ-қолы іскен. Жағдайы нашарлаған соң облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Жасөспірімнен коронавирус инфекциясы анықталды. Республикалық медицина ұйымдарының бас мамандарымен бірлесіп, кешенді жүргізілген емдеу терапиясының нəтижесінде, соңғы күндері науқастың жағдайында оң динамика байқалды, - деп әңгімелейді облыстық балалар ауруханасы бас дəрігерінің орынбасары Орындық СИПЛОВА. - Тəбеті ашылып, тамақ ішіп, жағдайы жақсара бастады. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритмге сəйкес, мұндай диагнозбен ауыр жағдайдағы науқастар республикалық медицина орталығында емделуі керек. Сондықтан жасөспірім Алматы қаласындағы педиатриялық және балалар хирургиясы ғылыми орталығының инфекциялық бөлімшесіне санитариялық авиациямен жеткізілді.

Кавасаки ауруы расталған жоқ. Қазіргі уақытта оның денсаулығы жақсарып келеді.

Бұдан бұрын ақпарат агенттіктері Кавасаки ауруының немесе мультижүйелік қабыну синдромының белгілері коронавируспен ауырған қазақстандық балаларда анықтала бастағанын хабарлаған болатын.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

«АЖ» анықтамасы. Кавасаки синдромы (шырышты-тері синдромы) – орташа және ұсақ қан тамырлары қабынатын жүйелі васкулит. Қалтырау, шырышты қабықта, теріде өзгерістер пайда болып, коронарлық және басқа артериялар зақымданып, қан тамыры кеңеюі мүмкін, қан ұйып, қан тамырлары жарылуы мүмкін.

Синдром жапон дәрігері Томисаку Кавасакидің атымен аталған, осы жағдайды ең алғаш осы дәрігер сипаттаған. Ол осы диагнозды қоюға болатын критерийлерді белгілеген: қалтырау, көздің қызаруы; еріннің жарылуы; аяқ-қолдардың өзгерісі (алақанның немесе табанның қызаруы, қатты ісіну, саусақ ұштары терісінің түлеуі); денедегі бөртпе, мойынның лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

Голливудтың танымал актері Джон Траволтаның ұлы Джетт Траволтаның көз жұмуына осы дерттің қатысы бар. Екі жасында Джетке Кавасаки синдромы диагнозы қойылды, ал 2009 жылдың 2 қаңтарында жуынатын бөлмеде ол тепе-теңдігін жоғалтып құлап, жарақат алды, нәтижесінде қайтыс болды. Тепе-теңдіктің жоғалуына шамамен эпилептикалық ұстама себеп болған. 

24 тамыз 2020, 09:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.