Атырау, 9 мамыр 17:51
 ашықВ Атырау +7
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Нәрестенің өліміне қатысты сот ісі: адвокаттар тергеушіден жауап алды

3 999 просмотра

Тамыздың басында Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында облыстық перинаталды орталықта өткен жылдың 29 қыркүйегінде дүниеге келген нәрестенің өліміне қатысты сот ісі жалғасты. Карантиндік шектеулерге байланысты емес, процеске қатысушылардың кейбірінің науқастануына орай бір жарым ай үзіліс болды.

Естеріңізге салсақ, сотталушылар: перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ, акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАН, неонатолог дәрігерлер Руслан НҰРМҰХАНБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА, акушер Жамила ҚҰЛБАТЫРОВА.

Нысанбаев, Қайыржан және Құлбатырова ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-тармағының 3, 5, 7, 10, 14-тармақшалары («Көрінеу кәмелетке толмаған адамды алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының өлтіруі»), неонатологтар – ҚР ҚК-нің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша айыпталуда.

Бұл процесті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау қиындап кетті. Маусым айында біз оны облыстық соттың баспасөз орталығынан залға қосылған бейнеконференцбайланыс арқылы (БКБ) бақылап отырдық. Содан кейін карантиннің күшеюіне байланысты журналистерге облыстық сот ғимаратына кіруге тыйым салынды. Бірақ «АЖ» тілшісі бейнеконференцбайланыс жүйесіне өздігімен кіруге мүмкіндік алды. Бұл туралы білген соң тергеу изоляторында отырған Нысанбаев төрағалық етуші судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВАҒА шағымданнан кейін жүйеге кіру мүмкіндігі ажыратылды. Тек 18 тамызда, «АЖ» Жоғарғы сотқа шағымдану ниеті бар екенін мәлімдегеннен соң, біздің басылымға жүйеге қосылу мүмкіндігі қайта берілді. Рас, байланыс нашар болып, дыбыс жоғалып кетіп тұрды. Ақыры, сол күні, түстен кейін мені тікелей сот залына кіргізді.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Тек мұның кәсіби журналистік міндетімді орындауыма қатты кедергі келтіргенін айта кеткенді жөн көрдім.

Процестің өзіне оралайық. 18 тамызда Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше маңызды істер бойынша тергеушісі Мейрамбек СИПУЛЛАЕВТАН куәгер ретінде жауап алынды. Ол 2019 жылдың 25 мамырында перинаталды орталықта босану кезінде қайтыс болған 25 жастағы Ақжан Ережепованың өліміне қатысты «қажетті» қорытынды бергені үшін Сот-медицина сараптамасы институтының директорына 300 мың теңге пара берді деген күдікпен Нысанбаевты бақылауға алған тергеу-жедел тобын басқарды. Бірақ Нысанбаевтың телефонын тыңдау кезінде тағы бір анағұрлым сұмдық дерек анықталды. 29 қыркүйекте босанған Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВАНЫҢ сәбиінде тіршілік нышаны болмай, оны өлі туылған деп ресімдейді. Бірақ тоңазытқышқа апарған кезде сәбидің аяғы қозғалады, сол кезде акушер-гинеколог бас дәрігер Қуаныш Нысанбаевқа қоңырау шалып, ал ол тоңазытқышта «қалдырған жөн» деп жауап береді.

Әрі қарай бұл іс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен полиция департаментінің қызметкерлерінен ведомствоаралық тергеу тобы құрылды.


ҚПК ЖӘНЕ ОРАЛҒА ІССАПАР ТУРАЛЫ

Сот отырысында айыпталушылардың адвокаттары Сипуллаевқа сотқа дейінгі тергеу объективті жүргізілмегенін және тергеу барысында заң бұзушылықтар болғанын айтты. Сипуллаев мұнымен үзілді-кесілді келіспеді - оның айтуынша, Қылмыстық-процессуалдық кодексінің барлық талаптары сақталған.

Нысанбаевтың адвокаты Жамбыл МҰҚАШЕВ:

- Сіз не үшін түнгі уақытта жауап алдыңыз?

Сипуллаев:

- ҚПК-ге сәйкес жауап алу күндізгі уақытта өткізіледі, тек кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларды қоспағанда.

- Қандай жағдайлар кейінге қалдырылмайды?

- Бұл ҚПК-де егжей-тегжейлі айтылмаған.

- Онда неліктен куәгерлерден 5-6 сағаттан жауап алынды?

Осы жерде прокурор Магомед ЕСЕНБОЛАТОВ қарсылық білдірді: адвокат болымды түрде айтқанмен, бұл мәселе бойынша құжаттарды әлі тексеру керек деді. Ал судья сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің куәлардан жауап алу уақыты жазылған журнал туралы сұратқанда, оның ішінде басқа да істер туралы ақпарат болғандықтан, бұл ақпаратты бере алмайтындарын айтқанын жеткізді.

Адвокат Мұқашев Оралға сот-медициналық сараптамаға жіберілген Тұрымбетованың сәбиінің мәйіті туралы сұрай бастады.

- Объектіні зерттеуге бергеннен кейін жедел уәкіл Тасмағамбетов сараптама кезінде Оралда болды ма?

- Қателеспесем, оны апарғаннан кейін Атырауға қайтып келді.

- Мәйітті Оралдан Атырауға қашан және кім жеткізді? Тиісті құжаттар бар ма?

- Сенімхат арқылы оны алуға басқа бір жедел уәкіл барды, бірақ қазір нақты кім екені есімде жоқ.

- Неліктен Оралға тексеру үшін объектіні бір қызметкер апарып, кері басқа қызметкер алып келеді?

- Бұл сұраққа жауап бере алмаймын, мұны Тасмағамбетовтен сұрау керек.


БЕЙНЕЖАЗБА ТУРАЛЫ ПІКІРТАЛАС

Әрі қарай перзентханадағы бақылау камералары туралы сұрақтар қойылды.

- Бейнежазбаларды қашан және кім алған? Процессуалдық құжаттары жасалды ма?

- Көп уақыт өтті, нақты жауап бере алмаймын, істе бұл туралы хаттама бар.

- Сот залында облыстық перзентхананың бас инженері Серік ҚАРЫҚБОСЫНОВТАН куәгер ретінде жауап алынды. Ол бейнежазбалардың алынғанын, бірақ құжаттардың кейінгі датамен толтырылғанын айтты.

- Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын, оны алумен мен айналыспадым. Істе алу хаттамасы, уақыты, күні, қойылған қолдар тұр. Оны алған тергеушіден сұрау керек деп ойлаймын.

- Тұрымбетова перзентханаға 23 қыркүйекте түсті, сол күннен бастап 29 қыркүйекке дейін, босануға дейінгі және босану бөлімдері орналасқан 4-ші және 5-қабаттағы барлық бейнежазбалар іс материалдарына қосылды ма?

- Нақты жауап бере алмаймын. Сол оқиға болған 29 қыркүйектегі бейнежазба ғана бар шығар.

- 29 қыркүйектегі бейнежазбаны ғана тексеру туралы кім шешім қабылдады, неге Тұрымбетова перзентханаға түскен 23 қыркүйектен бастап тексермеген? Жүйелілік маңызды ғой, өйткені Тұрымбетова перзентханаға түскеннен кейін өзін ешкімнің дұрыс қарамағанын айтады.

Прокурор тағы да қарсылық білдірді:

- Қылмыс 29 қыркүйекте жасалды, сол күнгі бейнежазбалар толығымен алынды және іске тіркелді. Бұл жеткілікті болды.

Сипуллаев:

- Бейнежазбаны полиция департаментінің қызметкері Оразбаев егжей-тегжейлі тексерді, бұл сұрақты соған қойыңыз, мен ол кезде ведомствоаралық тергеу тобының құрамында болдым, басшы емес едім.


ТЕРГЕУШІНІҢ ШАМЫНА ТИГЕН СӨЗ

Содан кейін Құлбатырованың адвокаты Талғат МҰҚАТАНОВ Сипуллаевтан тергеу барысында жаңа туған нәрестені өлтіру туралы тергеу басталған құпия аудио жазбаны Алтынхан Ильясова мен оның ұлына (Тұрымбетованың енесі мен күйеуіне) не үшін тыңдатқанын сұрады. Сипуллаев: әйтпесе, олар дәрігерлердің мұндай ауыр қылмысты жасай алатынына сенбес еді, деп жауап берді.

Отырыс барысында басты айыпталушы Нысанбаев Сипуллаевқа:

- Сіз осы іспен айналыстыңыз, тергеу тобын басқардыңыз. Адвокаттардың сұрағына «білмеймін, есімде жоқ» деп жауап беріп отырсыз. Мүмкін сізге психологиялық сараптама жүргізу керек шығар? – деді.

Содан кейін прокурор судьяға ескерту жасауын, алдағы уақытта мұндай сөз айтуға жол бермеуін өтінді. Дегенмен, тергеушінің өзі де бір ауыз сөзін айтты.

Келесі отырыс 25 тамызға жоспарланған. 

Айнұр САПАРОВА

22 тамыз 2020, 12:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.