Атырау, 9 мамыр 05:32
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Атыраулық және француз аңшысының айырмашылығы қандай

3 266 просмотра

«АЖ» редакциясына «Атырау облыстық аңшылар және балықшылар қоғамы» ҚБ-нің бірнеше мүшесі келіп, Қоғам құрамындағы 6324 мүшесінің жарнасы қайда кетіп жатыр және аңшылық құратын аумақтарда неліктен ешқандай жағдай жасалмағанын білгісі келетінін айтты. Толығырақ – «АЖ» материалында.

Мүшелік жарнадан едәуір қомақты қаражат жиналады. Мәселен, 2015 жылы – 22 млн 500 мың теңге, 2016 жылы – 31 млн 800 мың теңге, 2017 жылы – 30 млн теңге, 2018 жылы – 42 млн, ал 2019 жылы – 48 млн жуық қаржы түскен.

- Біз жыл сайын жарна төлейміз, одан бөлек әр аңшы жолдама алуға ақы төлейді. Осыншама қаражат қайда кетіп жатқаны түсініксіз, - дейді ардагер аңшы Сабыртай ШОМИРОВ. – Қазір осы қоғамның еншілігінде 4 аңшылық аумақ бар. Сол жерлерге қоғам басшылығы жағдай жасауға міндетті. Аңшылық кезінде демалатын вагондар қойып, квадроцикл мен рация берулері керек. Ақшалары жоқ емес, бар. Бірақ сол ақшаның бәрі қайда кетіп жатқаны белгісіз. Біздің білетініміз, қоғамның еншісінде бір ғана «Шкода» автокөлігі бар. Сол көліктің бензиніне 2018 жылы – 5 млн 210 мың теңге, ал 2019 жылы – 3 млн 224 мың теңге жұмсалған. Одан бөлек қорықшыларға жалақы төленіп жатқанымен, оларды аңшылар көрмейді. Олар жұмысқа шығып, аңшыларға жөн сілтеуі керек қой.

Осындай жағдайда кей аңшылар шалғайдағы Қостанай, Ақмола облыстарына сабылады екен. «Алыс болғанымен сол өңір­лерде аң аулауға да, демалуға да қолай­лы жағдай жасалған. Аң-құсқа шығу үшін арнайы техника бөледі, қорық­шыны қосып береді. Тұрғын жай­дың мәселесі де  шешілген. Ал бізде неге бұлай емес?» деп сұрайды  жергілікті аңшылар.   


ФРАНЦУЗША ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ

Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені бойында демалыс аймағы орналасқан. Бірақ ол жер жергілікті аңшылар мен балықшылар үшін жабық. Осы жерді француздарға жалға бергені үшін Қоғам 2018 жылы – 10 млн теңге, ал өткен жылы – 10 млн 300 мың теңге кіріс алған.

- Құрманғазы ауданына аңшылық құруға француздар келген кезде, оларға барлық жағдай жасап қояды. Тіпті жап-жаңа автобустардан бастап, от жағатын, тамақ пісіретін, ұйықтайтын жерлері, тіпті душтарына дейін жасап береді. Неге осындай жағдайды өзіміздің аңшыларға да жасамайды?


ЖАРҒЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Аңшылардың қытығына тиген тағы бір мәселе – қоғамның Жарғысы. Олардың айтуынша, 1996 жылы алғашқы жарғы және 2016 жылы жаңа жарғы қабылданған, олардың қай-қайсымен де аңшылар таныса алмай жүр.

Жарғыда «қоғам мүшелерінің міндеттері мен құқықтары» деген пункт бар ғой. Біз өз міндетіміз бен құқығымызды білгіміз келеді. 26 мүшеден тұратын Кеңес бар, бірақ олардың да жұмысын көрмейміз. Сонымен қатар 1996 жылдан бері қоғам мүшелерімен ешқандай жиналыс өткізілмеген. Қоғамның алдағы жылға жоспарымен бөлісіп, басшылық қаржы есебін жасаған жоқ, - дейді аңшы Кәрім.

Осы сұрақтарды жазып, екі мәрте - 21 ақпан мен 6 наурызда қоғамға хат жібергенімен, жауабы болған жоқ.

Облыстағы аңшылар мен балықшылардың басын қосатын осы ұйым жекеменшік кәсіпорынға айналып кеткендей. Біздің ақшамызға алынған автобус жеке адамның атына тіркеліп, моторлы қайық пен басқа да техникалар мүлде қоғамның еншісінде жоқ. Біз ақшамызды сұрап отырғанымыз жоқ, тек сол ақшаға жағдай жасалса екен дейміз, - дейді аңшылар менімен әңгімесінде. Олар жалпы жиналыс жасап, қаржылық есеп беруді және басшыны сайлауды талап етіп отыр.


«АҢШЫЛЫҚ – ШИПАЖАЙДАҒЫ ДЕМАЛЫС ЕМЕС»

Осы лауазымда бұрын болған Асылтек ИСПУСИНОВТЫҢ орнына жақында келген аңшылар мен балықшылар қоғамының басшысы Вячеслав ЖҰМУРОВПЕН әңгімелескенде алдымен Жарғы туралы сұрадым.

- Жарғы 2016 жылы бекітіліп, әділет органдарында тіркелді. Иә,  ол өңдеуді қажет етеді. Біз жаңа Жарғының жобасын талқылап, ұсыныс беру үшін осы жылдың қазан айында аңшылық қоғамның «АFH.KZ» сайтында орналастыруды жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылдың қаңтар айында АОАжБҚ конференциясын өткізуді жоспарлап қойдық, онда күн тәртібінің басты тармақтарының бірі Жарғыны қарап, бекіту болады, - дейді В.Жұмуров.

- Аңшылардың айтуынша, Құрманғазы ауданындағы демалыс орны жергілікті тұрғындар үшін жабық, тек шетелдіктерді қабылдайды. Неге олай?

- Шынында да Құрманғазы ауданында шетелдік аңшылық туризмін ұйымдастыру үшін бөлінген учаске бар. Мұнда құрылған инфрақұрылымды аңшылық қоғам емес, 2015 жылдан 2022 жылға дейін аңшылық учаскесін пайдалануға ұзақ мерзімді келісімшарты бар шетелдік компания қаржыландырды.

- Аңшылар мүшелік жарнаны уақытылы төлесе де, олар үшін ешқандай жағдай жасалмаған деп шағымданады. Бұл туралы не айта аласыз?

- Әуесқойлық аң аулау – бұл шипажайда демалу емес. Бұл әр аңшы жеке ұйымдастыратын демалыс. Аң аулау қоғамы жерді пайдалану шартына сәйкес қорғауды, жануар мен құс аулауға лимит бөліп, жолдамаларды өткізуді қамтамасыз етуге міндетті. Біз бекітілген жер учаскелерінің екінші кезектегі пайдаланушысы болғандықтан, тұрақты қорықшылық бекет салуға құқығымыз жоқ. Дегенмен, ең алдымен жерді бақылауға және қорғауға арналған жылжымалы вагондар бар. Олар аумаққа кіретін аңшыларды тіркеу пункті ретінде қызмет етеді. Қазір мұндай алты бақылау пункті бар.


«ЖАҚЫНДА АУДИТ. АҢ АУЛАУҒА ШАҚЫРАМЫЗ»

- Көбі қаржы есебінің ашық болмауына наразы. Мысалы, бір «Шкода» автокөлігіне жанармай құю үшін қалай жылына 5 миллион жұмсалады?

- Бензин шығыны, моторлы қайық пен басқа да техниканы сатып алуға қатысты айтарым, қазір мен аудит өткізіп жатырмын, тамыз айында аяқталуы керек. Негізгі құралдарды түгендеу жүргізілуде. Бұл сұраққа осы іс-шаралар аяқталғаннан кейін жауап беруге мүмкін болады.

- Неліктен жиналыс 24 жыл бойы өткізілмеген?

- Бұл сұрақ маған емес! Осы жылдар ішінде қандай жиналыс өткізілгені  туралы  білмеймін, өйткені Қоғамда мұрағат жоқ. Мүмкіндікті пайдалана отырып, аңшылық қоғам қазіргі уақытта 2020-2021 жылдарға аң аулау маусымына жолдама сатылып жатқанын хабарлайды. АОАжБҚ аңшылық аумағында суда жүзетіндерге аңға шығу 5 қыркүйекте басталып, 30 қарашада аяқталады.  

Фархат ӘБІЛОВ

24 тамыз 2020, 10:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.