Атырау, 23 қараша 23:14
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Элитарлы әрі тегін

4 975 просмотра

Назарбаев зияткерлік мектебі қабылданатын оқушыларға іріктеу жүргізуді бастады. Үміткерлер құжаттарын 25 желтоқсанға дейін тапсырулары тиіс. Алғашқы емтихан 2013 жылдың 6 қаңтарына белгіленген. Қарашаның аяғында жаңа мектеп үшін мұғалімдер іріктелген болатын. Іріктеу конкурсына 224 үміткер қатысты. Олардың ішінде жоғары оқу орындары мен колледждердің ғылыми дәрежелі оқытушылары да бар.

Олардың 53-і мектепте жұмыс істеуге ұсынылды, 11-і резервке алынып, 17-сі мектепте лаборант, куратор және тәрбиеші ретінде жұмыс жасауға ұсынылды. Іріктелген 53 мұғалімнің 35-і біліктіліктерін көтеру курстарын оқуды бастап кетті.

Біз екінші кезеңде де осындай конкурс болады деп күтіп отырмыз, бұл туралы кейінірек хабарланатын болады. Бізге әлі математика, информатика, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері керек, басқа пәндер бойынша оқытушылар құрамы жинақталды, - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымының Атырау облысындағы өкілдігінің директоры Тавиля АКИМОВА.

Өз әріптестеріне қол ұшын беруге келген осы ұйымның Семей қаласындағы филиалының директоры Зина НАЗАРАЛИЕВА (суретте) өз мектебінің тәжірибесі туралы әңгімеледі:

- Біздің мектебіміз жобаны алғаш жүзеге асыру басталған уақытта ашылды, сондықтан біз бірден мұғалімдер мен оқушылардың толық құрамын жинай алмадық. Қазір ашылып жатқан мектептерге анағұрлым жеңіл, өйткені бұл білім беру жобасы бүгінде беделге, мәртебеге ие болған. Назарбаев зияткерлік мектебінің алғашқы түлектері өте жақсы нәтижелер көрсетті, - деп атап өтті ол.

Атыраулық мұғалімдер негіздік деңгейден бастап оқытыла бастады. Оның бағдарламасы Кембридж университетінің білім беру факультетінің мамандарымен бірлесіп жасалған. Оқу тақырыбы – білім берудегі жаңа тәсілдер, дарынды балалармен жұмыс, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өлшемді бағалау. Оқу курсын жақсы аяқтаған мұғалімдер сертификат алып, соның негізінде біліктілік санатын көтеруге және еңбекақысын 30 пайызға көбейтуге үміттене алады.

Әдетте біздің мектептерде оқушы оқу барысында енжар объект ретінде қатысады, мұғалім сөйлеп, оқушы тыңдап, еске сақтайды. Ал жаңа әдіс бойынша оқушы басты тұлға болмақ. Мұғалім қалтарыста қалып, берілген тапсырманы шешу барысында білімді баланың өзі игеріп алатындай етіп ұйымдастыруы тиіс.

Қазір Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері семейлік әріптестерімен бірге облыс мектептерінің оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесу өткізуде. 7-9 сынып оқушылары үшін кешенді тестілеу Жаңа жылдан кейін басталады. Қазір тестілеу қорытындылары бойынша қанша бала іріктелетінін болжау мүмкін емес, алайда ережеге сәйкес, мектепте әр кезеңде 8 сыныптан болуы тиіс (сегіз 7-сынып, сегіз 8-сынып және т.б.). Әр сыныпта 20-24 оқушы болуы керек.

Қабылдау комиссиясы Әйтеке би көшесі, 186 мекен-жайындағы Кіші өнер Академиясының ғимаратындағы 218-кабинетте орналасқан. 27-01-90 телефонына хабарласуға болады.
Кешенді тестілеу Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғимаратында өткізіледі.

Конкурстық іріктеуге қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі:
- ата-аналардың өтініші;
- бекітілген үлгі бойынша толтырылған сауалнама;
- туу туралы немесе жеке бас куәліктерінің көшірмелері;
- тұрғылықты мекен-жайынан анықтама;
- 860/у үлгісіндегі медициналық анықтама;
- егер үміткер ағымдағы оқу жылын аяқтамаған болса және оқып жатқан болса, бірінші жартыжылдықтағы және соңғы екі жылдағы үміткердің (басшының қолымен және білім беру мекемесінің мөрімен расталған) оқу үлгерімі мен тәртібі туралы табельдің көшірмесі;
- үміткердің мекеменің мөрімен расталған мақтау қағаздарының, дипломдарының, сертификаттарының (бар болған жағдайда) көшірмелері;
- 3х4 фотосурет – 2 дана;
- файлдар (11 дана);
- пластик тезтікпе (скоросшиватель);
- торлы дәптер – 1 дана (12 беттік)

Құжаттар 25 желтоқсанға дейін (сол күнді қосқанда) қабылданады, сағат 18.00-де база жабылады. Содан кейін оған үміткерлер іліге алмайды. Профильдік пәндер мен тілдер бойынша алғашқы тестілеу сынағы 2013 жылдың 6 қаңтарына белгіленген. 7 және 8-сыныптарға түскісі келетін оқушылар математикадан, биологиядан, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен сынақ тапсырады. 9-сыныпқа тапсырушылар үшін де осы пәндер міндетті. Алайда бір айырмашылығы: математиканың орнына олар химия пәнінен тапсырады. Апелляциялар 8 қаңтарда қаралады. 30 және одан да жоғары балл жинаған үміткерлер келесі сынақ кезеңіне өтеді. Екінші кезеңде 7-сынып оқушылары математика мен биология бойынша жазбаша жұмыс тапсырулары тиіс. 8 және 9-сынып оқушылары профильдік пәндер бойынша жазбаша бақылау жұмыстарын (үш түрлі деңгейдегі 5 тапсырма) тапсырады. Сегізінші сыныптықтар математика мен биологиядан, тоғызыншы сыныптықтар химия мен биологиядан бақылау жұмыстарын тапсырады. Әр пән бойынша 9 және одан да көп балл жинау керек болады. Барлық тестілер мен тапсырмалар мектеп бағдарламасының негізінде жасалады. Сұрақ кітапшалары Астанадан мөрленген күйде әкелінеді, оны емтихан басталғанша ашуға ешкімнің де қақысы жоқ.

«Өркен» білім беру гранты конкурс нәтижелері бойынша нақты мектептерге бөлінген гранттар көлемінде анағұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге беріледі. Мектептің нақты ашылу уақытын Тавиля Акимова атай алмады, алайда мұның ағымдағы оқу жылында жүзеге асырылатындығына сенімді.

Құрылыс өте қарқынды, біз периметр бойынша жабылдық, ішкі жұмыстар мен аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, - деп атап өтті ол.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 желтоқсан 2012, 19:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.