Бүгін, 10 желтоқсанда Атырау облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі біздің «Мұнайды эшелонмен ұрлайтын болған ба?» деп аталатын жарияланымымызда көрсетілген фактілерге комментарий беру жөніндегі ауызша сұранысымызға жауап ретінде осыған қатысты бөлек баспасөз мәліметін жолдаған болатын. Онда «Ақжайық» теміржол стансасында «АМӨЗ» ЖШС-не өңдеуге жіберілмек болған мұнай құйылған 11 вагон цистерналарының ұсталу фактісі расталған.
Ілеспе құжаттарға сәйкес, мұнай жер қойнауын пайдаланушы «Казақмыс Петролиум» ЖШС тиесілі кен орнынан алынған. Мұнай жіберуші екі кәсіпорын, жүк алушы – «Р» ЖШС болып табылады.Жер қойнауын пайдаланушы аталған компаниялармен келісім-шарт жасамаған, ал көрсеткен құжаттарда жалғандық белгілері анықталған.
Сот-тауар сараптама қорытындысына сәйкес 686,47 тонна мөлшеріндегі мұнайдың жалпы бағасы 82 миллионнан астам теңгені құрайды.
Аталған дерек бойынша ағымдағы жылдың 6 желтоқсанында компания басшыларына қатысты ҚР ҚК-нің 183-1 бабының 1-бөлігі (Мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иелену, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды өңдеу) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
Бейресми ақпарат көздері мұнай жіберуші кәсіпорынның атын мәлім етті. Қазір құпия «Р» ЖШС-нің – Атыраудағы бизнес орталықтарының бірінің бір қабатын түгелімен жалға алып отырған «Petrolin» кәсіпорны екенін сенімді түрде айта аламыз. Үстіміздегі жылдың қарашасында АМӨЗ-де бас директордың ауысқанын тағы да естеріңізге саламыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ