Атырау, 7 мамыр 02:48
 ашықВ Атырау +20
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Семейдің әкімі ән бұлбұлын алдады

3 424 просмотра

Қазақ өнерінің көгінде өзгеше даусымен дараланып, таланты әлемге ерте танылған өнер жұлдызы Бибігүл Төлегенованы таныстырып жатудың өзі артық. Бүгінде жасы 90-ға толса да, тұғырынан таймай, бұлбұл үні сайрай, сахна төрінде аңызға айналған сара саңлақтың орны қашанда биікте. 1946 жылы Семей ет комбинатында еңбек жолын бастаған қаршадай қыз «Гауһартас» пен «Жиырма бес» сияқты халық әндерін тамылжыта орындап, айналасын тәнті еткен еді. Талант есімінің танылуына сол кезде Семейде тұрған орыс жазушысы Г.Серебриякованың себепкер болғанын атап айтқан жөн. 1936-37 жылдары «халық жауының» әйелі ретінде қуғындалған Серебриякованың Семей қаласында тұрған кезінде Бибігүл Ахметқызының даусын алғаш танып, бағыт сілтегенін алдағы жылдарда түбегейлі зерттеген артық болмас.

Ал біздің айтпағымыз – аты аңызға айналған ән бұлбұлына айрықша құрмет көрсетілетінін өткен жылы естігенімізбен, оның жай сөзге айналғаны. Яғни Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің бастамашы болуымен былтыр Семей қалалық мәдениет сарайына Бибігүл Төлегенованың есімі берілетінін естігенде бестегі баладан белі бүгілген қартқа дейін қуанған болатын. Алайда қала басшысының жалпақ жұртқа жар салып айтқан уәдесінің орындалуына не кедергі болып отырғаны әлі күнге дейін түсініксіз. 

Ал былтыр, 2019 жылдың 29 желтоқсанында  ән анасы Бибігүл  Төлегенова 90 жасқа толғаны белгілі. Тап сол кезде хас таланттың мерейтойынан он шақты күн бұрын, нақты айтқанда Тәуелсіздік күні қарсаңында, Семей төрі дүбірлеп жатты. Яғни Семей қаласының төріндегі «Қарағайлы» ықшамауданынан бой көтерген мәдени-спорттық кешеннің ашылу салтанатында Ермак Сәлімов қаламыздағы мәдениет сарайына есімі ЮНЕСКО тізіміне енген Бибігүл Төлегенованың аты берілетінін сүйіншілей айтқан еді.

Әкім Е.Сәлімовтің сол кезде елді қандай сөзімен қуантқаны БАҚ бетінде, интернет сайттарында әлі күнге дейін сайрап тұр. «Бибігүл Ахметқызы Төлегенова ХХ  ғасырдың көрнекті 20 әйелінің бірі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Бибігүл Ахметқызына құрмет көрсете отырып, біз Семей жерінің шын мәнінде киелі екенін тағы бір рет атап өткіміз келеді. Бізде мақтанатын дүниелер бар», – деді өзінің құттықтау сөзінде Ермак Сәлімов. Сонымен қатар әкім Семейдегі қалалық мәдениет үйіне Бибігүл Төлегенованың есімін беру үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын баса айтты», – деп хабарлаған болатын "ҚазАқпарат"

Бұл ақжолтай хабар артынша Алматыдағы опера және балет театрында дүбірлеп өткен ән анасының мерейтой қуанышында да айтылғаны елдің әлі күнге дейін есінде. «Халықтың ықыласына мен мың да бір ризамын. Мені көтерген – халық. Жасым тоқсанға келсе де, «қазақтың бұлбұл әнші қызы» атанып отырмын. Менен бақытты адам жоқ», – деп тебіренді аты аңызға айналған мерейтой иесі.

Дәл осы дүбірлеген қуанышты сәтте сахна төріне шығып, сөз алған қала басшысы Ермак Сәлімов дүйім жұрттың көз алдында Семейдегі мәдениет сарайына КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың есімі берілетінін тағы да қайталап, талантқа деген құрметін жерлестері атынан тамаша жеткізіп тамсандырған еді. Туған қаласы Семейден жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізіп, алдағы уақытта қаладағы өнер ордасынан Бибігүл Төлегенованың есімі жарқырап тұратынына шүбәсіз сендірген. Қарамағындағы шенеуніктердің бірі емес, білдей қала әкімінің өзі уәде берген соң, оның көп күттірмей орындалатыны анық сияқты еді. Бұл хабарға сол кезде халықпен бірге, ән анасы Бибігүл Ахметқызының өзі де ерекше разы болғаны есімізде.

Алайда әкім берген сол уәде жылдың соңымен бірге жұтылып кеткендей жым-жырт қалғанын несіне жасырайық. Биылғы көктемде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина онлайн баспасөз мәслихатын өткізгенде, қаламыздағы бірқатар мектептерге ұлт тұлғаларының есімдері берілгенін айтып бір қуантқан. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың, Ыбырай Алтынсариннің, Қаныш Сәтбаевтың есімдері берілген білім ошақтарының тізімі жария болғанда қуанбаған қазақ баласы жоқ еді. Бұл, сөзсіз, тамаша жетістік еді. Бірақ неге екенін кім білсін, өткен жылдың соңында қала басшысы бір емес, екі рет айтып қуантқан тамаша жаңалықтың лебі сезілмеді. Яғни ЮНЕСКО көлеміндегі 20 әйелдің қатарындағы қазақтың дара әншісі Бибігүл Төлегенованың Семей қалалық мәдениет сарайына аты берілетін күнге жетудің ауылы алыстап кеткендей болды. Басқасы басқа, күллі қазақ қуанған ән бұлбұлының 90 жасқа толған мерейтойында айтылған ақжолтай хабардың соңы түсініксіз жағдайда көзден бұл-бұл ұша бастағандай болды. Сонда күллі жұрттың алдында мәдениет сарайына әншінің атын бергелі жатқанын айтқан Семей әкімінің уәдесі қайда қалды?

Мәселенің мән-жайына қанығу мақсатымен Семей қаласы әкімінің идеология және әлеуметтік сала бойынша орынбасары Айдар Садырбаевқа қоңырау шалғанда «ономастикалық комиссия жауабын күтіп отырмыз» дегеннен өзге мардымды жауап ала алмадық. «Ономастикалық комиссияға әкім уәде берерде жіберілді ме, жоқ әлде айтқан соң барып жолданды ма?» деген сауалымызға да жарытымды жауап ала алмадық. Әкімнің орынбасары әкімдіктің бітпейтін жиналыстарының бірі басталып кеткенін айтып, тұтқаны қоя салды. 

Ал ономастикалық комиссия қарауында мақұлданып, биыл Бибігүл әншінің есімі қала төрінде асқақтайтын болса, сол қуаныштың бел ортасында Е.Сәлімовтің өзі бастаған қала шенеуніктері тұратынына күмән жоқ.

Дереккөз: Жас Алаш

11 маусым 2020, 11:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.