Атырау, 28 сәуір 17:17
 ашықВ Атырау +18
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Атырау әзірге ашылмайды, автобустар да жүрмейді

17 361 просмотра

Базардың ашылуы туралы әлі әңгіме болған жоқ, ал қызметі рұқсат етілетін ұйымдар 4 мамырдан бастап барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен дезинфекциялық режимді сақтай отырып жұмыс істеуі тиіс. Оларды мобильді топ қадағалайтын болады. Ереже сақталмаған жағдайда берілген рұқсатты кері қайтаруы мүмкін. Бұл туралы онлайн өткен брифингте кәсіпкерлік басқармасының басшысы Айқын ЕЛЕУСІЗОВ мәлім етті.

Біз Елеусізов мырзадан дүйсенбі күні қанша кәсіпорын өз жұмысын бастайтынын, өз қызметін іске қосуға дайын ба, қосалқы бөлшектер мен құрылыс материалдарын карантин режимінде жеткізу мәселесі қалай болатынын сұрадық.

- Барлық кәсіпорындарды бірнеше күн бұрын хабардар еткенбіз. Осы уақыт ішінде олар дайындалып, қызметкерлерінің қозғалуына рұқсатын алып үлгерді деп ойлаймын.  Облыстан тыс жерден азық-түлік, құрылыс материалдарын әкелуге бұрын да тыйым салынған жоқ, сондықтан өнім тапшылығы болмауы тиіс. Облыс бойынша 49 мыңнан астам жекеменшік ұйымдар тіркеліп, жұмыс істеп жатыр, қазір олардың қаншасы рұқсат алғанын айту қиын. Бірақ кәсіпкерлерге менің өтінішім бар: барлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істегендеріңіз жөн. Қызметкердің бәрі бетперде киіп, антисептиктерді пайдалануы тиіс, қызметкерлердің жұмыс орындарының арасы екі метрден кем болмаған дұрыс, шаштараз клиенттерді тек алдын ала жазылу арқылы қабылдауы керек.  Көлік жуатын орындар тек қызметтік көліктерге ғана ашылды, өйткені карантин әлі аяқталған жоқ, жеке көлікпен көшеге шығуға тыйым салынған. Бұл нормалардың сақталуын мобильді топтар тексеретін болады. Тәртіптің бұзылғанын байқаған клиенттер жедел штабқа хабарласа алады, - деді А. Елеусізов.

Оның айтуынша, егер салонда шашты бояу, маникюр, кірпік өсіру секілді бірнеше қызмет түрі ұсынылған болса,  тек шаштаразға ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген. Онда да сауда орындары мен базардағы емес, оңаша тұрған сұлулық салондары жұмыс істей алады.

Қалған қызмет түрлеріне әлі рұқсат берілген жоқ. Карантин енгізілгенше сағат 10-нан 22-ге дейін жұмыс істеген дүкендер енді өз жұмыс кестесін қызметкерлері таңертеңгі сағат 9-ға дейін жұмысқа келіп, кешкі сағат 20.00-ге дейін үйіне оралатындай етіп ауыстыруы тиіс.

- Маған неге қоғамдық көлік қызметі іске қосылмайды, медицина мекемелеріне қалай жетеміз деген сұрақтарды  қойып жатыр.  Эпидемиологтар біледі – қоғамдық көлік ауру жұқтыруға ең қолайлы әрі қауіпті орта болып есептеледі. Автобустағы ауа алмасу есебінен салонның басында отырған бір адам барлық жолаушылардың 65 пайызына инфекция жұқтыруы мүмкін. Ал егер науқас салонның артқы жағында отырса, онда бірге келе жатқан жолсеріктерінің 20 пайызына жұқтырады, - деді облыстың бас санитарлық дәрігері Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ. - Бізде коронавирус жұқтырған 175 науқас бар, ал бұл вирус 75 пайыз жағдайда еш сипаттамасыз өтеді. Яғни, адамның өзі білмей, айналасындағыларға вирус  жұқтыруы мүмкін. Қаланың басқа бөлігінде орналасқан шаштаразға, тіс дәрігеріне немсесе медицина орталығына барудың қажеті жоқ. Қазір кез-келген ықшамауданда осындай қызмет көрсететін ұйымдар бар. Әлде де оқшауланып, сақтанып жүру керек, ал ашылған мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауы тиіс. Көп ұйымдар алған рұқсаттарын тиісінше пайдаланбайды. Мәселен, қала орталығында көпірге жақын Азаттық көшесі бойында біз бірнеше автокөлікті тоқтаттық: жүргізушінің рұқсаты бар, бірақ ол жұмыс бабымен жүрген жоқ, көлікте отбасымен, балаларымен бірге жүр. Осылайша ол өз отбасына қауіп төндіріп отыр.

Басқа өңірлермен теміржол қатынасы қашан ашылатыны, сондай-ақ аудандарға барып-келуге рұқсат беріле ме деген сұрақтарға жауап бере отырып, ол қазір қаланы ашсақ, Атырауда Теңіз кенішіндегідей жағдай қайталануы мүмкін екенін атап өтті. Егер аурудың өсімі тұрақты 5 пайыздан аспайтын жағдайға жетсе ғана карантин аяқталуы мүмкін. Теңізде қазір 20-25 пайыз өсім байқалып тұр. Егер ауылда қажетті маман болмай, адамға медициналық көмек қажет болса, онда оған шығуға рұқсат етіледі. Бірақ қолында мәселен, маманға белгілі бір уақытқа жазылу туралы ақпарат секілді растайтын құжат болған жөн. Жағалауда қыдыруға бұрынғыша тыйым салынады. Спортпен көп адам жиналып емес, жалғыз жүріп шұғылдануға болады. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

4 мамыр 2020, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.