Атырау, 7 мамыр 05:50
 ашықВ Атырау +20
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

«Халықтық ІРО»: тәуекелге бел буамыз ба?

2 526 просмотра

«Халықтық ІРО»-ға қатысуға өтініштер 6 қарашадан бастап қабылданады. Қазір «ҚазТрансОйл» АҚ-ның (ҚТО – бағдарламаны жүзеге асыруды осы компанияның бағалы қағаздарын сатудан бастау ұйғарылған) қарапайым бір акциясының бағасы 725 теңге деңгейінде бекітілген кезде, ІРО-ға қызығушылық білдірген адамдар: «ҚТО акцияларын сату-сатып алудан табыс табуға бола ма, әлде бұл мемлекет атынан ұсынылған кезекті «лохотрон» ба?» деген сұрақтар қоя бастады.

Айта кетелік, Ресейде «Халықтық ІРО» келеңсіз тәжірибеге айналды. Мәселен, «Роснефть» акциясын сатып алған адамдар олардың әрбіреуінен бір рубльден сәл астам мөлшерде дивидендтер алды. Алайда, бұрынғы ҚР премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ «Халықтық ІРО» өткізу кезінде осы жағымсыз тәжірибенің ескерілгенін растады. «Қазақстан үкіметінің принциптік ұстанымы мынада: халыққа ұсынылатын компания акцияларының бағасы нарықтық бағадан төмен болуы тиіс. Акцияларды нарық құлдырап, алдағы уақытта көтерілетін кезде сата бастау керек. Осылайша Қазақстан азаматтарына кейінгі, толыққанды ІРО-дан пайда табуға мүмкіндік береміз», деді ол.

Қарапайым акцияларға ие болу тәжірибесіне келер болсақ, біздің халық мұндай тәжірибеге ие. Мұнай компанияларында жұмыс істейтіндердің көпшілігінің қолдарында «ҚМГ БӨ» компаниясының қарапайым акциялары бар. Жыл сайын олар бойынша дивидендтер есептеледі. Мәселен, өткен жылы мұнайшы Б-ның 61 қарапайым акциясына 80 мың теңгедей төленген. Мұндай ірі сома, оның айтуынша, 10 жылда алғаш рет болып отыр екен. Алдыңғы жылдары 30-35  мың теңгеден есептеліпті. 2012 жылғы 2 қарашадағы «ҚМГ БӨ» компаниясының қарапайым акцияларының құны қазақстандық KASE қор биржасында – 16990 теңге.

Есептелінген аталмыш 80 мың теңге дивидендтер бойынша, 2011 жылы «ҚМГ БӨ» акциялары бойынша пайда 1 акцияға 1311 теңге немесе оның нарықтық құнының 7%-ын құрады. Жалпы екінші деңгейлі банктердегі депозиттерден осындай ақша табуға болады. Айпақшы, соңғы кездері (ұзақ уақыт) «ҚМГ БӨ» акцияларын қазақстандық қор биржасында, неліктен екені белгісіз, лажсыздан сатып алатын болған...

«Халықтық ІРО» бойынша сұрақтарды «АТФ Финанс» АҚ басқармасының төрағасы Алмас АҒЫБАЕВҚА қойған едік:

- Көпшілік «Халықтық ІРО»-ға сенімсіздікпен қарайды.  МММ секілді, тек мемлекеттік ауқымдағы нәрсе деп қауіптенеді.  Сіздіңше жобаның шынайы мақсаттары қандай – қарапайым азаматтардан мемлекеттік компанияларды жаңартуға (дамытудан) немесе халықтың табыстылық деңгейін көтеруге ақша тарту ма?

- Қаржы пирамидаларымен қатар қою дұрыс емес, өйткені принциптері, механизмі, жауапкершілігі мен ашықтық деңгейі жер мен көктей.

IPO (ағылшынтіліндеInitial Public Offering) – бұл кең ауқымдағы жұртшылыққа компания акцияларын сатудың алғашқы жария ұсынысы. Халықтық ІРО қарапайым адамдардың акция қожайындары бола алатындығын білдіреді. «Халықтық ІРО» аясында қор нарығына «ҚазТрансОйл» АҚ («ҚМГ»-ың 100 пайыз еншілесі) өзінің алғашқы акциясын шығарып отыр. «ҚТО»-ның бір акциясы 725 теңге деңгейінде бекітілген. Қазақстанның азаматтарына ҚТО-ның 38 463 560 қарапайым акциясын ұсыну жоспарланған.

Мемлекеттік компанияны дамыту үшін қаржы тартуға келер болсақ, мұндай нұсқаның ықтималдығы төмен. Өйткені, «ҚазТрансОйл» ақшаға зәру емес. Жоспарланып отырған қаржыны тарту көлемі (27,8 млрд теңге) 2011 жылдың қорытындылары бойынша  дивиденд ретінде «Самұрық-Қазына» қоры түріндегі акционерге толықтай төленген компанияның бөлінбеген табысымен мөлшерлес (25,9 млрд теңге).

- Қарапайым акциялар деген не?

- Қарапайым акциялар компания табысының үлесіне сіздің құқығыңызды растайды, яғни, сіз компанияның толық құқылы акционеріне айналасыз. Әрине, аз ғана үлеске ие болу сізге компанияның тағдырын шешетін шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді, бірақ сіз дивиденд түрінде пайданың белгілі бір бөлігіне үміткер бола аласыз.

Жалпы, қарапайым акциялар бойынша дивидендтерге кепілдік берілмейді, олар тек акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен ғана төленеді. Алайда ҚТО-ның дивидендтік саясаты жоғары дивидендтер төлейді, мұны соңғы бірнеше жыл бойына байқап жүрміз.

«Көгілдір фишкаға» ірі компаниялардың, яғни, елдегі алдыңғы қатардағы жария компаниялардың жоғары өтімділік көрсеткіштері бар бағалы қағаздарын жатқызады. Бізде оларға «ҚМГ БӨ», «Қазақтелеком», «ENRC», «Қазақмыс» және басқаларын жатқызуға болады.

- Халықты қызықтырып отырған басты сұрақ – олар қарапайым акциялар бойынша табыс таба ала ма? ҚТО акциялары бойынша табыстылық мөлшері шамамен қандай?

- Іс жүзінде ҚТО акцияларының серпіні қандай болатындығы туралы айту қиын. Компанияның табыстылығы мұнай тасымалдау көлеміне және жақында ғана шамамен 1,5 есеге көтерілген тарифтерге байланысты болады. ҚТО акциясының бағасы бойынша үлкен құбылмалылық (ауытқу) күтіліп отырған жоқ, табыстылық, ең алдымен, дивидендтерге байланысты болады.

- Дивидендтер қалай есептеледі? Қарапайым акциялар бойынша дивидендтер – айрықша құқықтағы (АҚ топ-менеджерлеріне тиесілі) акциялар бойынша дивидендтерді төлегеннен кейін қалған пайда. Іс жүзінде осылай ма?

- Қарапайым акциялар бойынша дивидендтер, шынымен де, айрықша құқықтағы акциялардың дивидендтері төленгеннен кейін, Акционерлердің жалпы жиналысы осындай шешім қабылдаған жағдайда есептеледі. Алайда айрықша құқықтағы акцияларға ие болу тек топ-менеджменттің айрықшы құқығы боп табылмайды. Оларды, сондай-ақ, қарапайым азаматтар қор биржасында сатып ала алады.

ҚТО-ға қатысты компанияның жарғылық капиталы қарапайым акциядан тұрады. Дивидендтерді төлеуге кепілдік берілмейді – ҚТО-ның дивидендтік саясатына сәйкес, Директорлар кеңесі жылдық дивидендтерге таза пайданың 40 пайызынан кем түспейтін мөлшерін есептеуді ұсынады. Содан кейін бұл шешім Акционерлердің жалпы жиналысымен бекітілуі тиіс. Алайда ҚТО соңғы бірнеше жыл бойына тұрақты түрде әжептәуір дивидендтер төлеп отыр.

- «ҚазТрансОйлдың» жылдық дивидендтерінің мөлшері қандай? Қарапайым акциялар бойынша оның мөлшері табыстылыққа қалайша әсер етеді?

- 2009 жылдың қорытындысы бойынша ҚТО дивидендтерге таза пайданың 47 пайызын жұмсады, ал 2010-2011 жылдардың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 100 пайызға жақындады. Яғни, акцияның жалпы саны ағымдағы деңгейден 10 есе аз болғандығын ескерсек, акция табысы 223-тен 749 теңгеге дейін келді.

Бұл сіздердің табыстылықтары-ңызға тікелей әсер етеді – айталық, 25,9 млрд теңге (2011 ж.) таза пайда мен 100 пайыз деңгейдегі төлемдерден сіз акцияға 74,9 теңге пайда ала аласыз. Акция құны 725 теңге болғанда, 10 пайыз табыстылықпен қамтамасыз етеді.

- Қазақстан билігі мен сараптау қоғамдастығы Ресейдегі халықтық ІРО тәжірибесінің келеңсіз нәтиже бергенін мойындайды. Мәселен, «Роснефть» қызметінің жоғары табыстылығына қарамастан, осы компанияда қарапайым акциялар бойынша дивидендтер бір акцияға 1 рубльден аспады. Біздің де «Ресейлік Халықтық ІРО»-ның кебін кимесімізге кім кепіл?

 - Ресейде Халықтық ІРО өткізудің келеңсіз тәжірибесі ең алдымен дағдарыс салдарынан бағалары өте құбылған банк акцияларының саттыққа шығарылғандығымен байланысты болды. «Роснефть» дивидендтерінің төлену деңгейінің төмендігіне келер болсақ, акционерлер, шамасы, компанияны дамыту бағдарламасын жүзеге асыру және капиталдық салымды кеңейту пайдасына дауыс берген болуы керек. «ҚазТрансОйлдың» болашақта да жоғары дивидендтік норманы ұстанатындығына ешкім кепілдік бере алмайды. Алайда, қолданыстағы дивидендтік саясатқа сәйкес, компания жылдық дивидендтерді төлеуге таза пайданың 40 пайызынан кем емес мөлшерін жұмсайтын болады.

- Нарықтың ықтимал ойыншысы ретінде мен үшін бір нақты компанияның – «ҚазТрансОйлдың» немесе «Қазақмыстың» акцияларын сатып алу мүмкіндігі маңызды емес. Мені дүние жүзіндегі кез-келген, мәселен, Apple компаниясының акциясын сатып алу және сату мүмкіндігі қызықтырады. Осы тұрғыда менің қазір қандай мүмкіндігім бар?

- Кез-келген Қазақстан азаматы брокерлік шот ашып, әлемдегі кез-келген компанияның бағалы қағаздарын сатып алуды және сатуды бастай алады. Бірақ бұл жерде орын алатын тәуекелдер туралы ескерте кету қажет. Өйткені, акция бағалары көптеген факторларға байланысты өсуі де, құлдырауы да мүмкін. Осыған байланысты қор нарығына нарық ережелерін үйренген және барлық тәуекелдерді білетін жеткілікті түрде дайындығы бар адам ғана баруы тиіс.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы

7 қараша 2012, 15:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.