Атырау, 9 мамыр 12:58
 ашықВ Атырау +11
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Зәкира апаның сағынышы

2 530 просмотра

Башқұртстан Республикасының Қазақстандағы мәдениет күндері аясында Атырау жеріне Уфа мемлекеттік филармониясының әртістері аяқ басты. Олар біздің қаламыздың тұрғындары алдында өнер көрсетіп, Кіші Өнер академиясының оқушыларына шеберлік сыныптарын өткізді.

Алғаш рет әртістер Қазақстанға жазда Ақтөбеге сабантойға келген болатын. Осы кезде республикалық татар-башқұрт этномәдени орталықтарының бірлестіктері оларды еліміздің өзге өңірлерін көруге де шақырды. Бұл шешімді біздің облысымыз бен Қазақстан халықтарының Кіші ассамблеясы қуана қолдады. Атырауда башқұрттар көп болмаса да, билеттер санаулы сағаттарда сатылып кетті. Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Махмұт НАДЫРШИН көркемдік жетекшілік ететін «Керуенсарай» фольклорлық-эстрадалық ансамблінің концерті Қала күніне арналған нағыз сыйлыққа айналды.

Дүниежүзілік башқұрт құрылтайы атқару комитеті төрағасының орынбасары Уалиахмет БАДРЕДИНОВ біздің бауырлас халықтар арасында ортақ нәрсе көптігін – тіліміз ұқсас, кейбір дәстүрлер, ұлттық киімдер элементтері мен сезімге толы сырлы өлеңдерге деген құштарлық бірдей екендігін атап өтті. Көрермендер әртістердің тамаша дауыстарына тәнті болды. Олар қосыла ән шырқап, тіпті билеп те кетті.

Зәкира апа концертке балаларының көмегімен Махамбет ауданының Сарытоғай селосынан келіпті. Жас башқұрт қызы көп жылдар бұрын қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Зәкира апа көзіне жас алды. Енді қайтсін, ол биыл 85 жасқа толады екен. Ана тіліндегі әнді естімегелі көп болыпты. Ол жас кезіндегі әндерді шырқауды өтінді. Өкінішке орай, бұл әндер ансамбль репертуарында жоқ екен. Бірақ әртістер міндетті түрде оларды үйреніп, өз жерлестері үшін келесі жолы орындап беруге уәде етті. 

Есесіне жас әртіс Эльнур АБУБАКИРОВ домбыра шертіп, «Елігай» қазақ халық әнін орындап, көрермендерді баурап алды.

Концерт басталмас бұрынБашқұрстанның еңбек сіңірген әртісі Орал МҰРТАЗИН Кіші өнер академиясында өткізілген башқұрт ұлттық биін үйреткен шеберлік сыныбынан алған әсерін әңгімеледі:

– Балаларды біздің биіміздің бай мәдениеті қызықтырды. Қыздар биі бізде өте лирикалы, қыздарды құстармен, өзеннің сылдыраған ағысымен байланыстырады. Ер адамдар биде өздерінің айбындығын, ержүректігін, батылдығын бейнелейді. Табиғатта олар аңшылар, жауынгерлер, қорғаушылар. Биде халықтың тіршілік еткен және тіршілік етіп жатқан бейнесін көрсетеді.

Мұртазиннің айтуынша, ол академияның жас бишілерімен жұмыс істеп, сүйсініпті - балалар бәрін қағып алады екен. Академия ұжымымен толыққанды жұмыс жасау үшін уақыт аз болды, бірақ Башқұртстан хореографы бізге тағы да келіп, би нөмірін қоюға үміттеніп отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

24 қазан 2012, 19:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.