Атырау, 25 қараша 12:32
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Алауыздық аралы

5 522 просмотра

«АЖ» редакциясына осымен үшінші күн бойына БАҚ-тардан мұқият жасырылып келген ақпарат белгілі болды: 27 қыркүйек күні таңертең Каспий теңізіндегі Қашаған ірі мұнай кенішінің  жасанды D аралында үндістандық жұмысшылар мен жергілікті қазақстандық жұмысшылар арасында жаппай төбелес орын алған.

Төбелесті көзімен көргендердің айтуынша, жанжал таңғы ас кезінде басталған. Үнділіктің бе, әлде қазақстандықтың ба, үстіне төгіліп кеткен бір шыныаяқ кофе жанжалға себеп болған. Бірақ нәтижесінде шетелдік қатты соққыға жығылып, әжептәуір зақым алғандықтан шұғыл арада тікұшақпен құрлыққа жеткізілген. Содан кейін қазақстандық жұмысшылар тағы он бес шақты үнділікті соққыға жыққан. Осыдан соң D аралындағы бүкіл үнділік жұмысшылар жұмысқа шығудан бас тартыпты.

Жанжалдан кейін аралға құқыққорғау органдарының өкілдері келіп, қауіпсіздік мақсатында үнділіктерді (олардын саны 600-дей) қазақстандық жұмысшылардан бөлек орналастырған.

Кеніштің бас операторы - «NCOC» компаниясының баспасөз қызметі қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасында төбелестің орын алғанын растап отыр. Алайда дайындалған баспасөз релизін барлық компаниялар - Солтүстік Каспий жобасының серіктестерінің мақұлдауы керек екендігін айтып, комментарий беруден бас тартты. 

D аралындағы біздің дереккөздеріміз растап отырғандай, бұл қақтығысты кездейсоқ деп атауға болмайды екен. Шиеленіс көптен бері пісіп жетіліпті. Соңғы айларда жобада үлкен жұмыс көлемін алған «Қазмұнайсервис» компаниясындағы Үндістан азаматтарының саны 200-ден 600-ге дейін көбейіп, ал аралдағы ұлттық кадрлардың саны біртіндеп азайған. Н.Назарбаевтың D аралындағы жұмысшылармен кездесуі. 17 қыркүйек 2011 жыл.Біздің дереккөздеріміздің пікірінше, жобадағы үнділік жұмысшылар саны көбеймек. Атап айтқанда, егер орташа үнділік азаматқа айына 600-800 доллар төлесе, қазақстандыққа 1300-1700 доллар төлейді екен. Жұмыс берушінің көңілінен шығатын тағы бір жайт – үнділік жұмысшылар тұрмыс жағдайын көп талғамайды.

Біздің дереккөздеріміз атап өткендей, соңғы кездері Қашаған жобасының операторлары тендерлік процедуралар өткізуді күрт жеделдетіп жіберген. Тендер шарттарымен танысуға және құжаттамаларды дайындауға ақылға қонбайтын өте қысқа уақыт береді, тендер жеңімпаздары алдын ала белгіленіп қойғандай әсер қалдырады екен. Тағы бір жаңа үрдіс – ірі мердігерлерге емес, бірден бірнеше ұсақ компанияларға артықшылықтар берілетін көрінеді. Бұл жағдайда оператор жобаны бақылаушы органдармен мақұлдау талабынан қашқақтайды.

Н.Назарбаев D аралында шетелдік компания басшыларымен бірге. Естеріңізге салсақ, Қашағандағы мұнай өндіру мерзімдері әлденеше рет ауыстырылған еді. Енді 2012 жылдың желтоқсанынан бастап 2013 жылдың маусымына дейінгі аралық деп «соңғы мерзім» белгіленген.  

Бір қызығы, Ақтауда 24-26 қыркүйекте өткен («NCOC»-тың қазақстандық және шетелдік топ-менеджерлерінің барлығы дерлік қатысқан) инвестициялық форумда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі еліміздегі инвестициялық климатты жақсарту мақсатында деген желеумен шетелдік компаниялар үшін әжептәуір босаңдық таныту (соның ішінде жұмыс күшін әкелуге қатысты) туралы айтқан еді.    

Жалпы, 19.06.11 жылғы №836 Үкімет қаулысының 19-1 тармағына (квота белгілеу ережесі, рұқсат берудің шарттары мен тәртібі)  сәйкес, компаниялар қазақстандықтардың пайдасына 90% да 10% ара қатынасты ұстануға міндетті. Алайда өткен жылдың аяғында үкімет 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін Қарашығанақ, Солтүстік Каспий, Теңіз жобаларының жер қойнауын пайдаланушыларына, сондай-ақ олардың операторларына, мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдарына 19-1 тармағының қолданылмайтыны қарастырылған толықтыру енгізді.

«Қазмұнайсервис» (KMS, Kazmunaiservices, Kashagan) атауына қарамастан компанияға үнділік менеджерлер басшылық етеді. Дегенмен дәрежесі төмендеу бірер итальяндық та бар. KMS қожайындары шетелдіктер тәрізді, алайда үлестерін жасырып отырған әлдебір қазақстандық компаньондары бар екенін жоққа шығаруға болмайды.

Бейресми дереккөздер «АЖ»-ға «Қазмұнайсервистің» басқарушы директоры Али АШРАФТЫҢ АgipKCO-ның (Қашағандағы NCOC құрылғанға дейінгі бас оператор, жобаны жалпы басқару соның қолына өткен болатын, бірақ АgipKCO әлі Қарабатандағы зауытты салып бітіріп, теңіздегі құрылысты аяқтауы тиіс) итальяндық менеджерлерімен жеке кездесулер мен кештерде жиі байқалатынын хабарлады. Осы кездесулер кезінде табысталатын портфельдер, мердігер есебінен тапсырыс берушілердің демалу сапарлары туралы және т.б. әңгімелер жүруде.

«Sea Star International» ЖШС техникалық директоры Мухаммед АЛИБО (сол жақта) мен «Қазмұнайсервистің» басқарушы директоры Али АШРАФ Атыраудағы жаңа жыл кешінде. Басқа мердігер компаниялардан, мәселен, жұмысшылары қазақстандықтардан тұратын (мемлекеттік органдардың талабы бойынша) «Кентек» немесе «Тоцциден» айырмашылығы, KMS-те шетелдік жұмысшыларды қабылдау бойынша еркіндік берілген. Әділдік үшін айта кету керек, дереккөздердің айтуынша, үнді компаниясы бұрынғы мердігерлер мен қосалқы мердігерлерден жақсы жұмыс жасайды екен. Қазір KMS аралда модульдік жабдықтау жұмыстарын бітіруге кірісіп, жіберілген қателіктерді түзету жұмыстарын жүргізуде. Бұл қателіктердің кетуіне, әрине, AgipKCO менеджерлері де кінәлі. Олардың кейбір салдыр-салақтығы мен жобалық құжаттамалардағы былықтар туралы аңыздар текке айтылып жүрген жоқ.

Егер бұрын бүкіл жұмыс көлемін итальяндық компаниялар иеленіп, қазақстандық қосалқы мердігерлермен бөліскен болса, енді жұмыстардың 40 пайызын осы жерде қарқынды түрде көбейіп бара жатқан үнділіктерге берген. Бұл жобадағы әлеуметтік шиеленістен көрініс тауып отыр. Жергілікті жұмысшылар мен техникалық персоналдың біліктілігі Үндістаннан келген жұмысшылардан төмен емес, кейде тіпті жоғары көрінеді. Осыған байланысты Теңіз кенішін еске түсіру жеткілікті. Онда жұмысшы қазақтар мердігер түріктердің өз құқықтарын кемсітіп, үнемі қорлап тіл тигізетіндігіне төзе алмай, осы асханадағы секілді тұрмыстық жанжалдан кейін 2006 жылдың қазанында оларды таяқтап, бәрін құрылыс вагондарына қуып тыққан болатын. Бізбен достық пейілдегі Түркияның жүздеген азаматтары сол кезде шұғыл арада қонақжай Атырау өлкесінен кетіп қалған еді...

Мұнай жобаларындағы қазақстандық қамту жөніндегі келіссөздерге «ҚазМұнайГаз» ҰК басқармасы төрағасының кеңесшісі лорд Джон УЭВЕРЛИДІ шақыра отырып, біздің үкімет шенеуніктері мен ұлттық компанияның топ-менеджерлері өздерінің шетелдік инвесторлармен келіссөзге келуге дәрменсіз екендіктерін мойындағандары туралы әңгімелер Ақтаудағы аталмыш инвестициялық форумның сыртында бекер айтылмаған болуы керек.

Шындығында, ағылшын лордына қазақстандық компаниялар үшін уайымдаудың қажеті қанша?

«АЖ»-ға сол дереккөздер KMS-тың әлдебір «Sea Star International» ЖШС-не қосылғанын хабарлады. Біз интернеттен іздеген едік, екі фирманың сайтындағы байланыс дерегінде бірдей телефон нөмірлері жазылған боп шықты. Осы нөмірге қоңырау шалған кезде ағылшын тілді ер адам (оның акцентіне қарағанда үнділік екені анық) газет редакциясынан мазалап тұрғанымызды естіп, тіксініп қалды да, содан соң: «бүгін демалыс күні, дүйсенбі күні хабарласаңыздар» деді. Сайттағы ақпаратқа сәйкес, Sea Star International LLP Қазақстан мен ТМД елдерінде мұнай-газ саласы мен құрылыс үшін электрлі және механикалық жабдықтар жеткізуші боп табылады. Компаниясың бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Айтпақшы, Kazmunaiservices те жабдықтарды жеткізуші боп бастаған еді, бірақ кешікпей жергілікті компаниялар мен ірі мердігерлерге құрылыс қызметтерін ұсына бастады.

«АЖ» дереккөздері растап отырғандай, бізге келген Үндістан азаматтарының көпшілігінде ҚР-да жұмыс істеуге рұқсат құжаттары жоқ. Бірақ таяуда аралда болып қайтқан көші-қон полициясы ешқандай заң бұзушылықтар анықтамаған. Бір қызығы, биылғы жылдың маусымында прокуратура KMS-тен 237 жұмыс жасау рұқсатын кері қайтарып алған еді. Анықталған заң бұзушылықтардың қатарында – шетелдік мамандарды жергілікті кадрлармен жалған ауыстыру, сондай-ақ жұмыс берушілердің шетелдік мамандарды рұқсат құжаттарында көрсетілген лауазымға сай келмейтін лауазымға тарту әрекеттері бар. 

Осы тұрғыда биылғы жылдың шілдесінде біздің сайтымызға комментаторлардың бірінің мынадай жазба қалдырып кеткенін еске сала кетейік (стилистикасы сақталған):

«Тиісті органдарға теңіздегі D аралында электрлік бөлік бойынша жұмыс істейтін «ҚазМұнайСервисез» компаниясына назар аударуға кеңес беремін. Бұл компания сырттан біліксіз жұмысшыларды тартуға тыйым салынғанына қарамастан, Үндістаннан қарапайым жұмысшылар тобын баяғыда әкелген және әкелуді жалғастырып келеді. Жас әрі тәжірибесі жоқ үнді жұмысшылары тәжірибе жинақтап, Қазақстаннан әжептәуір табыс тауып жүр. Ал біздің жастарымыз қол бостықтан соғыс ойынын ойнап, сақал өсіреді. «ҚазМұнайСервис» біздің әрекетсіздігіміз бен бейберекетсіздікті көріп, жергілікті жұмыс күшін қысқартып, оны үнділік жұмысшымен ауыстыра бастады. Кейбір қысқарып қалған жастардың немен айналысатынын жорамалдауға ғана болады».

D аралында орын алған атышулы оқиғаға қарағанда, прокуратураның маусым айында жүргізген тексеру жұмыстары айтарлықтай нәтиже бермеген.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

 

Қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасындағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме

Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В. 2012 жылы 27 қыркүйекте D аралында шай ішуге жарияланған үзіліс кезінде екі мердігер компания жұмысшыларының арасында қақтығыс орын алғанын өкінішпен растайды. Жанжалға 30-40 шақты қазақстандық және шетелдік жұмысшылар қатысқан.  

Нәтижесінде кейбір шетелдік жұмысшыларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді. Басынан жеңіл жарақат алған бір шетелдік жұмысшы медициналық көмек көрсетілу үшін Атырау қаласына жеткізілді.

Компания процедураларына сәйкес, оқиғаға тергеу жүргізу үшін топ құрылды. Ахуал толықтай бақылауға алынған, жағдай тұрақталды.

БАҚ-тармен байланыс жөніндегі бөлім

4 қазан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.