Атырау, 6 мамыр 23:44
 ашықВ Атырау +19
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Бірыңғай тариф бола ма?

1 939 просмотра

Тұтынылған электр және жылу энергиясына ақы төлеу әр отбасының ай сайынғы шығындар тізіміндегі негізгі тармақ боп табылады. Таяу арада осы қызмет тарифтері қаншалықты өседі? Осы және басқа да сұрақтар бойынша республикалық Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВАҒА хабарластық.

– Балжан Ибатқызы, үй тұрғындары үшін жылу энергиясының тарифін бекіту әдістемесінің мәні қандай, жылу есептегіштері қай жерде бар немесе жоқ?

– «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» және «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР заңдарын жүзеге асыру және тұтынушыларды жылу есептегіштерді орнатуға ынталандыру мақсатында дифференциялық тарифтер енгізу қарастырылған. Жылу тарифтері есептегіші жоқ жеке тұлғалар үшін 20 пайызға, басқа тұтынушылар үшін 50 пайызға жоғары тарифпен есептеледі. Есептегіші жоқ тұтынушылар үшін тарифті көтеруден монополист алатын қаржылар есептегіші барлардың тарифтерін азайтуға бағытталуы тиіс. Бұл өзгерістер биылғы жылдың 15 қазанынан бастап, яғни жылу маусымы басталғанда күшіне енетін болады.

– Біздің мәліметтеріміз бойынша, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның бүкіл электрмен қамту кәсіпорындары (олардың қатарына «Атырау-Жарық» АҚ кіреді) үшін бірыңғай тариф енгізілетін болады. Ол жарықтың қолданыстағы тарифінен жоғары бола ма әлде төмен бола ма?

– «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР заңында 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап аймақтық электр компаниясында (АЭК) тариф қалыптастыруда салыстырмалы талдау әдісін - бенчмаркингті енгізу қарастырылған. Ешқандай бірыңғай тариф болмайды. Әрбір АЭК үшін бұрынғы қолданыстағы әдістемедегідей жеке тариф анықталатын болады.

– Бірақ бұдан басқа энергия өндіретін мекемелер үшін жыл сайын тарифтерді көтеру туралы үкімет қаулысы бар ғой.

– 2009 жылғы 25 наурыздағы үкімет қаулысымен электр өндіретін мекемелер үшін көтерме нарықта электр энергиясын өткізу тарифтерінің шекті деңгейлері бекітілді. 2013 жылы «Атырау ЖЭО» АҚ үшін қосымша құн салығынсыз 1 кВт/сағат үшін 6,7 теңге мөлшерінде тариф бекітілді. Бұл қолданыстағы тарифтен 6,3 пайызға өскен.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

29 тамыз 2012, 17:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.