Атырау, 29 наурыз 20:44
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Кездесу орны - стадион, сенбі күні сағат 12-де

3 509 просмотра

Құрметті «Атырау» футбол клубының жанкүйерлері! Осы саланы дамытуға тікелей жауапты Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ретінде «Ақ Жайық» сайтында жарияланған ашық хаттарыңызға жауап бергім келеді.

2018 жылдың көктемінде «Мұнайшы» стадионында футбол алаңын көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Алайда, футбол алаңының кейбір учаскелеріне отырғызылған шөп жерсінбей қалды. Сондықтан футбол матчын Томарлы ауылдық округіндегі резервтік стадионға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл стадион Премьер-Лига ойындарына арналмаған, бірақ оны пайдалануға мәжбүр болдық.

Қазіргі уақытта «Мұнайшы» стадионының проблемалы аймақтарына шөп егілді, алаң мамыр айының аяғына дейін дайын болады. «Атырау» футбол командасы 27 мамырда Томарлыдағы резервтік стадионда «Қайратпен» бірге тағы бір ойын өткізеді.

Сонымен қатар, қазіргі кезде «Мұнайшы» стадионын қалпына келтіру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамада жатқанын атап өткен жөн. Сараптама аяқталғаннан кейін қалпына келтіруге қаражат бөлу мәселесі шешіледі. Қазіргі кезде - инвесторлар немесе бюджет қаражаты есебінен бе? - осы жобаны қаржыландырудың оңтайлы нұсқасын таңдаймыз.

Бұдан басқа, келесі маусымда ойындарды бастау жоспарланған «Судоремонтник» стадионын қалпына келтіру жобасы сараптамада жатыр. Бұл - біз үшін басымды нұсқа, ол жерде жылытылатын заманауи жасанды газон жабыны орнатылады. Климат жағдайларына байланысты Премьер-Лигадағы барлық командалар маусымды жасанды алаңдарда бастайды.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы осы объектілерді қалпына келтіруге қатысты жағдайды үнемі бақылауда ұстайды.

Айта кету керек, маусым басталғанда 9 ұпай шегерілгеніне қарамастан команда 2017 жылғы чемпионатты турнир кестесіндегі 8-орынмен аяқтады. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Кубогының финалисі болды. Мұның бәріне адал жанкүйерлеріміздің тұрақты қолдауының арқасында қол жеткіздік.

Биылғы жылы футбол клубы команданың негізгі ұйытқысын 70 пайызға сақтап қалды. Қалған 30 пайызы еңбек келісімшарты аяқталғаннан кейін анағұрлым тиімді ұсыныстар жасаған басқа клубтарға кетті. Айта кету керек, «Атырау» ойыншыларының шамамен 30 пайызы жергілікті шәкірттер. Клуб басшылығы болашақта команданы республикалық және халықаралық аренада өңіріміздің намысын лайықты қорғайтын өз футбол орталығының шәкірттерінен жинақтау міндетін қойып отыр.

Қазақстан Премьер-Лигасының ағымдағы біріншілігін сәтсіз бастағанына қарамастан, команданың турнир кестесіндегі жағдайды түзету үшін әлі 22 туры бар. Айта кету керек, біздің команда футболдан Қазақстан Республикасы Кубогының жартылай финалына шықты. Қазір бізге жанкүйерлеріміздің қолдауы өте қажет!

Осы жылы клуб басшылығы, бапкер мен ойыншылар жанкүйерлермен екі кездесу өткізді. Алайда, футбол клубы мен оның жанкүйерлері арасындағы кері байланысты нығайту үшін клуб басшылығы «Атырау» футбол клубының баспасөз хатшысы қызметін қатар атқаратын жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджердің бос орнын ашады. Бұл тұрғыда, клуб басшылығы жанкүйерлерге осы лауазымға өз араларынан, фан-қозғалыстың пікірінше, кері байланысты нығайта алатын адамды таңдауды ұсынады.

«Атырау» футбол клубының басшылығы ниет білдірушілердің барлығын 26 мамыр күні сағат 12:00-де «Мұнайшы» стадионына кездесуге шақырады. Ол жерде барлық өзекті мәселелер талқыланады, соның ішінде, жанкүйерлердің өздері ұсынған үміткерлерден жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджер сайланады.

Біз «Атырау» футбол клубы жанкүйерлерінің көңілін қалдырмау үшін бар күшімізді саламыз. 

Азамат БЕКЕТ, Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы

25 мамыр 2018, 12:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.