Облыстық әкімдіктің артқы жағындағы жалғама - «Атырау» мәдениет орталығын бұзу жоспарланған. Осы жерге 6 қабатты ғимарат салынып, онда облыстық әкімдік мен мәслихат орналасатын болады. Қазір тендер жарияланды, құрылыс мерзімі - 25 ай.
Құрылыс басқармасы жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың Жайыққа қарап тұрған қазіргі ғимараты бұзылмай, сол күйі қалатынын айтады. Бүгінгі күні ғимаратта орынжай жетіспегендіктен әкімдіктің кейбір бөлімшелері сыртқы ұйымдардан кеңсе жалға алуға мәжбүр. Ал басқару функцияларын жақсарту үшін оларды бір шатырдың астына жинау керек.
2017 жылдың қазан айында облыстық әкімдік ғимаратын сәулет-құрылыс бақылау мамандары тексеріп шығып, айтарлықтай кемшіліктер таппады. Ал жалғама (халық арасында «соқыршек» деп аталып кеткен) апатты және бұзылуы тиіс деп танылды. Оған қоса, амфитеатр, қақпа, қоршау да бұзылады.
Техникалық тексеру актісінен: «Іргетас шөккендіктен ғимараттың кеңістік тұрақтылығы қамтамасыз етілмейді... Үстіңгі жабыны мен көлденең және бойлық кірпіш қабырғалар жүйесі қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді... Іргеқабат бөлігінде үлкен сызаттар, бүлінген жерлер бар... Ғимараттың салмақ түсу қабілетіне әсер ететін өзге де ақаулар анықталды».
Болашақ ғимараттың бірінші қабатында, атап айтқанда, 800 адамға арналған үлкен жиналыс залы жоспарлануда. Басқа қабаттарда - маслихатқа, мамандарға, әкім орынбасарларына арналған кабинеттер мен түрлі орынжайлар бар. Облыс басшысы мен көмекшісіне ең жоғарғы - алтыншы қабат бөлінген, бұл қабатта селекторлық кездесулер залы, шағын асүй және асхана бар.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ