Атырау, 24 желтоқсан 18:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Бауыржан Исаев: залда 1 көрермен болса да, әнші концертін қою керек

Бейнежазба
14 998 просмотра


20-21 ақпанда Атыраудағы М. Өтемісұлы атындағы академиялық драма театрда белгілі әнші Бауыржан ИСАЕВТЫҢ концерті өтті. Оның келетіні жөнінде халыққа алдын ала хабарланбағандықтан, бірінші күні залда тек тоғыз ғана көрермен болды, ішінде "АЖ" тілшісі де бар еді.

Сол күні театр кассасына басқа шаруамен барып тұрғанда, алдымнан өзін Жақсылық деп таныстырған бір ер адам бір сағаттан соң Бауыржан Исаевтың концерті болатынын айтып, билет құны «небары 1000 теңге» екенін және «небары 10-ақ билет» қалғанын айтты. Бұл концерт туралы неге алдын ала хабарландыру болмағанын сұрағанымда, ол билеттер мекемелерге сатылғанын, сол себепті қалада хабарландырулар ілінбеді деп жауап берді. Басталар уақытта залға адам жиналмаған соң, концерт өтпейтін шығар деп топшылап отырғанымызда әнші сахнаға шықты. «Не деген көпсіздер!» деп сөзін бастаған Бауыржан Исаев 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы концертінде небары үш адам жиналғанына қарамастан концерт өткізгенін есіне алды. «Оның қасында тоғыз адам әжептәуір ғой» деп әзілдеп те қойды. Жалпы, концерт бойы әнімен ғана емес, әзілімен де көрермен көңілін көтеріп отырды. Өзі туралы да айтты. 1979 жылы Шымкент облысында туған әнші кіші жүздің тама руынан екен. Бүгінде үш қыздың әкесі.  

      

Біз келесі күні концерт болардың алдында театр залында әншіден сұхбат алдық

- Атырауға қош келдіңіз. Концерт туралы неге естімей қалдық деп жатыр Атырау жұртшылығы.

- Бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйыншы. Тек шығармашылығым жайлы сұрасаңыз дұрыс болатын еді.

  • Бұл көпшіліктің сауалы болған соң қойып отырмын.
  • Мен бұл сұраққа жауап бергім келмейді.
  • Менің білуімше, сіз продюсерсіз жұмыс жасайсыз.
  • Иә, неге десеңіздер мінезім кішкене ауырлау. Әкімшілерге менімен жұмыс жасау кішкене қиындық тудырады. Сол себепті мен әкімшінің, ұйымдастырушылардың жұмыстарын өзім атқарамын.
  • Атырауға көп әншілер табыс үшін тойға, түрлі шараларға келіп жатады. Атырауда жиі боласыз ба? Сізді шақыра ма?
  • Атырауға шақырады, бірақ сирек. Көбінесе Ақтөбе, Маңғыстау, оңтүстік өңірлерге шығамыз. Жасыратыны жоқ, әншілердің барлығы десек те болады, табысы тойда. Сондықтан да менің ойымша, ол ұялатын жағдай емес, неге десеңіз ол - кәсіп. Кейбір әншілерді көріп тұрамыз, «мен тойға шықпайтын әншімін» деп тойларды менсінбей жүреді. Мен ондай әріптестерді түсінбеймін. Керемет нәрсе емес пе, тойға барасың, халықтың алдына шығасың, халықтың көңілін көтересің, еңбекақыңды береді. Онда тұрған ештеңе жоқ.
  • Көп журналистер, байқауымша, сізге «сізді сахнадан көрмейміз, клип жоқ, көп тележобаларға қатыспайсыз» деген сияқты сұрақты жиі қояды. Шынымен де, сіз қазір қайда жүрсіз, немен айналысып жатырсыз?
  • Мен 2013 жылы Алматыда ең бірінші есеп беру концертімді қойғаннан кейін Астанаға көштім. Сонда қоныс аударғаныма бес жылдай болды. Астана ұнады, Астана мені жылы қабылдады. Болашақтың қаласы. Журналистердің жиі қоятын сұрағы сол – көрінбей кеттіңіз дейді. Мен бұл сұраққа жауап беруден шаршамаймын. Негізі уақытымың көбісі дәріс алу, тәжірибе жинаумен өтті. Шымкент қаласында музыка колледжінде оқыдым, одан кейін Алматы қаласында Құрманғазы атындағы консерваторияда, одан кейін аспирантурада оқыдым. Оның бәрі 10-12 жылға созылды. Бармын, сахнадамын. Тыңдармандарды, көрермендерді әлі де жақсы әндермен қуантамын деп ойлаймын.
  • Сіздің негізгі мамандығыңыз - опера әншісі. Болашақта сізді опера театрларынан көріп қалмаймыз ба?
  • Негізі ұсыныстар әлі күнге дейін келіп жатыр. Астана, Алматы, туған қалам Шымкенттен де опера театрларында жұмысқа шақырады. Бұл өте ауыр мамандық десем де болады. Сосын қазақ әншілерінің көбісі сері ғой. Сондықтан да бір орында отыра алмайды. Ал театрда отырғаннан кейін міндетті түрде күнде репетицияға бару керек, спектакльдерге қатысу керек. Байланып қаламын. Сондықтан да уақытымның көбісі сол жұмыспен кетіп қалады. Концерттеріме, іссапарларға шыға алмай қаламын. Сондықтан да өзімнің шығамшылығыммен айналысып, ұсыныстардан әзірше бас тартып отырмын.
  • Биылғы гастрольдік сапарыңыз қай қаладан басталды және қай қалаларда боласыздар?
  • Биылғы өзімнің гастрольдік сапарым осы Атырау қаласынан басталды. Енді Тараз қаласына барамыз, одан кейін Астанаға көршілес облыстарға - Павлдар, Солтүстік Қазақстан, Қарағандыға барамыз деп отырмыз. Осыдан екі жыл бұрын осы қалаларға барып есеп беру концертін өткіземін деп уәде беріп қойған едім. Иншалла, Алла аманшылығын берсе, бүкіл облысты аралап шығатын жоспар бар.
  •  «Аяулым» әні десе, Бауыржан Исаев еске түседі, Бауыржан Исаев десе, «Аяулым» еске түседі. Сол сияқты тағы басқа әндер күтеміз.
  • Иә, бұл өзімнің «визитная карточкам» болып кеткен ән ғой. Сол әннің шыққанына биыл 21 жыл. Кей концерттерде сол әнді орындамай-ақ қояйыншы десең, көрермен кәдімгідей өкпелейді. 1997 жылы шыққан ән. Репертуарымда бұл әннен бөлек, әртүрлі бағытта, әр түрлі стильде жазылған 40 шақты ән бар. Бұл концерт берудегі мақсатым - тыңдаушының алдына шығып, есеп беріп, Бауыржан Исаев 20 жыл ішінде қандай дәрежеге жетті, не істеді, қандай жеңістерге жетті, соны жеткізу, көрсету.
  • Құпия болмаса гонорарыңыз қанша? Егер Атырауға бір шараларға шақыратын болса... Коммерциялық кұпия ма әлде?
  • Жоқ, коммерциялық құпия болғанда, келісеміз ғой. Не дейін басқа, 1000 доллар дейін бе, 10 000 доллар дейін бе.  Ол әр әншінің өзіне қойған еңбекқасының бағасы.
  • Бүгінде әншілер өткізген концерттен шығындары ақтала ма? Табыс түсіру мүмкін бе?
  • Негізі концерттерден табыс түсіруге болады. Кейбір өңірлер бар, адамның жиналуы өте қиын. Дегенмен де, залда қанша адам болса да, бір адам болса да, он  адам болса да әнші міндетті түрде өзінің концертін өткізуі керек. Ол міндетті. Еске салып өтсек, Бауыржан Исаев 1996 жылы «Азия Дауысы» халықаралық байқауында гран-при иегері атанып, кейін 1997 жылы ақын Шөмішбай Сариевтың сөзіне жазылған композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Аяулым» әнін орындап елге танылған талантты әншілердің бірі. 


Айнұр САПАРОВА

Сурет пен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

24 ақпан 2018, 23:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.