Атырау, 20 сәуір 10:28
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қаншықтың кегі

Сурет Бейнежазба
7 294 просмотра

Жақында Алпысбай ҚҰЛПЕЙІСОВ бастаған атыраулық аңшылар бригадасы Махамбет ауданының Томан ауылына қарай қасқыр атуға шықты. Олармен бірге «АЖ» тілшілері де барды.

Қазір қасқырдың бас терісінен табыс тапқылары келетіндер көп, оның үстіне 2018 жылы облыс әкімдігі жыртқыштарды жоюға арналған қаржыны 7 млн-нан 8,4 млн теңгеге дейін көбейтті. Өткен жыл ішінде ересек қасқыр үшін 25 мың теңгеден және бөлтірік пен шибөрі үшін 13 мың теңгеден 298 сыйақы берілген.

Қызылжар учаскесінің Данияр есімді фермері әңгімелейді (бейнежазба):

- Жаңа жыл қарсаңында учаскеде ересек қасқырлар жұбы пайда болды. Олар көршінің жылқысын жарып кетті. Көршім  таныстарынан қару сұрап алып, арланын атып тастады. Ал қаншығы қашып кетті. Енді, міне кек алып жүр. Екі күн бұрын көршілеріміздің қой қорасына кіріп, 15 қойды тамақтап кетті, ал кеше басқа көршіміздің түйесін жарып кетті. Мұны тоқтату үшін Атыраудан Құлпейісовтің бригадасын шақырттық. Қасымда Қызылжардың басқа тұрғындары да бар. Аңшыларға көмектесіп, қорқау қуармыз, петардалар жарармыз. Қажет болса, мылтық атуды да білеміз.

А. Құлпейісовтің бригадасында тәжірибелі аңшы Асқар мен көптен бері аңшылыққа әуес боп жүрген танымал атыраулық әнші Виктор МАВРИН де бар. Мәдениет қызметкері интернеттегі бағасы 700 мың теңгеден жоғары тұратын Benelli карабинімен қаруланған. Бірақ ешкім ерекшелене қоймады: аңшылар ұрғашы қасқырдың ізімен ұзақ жүрді, бірақ ол «Ақжайық» резерватының аумағына жасырынып, қашықтан атуға да мүмкіндік бермеді. Ал бұл қорықта кез келген аңшылыққа тыйым салынған.

Жергілікті тұрғын әңгімелейді:  

- Қазір қасқырлардың күйлеп, шағылысатын уақыты. Бұл кезде есейген күшіктер үйірден бөлінеді. Біздің Томан ауылында қасқырлар негізінен қыста пайда болады. Пешной жартыаралындағы резерваттың басқа бөлігінен мұз арқылы өтіп келеді. Қорықшылар Қызылжармен шектесетін резерват аумағында  қазір 60 қасқыр жұбы мекендейтінін айтады. Олар фермер шаруашылықтарына шабуыл жасайды да, кері қорыққа кетіп қалады. Бірақ Қызылжарда өлген арланның қаншығы, оның ізін бақсақ, көбінесе теңіз жаққа қарай қозғалады.

Өткен жылдары Каспий бірнеше шақырымдарға тартылып, теңіздің түбі көрініп қалыпты. Қасқыр іздері шоқ тоғайлардың біріне әкелді. Алпысбай әрқайсысы өз орнын біліп, қамыс арасында серігін атып алмас үшін аңшыларды «нөмірге» бөлді. Біртіндеп шеңберді тарылта отырып, олар ортасына жақындады, қаншық жоқ. «АЖ» тілшілері оларға көмек ретінде дронды іске қосты, бірақ жыртқыш құдды ғайып болғандай...

Бұған қатысты аңшыларда қызықты әңгімелер бар. Біздің жүргізушіміз Эрих (танысқан кезде: есімі бұрынғы ГДР басшысы Эрих Хонеккердің құрметіне орай қойылған екен) те тәжірибелі аңшы, оның білетін әңгімелері көп екен:

- Бірде аңшылар болып қасқырдың соңына түстік, ал ол тарс еткен дыбысты естіген соң, көз алдымызда ғайып болды. Мергендер жыңғылдың бұтасына жақындап барды, ал одан қасқырдың артқы аяғы көрініп тұр еді. Жыртқыш айлакер екен жапырақ қозғалғанда, аяғын бірге қозғалтады. Әрине, сол мезет қасқырды атып алды. Ал қар басқан далада қасқырдың екі аяқтап бағанаға сүйеніп, тікұшақпен жүрген аңшылардан жасырынбақ болғаны туралы қызықты әңгімені бәрі де білетін шығар.

Біз теңіз жағасында ұрғашы қасқырдың ізіне түсуге әрекеттенген Алпысбайдың командасымен қош айтыстық. Үйге қарай келе жатқанда Эрих мен үшін шіл атып алды. Балаларды дәмді кешкі ас күтіп тұрған еді. Жабайы құс еті жұмырымызға жұқ болмай қалды.


Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН 

Бейнежазбаны түсірген Ғани САҒЫНДЫҚОВ

26 қаңтар 2018, 10:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.