Газ берушілердің әрекеті Атырауда, әсіресе, Авангард ықшамауданындағы зардап шеккен тұрғындар арасында қоғамдық резонанс тудырды. Тіпті, келісімшарт жасағандар да газсіз отыр - олар подъездегі қалған көршілері қажетті қағазға қол қойғанша күтуі тиіс. Бұл ахуалға адвокат Гүлсім САБИРОВАНЫҢ комментарийін оның әріптесі Татьяна МОХНАЧЕВА толықтырды. Ол газшілердің мұндай әрекетке құқығы болмаған деп есептейді:
- Азаматтық кодекс «Атыраугазинвест» ЖШС сілтеп отырған заңнан жоғары. АК-тің 490-бабына сәйкес, «абоненттiң энергетикалық қондырғыларының мемлекеттiк энергетикалық қадағалау органы куәландырған қанағаттанғысыз жай-күйi авария қаупiн туғызатын немесе азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайды қоспағанда, энергияны үзiлiспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге тараптардың келiсiмi бойынша жол берiледi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентке энергияны үзiлiспен беру, тоқтату немесе шектеп беру туралы алдын ала ескертуге тиiс. Энергиямен жабдықтау ұйымы жүйесiнде аварияның алдын алу немесе оны жою жөнiнде шұғыл шаралар қолдану қажет болған жағдайда абоненттiң келiсуiнсiз және оған ескертпей, бiрақ оған дереу хабарлай отырып энергияны үзіліспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге жол беріледі».
Бұған қоса айтарым, азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төніп тұрғаны туралы хабарландырулар немесе құлақтандырулар ең болмағанда подъездің есігіне ілінуі тиіс. Газды тоқтатуды құбырлардың жағдайы қанағаттанарлықсыз екенін көрсетіп, арнайы орган куәландыруы тиіс және құбыр қанағаттанарлық күйге келтірілгенше газ берілмейді.
ҚР АК-тің 5-параграфтағы «Энергиямен жабдықтау шарты» 492-бабының 2-тармағына сәйкес, «жалғанған желi арқылы газбен, мұнаймен және мұнай өнiмдерiмен, сумен, басқа да тауарлармен жабдықтау жөнiндегi қатынастарға, егер заңдарда, шартта өзгеше белгiленбесе немесе ол мiндеттемелер мәнiнен туындамаса, осы параграфтың ережелерi қолданылады». Яғни, бұл шарт тек электрмен қамтуға ғана емес, газ беруге де қатысты қолданылады.
Енді техникалық қызмет көрсету келісімшартының өзі туралы айтсақ: иә, тұрғындар оны жасауға міндетті. Бірақ ұйымдар бәрін адал жасаған адамдарға өз қызметтерін тоқтатуға құқылары жоқ деп есептеймін. Заңда мұндай норма жоқ. Келісімшарт жасаудан бас тартушыларға қарсы басқа шара бар: бүкіл өркениетті әлемде жасалатындай, газ беруші компания келісімшарт жасауға мәжбүрлеу туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқылы. «Атыраугазинвесттен» зардап шеккен азаматтар қалалық прокуратураға осы мекеменің әрекетіне қатысты ұжымдық шағыммен, сондай-ақ, мекеменің өзіне, егер мұндай әрекеттер тоқтатылмаса, сотқа жүгінеміз деген талаптарымен жүгінуі керек.
Жазып алған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА