15 қаңтарда шамамен сағат 21-де Атырауда қаланың сол жақ жағалауында түгелдей жарық өшіп, құбырда су тоқтады. Жеке үйлерде жылу қазандықтары сөнді.
Мемлекеттік ауқымда қырсық шалды деуге болар еді. КОРЭМ Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы сайтында республикадағы соңғы 5 күндегі жағдай бейнеленген диаграмма ілінген. Жұма күні кеште мәмілелер көлемі 600 мыңнан 100 мыңға дейін түсіп кеткен. Ал сұраныс 700 мыңнан асады. Осы уақытқа дейін сұраныс қанағаттандырылмай отыр.
Алайда қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ басқа жағдайды хабарлады: Атырау ЖЭО-ның №6 және №12 турбиналары бұзылып, тоқтап қалған. Сол жақ жағалауды оң жақ жағалауға қосып, турбиналарды жөндеуге кіріскен. Сағат 21.40-та №6 турбина жөнделді, осылайша қалалық су тазарту құрылғылары іске қосылды.
Сағат 22.15-те Қалауи №12 турбинаның да іске қосылғанын, Алмагүл, Геолог, Мирас ықшамаудандарында, сондай-ақ, Ақсай және Қайыршақты ауылдық округтеріне электр қуатының берілгенін хабарлады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ