Атырау, 26 қараша 16:42
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырау: дренаждан басқасының бәріне ақша жетеді

4 191 просмотра


Атыраудан дренаждық және кәріз жүйелерін салуға бюджеттің қалтасы көтермейді деді қала әкімі Серік ШАПКЕНОВ өзінің баспасөз мәслихатында.

Әдеттегіше, әкім алдымен атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

- Биылғы жылы жалпы ұзындығы 200 км болатын 311 көшеге жол салу жоспарланған, алайда мердігерлер жобаланған жоспарды асыра орындады, - деді Шапкенов.

Қалада және қала маңында жалпы ұзындығы 267 км болатын 330 көше асфальтталған. Осы қаржыларға жергілікті бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді. Қала маңындағы Еркінқала-2, Водников-2 және Талғайраң елді мекендерінде 70 шақырымдық су құбыры желісі жүргізіліп, тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жоба құны - 1 млрд теңге. Сәтпаев көшесінен әуежайға дейін жазғы суару үшін коммуникациялар жүргізілген. Жобаның жалпы сомасы - 733 млн теңге.

Келесі жылға арналған жоспарлар. Жалпы ұзындығы 220 км болатын жаңа жолдардың жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталды.

- Қазіргі кезде комиссия 174 көшенің тізімін жасады, оларға инвесторлардың көмегімен жарық жүргізу жоспарлануда. 184 көшеге жалпы ұзындығы 174 км болатын аяқжолдар салынады, - деді әкім. - 15 елді мекенде коммуникация құрылысы (су, газ, электр, жол) жүріп жатыр. Бас жоспар бойынша, негізгі коммуникациялар Жайықтың сол жақ жағалауы бойымен, Индербор аудан орталығына қарай салынады.

Қаладағы дренаждық жүйенің перспективалары туралы «АЖ» сұрағына жауап ретінде Шапкенов тек жоба үшін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеудің өзі бюджетке бір миллиард теңгеге шығатынын мойындады. Сондықтан да билік бұл мәселені кейінге ысырып, проблеманы қол астындағы құралдармен - ескі вакуумдармен шешуге кіріскен.

- Біз голландиялық, австралиялық және ресейлік мамандармен кездесулер өткіздік. Бірақ мәселені шешу өте қымбат тұрады, сондықтан біз бас тарттық. Проблемалы 59 учаске анықталды. Олардың үшеуіне, мысалы, Сәтпаев бойында су жинайтын «нөсер жинағыш» жасалды. Ол кейін кәрізге түседі. Қалған аудандарда көктемгі-күзгі мезгілінде вакуумдық машиналар кезекшілік етеді. Біз Атырау гидрогеологы Едіге САБУРОВ пен ақтөбелік мамандардың тәжірибелерін зерттедік, бірақ әзірге оңтайлы тетік болмай отыр.

- «Атырау Су Арнасы» мәліметі бойынша, бүгінгі таңда 50 мыңнан астам септик бар екен. Соңғы жылдары жерасты суларының деңгейі күрт өскені туралы расталған мәліметтер бар, мұны жеке сектордағы төгінді шұңқырларының көбеюімен байланыстырады. Билік органдары бірнеше жылдан бері Атыраудағы орталықтандырылған кәріздік жүйе үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқаны туралы айтып келеді. 2018 жылға арналған бюджетте бұған қаржы қарастырылған ба?

- 2018 жылы қала тек көп қабатты ғимараттардағы кәріздік проблемаларды шешумен айналысады.  Өкінішке орай, жеке сектор қаланың әр бөліктерінде шашырап жатыр, техникалық зерттеу жүргізу қажет. Қазір осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта шағын кәріздік тазарту құрылғыларын (КТҚ) немесе магистральды қосу жолдарын енгізе аламыз. Ал бұл өте қымбат тұрады... Қазір құрылыс басқармасы сол жақ жағалауда КТҚ салумен айналысуда, біз оң жақ жағалау үшін жобалаймыз.

- Жыл басында сіздер АСА тазарту қондырғыларындағы жағдайға байланысты техногенді сипаттағы төтенше жағдайды жарияладыңыздар. Кең ауқымды акцияны жариялау кезінде қандай нәтижелер күтіңіздер?

- Нәтижелер бар. Бүгінгі таңда конкурстар өткізіліп, оң жақ жағалаудағы КТҚ бойынша және булану алаңдарын («Сасықсайда» және «Қара шаршыда») тазарту бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

- Жақында ғана қала орталығында, Тайманов-Жарбосынов көшелерінің қиылысында кенеттен биік дуалды үлкен жер телімі пайда болды. Ол кімге тиесілі және онда не салу жоспарланған? (Айта кету керек, бұл учаске он жыл бұрын қоршалып, сол кездегі әкімшілік халықтың мақұлдауымен осы ауданда өте қат боп тұрған мектеп құрылысының жобасын таныстырған еді – З.Б. ескертпесі)

- Бұл жеке меншікке сатып алынған учаске. BiGroup компаниясына тиесілі.  Ол жерге тұрғын үй салынатын болады.

- Осы жерге жақын маңда, Құлманов көшесінің бойындағы қалалық прокуратура ғимаратының артында ұзақ жылдар бойына қоршалмаған, қамыс өскен үлкен аумақ бос тұр. Ол кімге тиесілі?

- Бұл жеке меншік учаске, қожайынының есімін атай алмаймын. Біз айналысып жатырмыз. Бұл жерді игеруі тиіс немесе оны қайтарып алу туралы мәселе қоямыз.

- Қазіргі уақытта соттар Жеңіс саябағы маңындағы жер телімдерін алу туралы қалалық әкімдіктің талап-арызын қарастыруда. Бұл жерлерді қай жылдары иеленген?

- Жеңіс саябағындағы телімдер 2010 жылдары бөлінген. Шынымен де, қазір ол туралы істер сот қарауында жатыр.  Егер заңды түрде алуға қол жеткізсек, біз олардың есебінен Жеңіс саябағының алаңын кеңейтіп, оны жақсарту жұмыстарын бастаймыз.

- Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары ретро саябағында қоғамдық дәретханалар жоқ екеніне шағымданды.

- Неге? Бар ғой, қарауыңызға болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА 

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

22 желтоқсан 2017, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.