Атырау, 27 желтоқсан 00:26
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Ол Харьков түбінде қаза болды

5 412 просмотра

Атасының тағдыры туралы 1942 жылғы қайтарымсыз шығындар жөніндегі хабарламадан хабардар болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Украинада қаза болған жерлестерінің туыстарын іздеп табуға қол ұшын берсеңіздер деген өтінішпен редакциямызға Әділғали БАЙМЫРЗА хабарласқан еді.

Бүкіл ғұмыр бойына оның атасы соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен інісі Өтеш ҚАРАБАСОВТЫ іздеп табуды армандап өткен екен.

-  Атамның өзі аман соғыстан оралды, бірақ  1964 жылы көз жұмды. Ол өз ұлына, яғни, менің әкеме Өтешті іздеуді тоқтатпауды аманат етіп қалдырған екен. Бірақ әкем де ағайының тағдыры туралы білместен о дүниелік болып кетті, - дейді Әділғали. – Бірақ мен іздеуді жалғастыра бердім. 2010 жылы www.obd-memorial.ru сайтының арқасында қажет нәрсемді тауып алдым. 1942 жылғы 17 маусымдағы №0606 «10.05-20.05.1942 ж. қайтарымсыз шығындар туралы» хабарламада басқалардың есімімен бірге Өтештің де есімі жарияланыпты. Ол ұрыста қаза болып, Украинаның Харьков түбіндегі Большая Бабка селосында жерленген екен. Хабарламаны оқыған кезде сол үлкен бауырластар зиратында тағы да қазақстандық жауынгерлердің сүйектері жерленгенін білдім. Оның 42-сі – Гурьев облысынан шақырылған біздің жерлестеріміз. Тізімдегі көптеген фамилиялар, есімдер мен мекен-жайлар анық емес немесе бұрмаланған. Менің жолым болып кетті – атамның аты-жөні дұрыс көрсетіліпті. Ал сол соғыста қаза болған туыстарын іздеп жүрген адамдардың көпшілігі үшін бұл жағдай кедергі болуы мүмкін. Мәліметтерді енгізуде сәл ғана сәйкессіздік болса, іздеу машинасы базадағы қажетті мәліметтерді таба алмайды.

ХАРЬКОВТЫҚТАР ДА ҚОСЫЛДЫ

Әділғали Баймырза бауырластар зиратында мәңгілік орын тепкен жерлестерінің тізімін жасап шығарған. Оның басым көпшілігі Новобогат ауданынан шақырылыпты. Айқын бұрмалаушылықтарды ол өздігімен түзетуге әрекеттеніп, сайттағы жауынгерлердің жеке құжаттарының сақталған көшірмелерін көбейткен.

-  Мәселен, «Кунспаев» дегенді «Конысбаев», «Бигодарский» дегенді «Бегайдарский», «Бахчан» дегенді «Бахытжан» деп және т.б. өзгерттім. Бірақ, әрине, дәл осылай деп кепіл бере алмаймын. Сондықтан осы тізімді жариялауды өтіне-мін. Осы мәліметтерді жария етіп түзету үшін сол жауынгерлердің туыстары хабарласар деген үміттемін. Хабарламаның электронды көшірмесін www.obd-memorial.ru сайтынан қарауға болады. Іздеу терезесінен «Карабасов Утеш» деп теріңіз, - деп кеңес береді Баймырза. – Мен өзім әзірге мәліметтерге нақтылау жүргізіп жатырмын, Мака ҚАРАЖАНОВА жетекшілік ететін Украинадағы қазақ жерлестігімен байланысқа шықтым. Әзірге жауап келген жоқ.

Ол сондай-ақ, іздеу қоғамының харьковтық филиалына шыққан. Ондағылар бұрын белгісіз болған 432 жауынгердің сүйегі табылғаны туралы айтыпты. Олардың әзірге тек 169-ы ғана сәйкестендірілген. Бірақ мәліметтер әлі кесімді емес, олар нақтыланып, қайта тексерілетін болады. Яғни, Әділғалидің атасының дәл сол жерде жерленгені нақты емес. Бірақ ол қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Харьковке маусым айында баруды жоспарлап отыр. Егер мәлімет нақты болатын болса, құлпытас қоймақшы.

- Содан кейін басқа жауынгерлердің туысқандарымен бірігіп, бізден, атыраулық ұрпақтарынан ортақ құлпытас секілді ескерткіш орнатып, оған бүкіл жерлестердің есімдерін жазып қойсақ деген ой келді, өйткені ол жерде тек менің атам ғана жерленген жоқ қой. Мен Харьков облысынан хабарлама алдым. Кешікпей Большая Бабкада жерленгендердің толық тізімін жіберуге уәде берді. Ал көршілес Перковка селосында да 81-атқыштар дивизиясынан 33 қазақ жерленіпті. Олардың туыстары табылған жоқ, - дейді Ә. Баймырза.

- Мен сондай-ақ, нағашы атамды іздеймін. Аққозы МӘМБЕТАЛИЕВ 1912 жылы туылған,  1942 жылдың 28 наурызында Гурьев әскери комиссариатынан шақырылған екен. 1942 жылдың маусымында хабар-ошарсыз кеткен. Әскери комиссариаттың мұрағатында атамның фамилиясының қарсысында «Красногв. 2-ая стрелковая бригада 13.4?.42 г.» деген белгі тұр. Интернеттен 2-гвардиялық атқыштар бригадасының шынымен де болғандығы туралы деректі тауып алдым. 1942 жылдың наурызында өз қатарларын толықтырған соң, Старая Русса – Дно (Новгород облысы) теміржолының бойында 1942 жылдың 9 сәуіріне дейін қорғаныста болған. Әрі қарай бригада таратылған. Сол жерлерде атам жерленген шығар деп жорамалдаймын. Великий Новгородтың облыстық мұрағатына жіберген сұранысым әзірге нәтиже берген жоқ. Мен секілді іздестіру жұмыстарын жүргізіп жүрген жандарға айтарым, егер осы атқыштар бригадасы туралы қандай да болмасын деректер бар болса, менімен байланысқа шығуларыңызды өтінемін.

Егер тізімде көрсетілген жандар туралы мәліметтерді білетін болсаңыздар, Әділғали Баймырзамен baimyrza_a@mail.ru электронды поштасы арқылы хабарласуға болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

 

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ

Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО-дағы жалпы адам шығыны 26 млн 600 мыңды құрады.

Олардың ішінде:

Басып алынған аумақтарда бейбіт халық - 7 420 379 адамды, соның ішінде 216 431 сәбиді өлтірді.

Германияға зорлықпен 5 269 513 адам әкетілді, соғыстан кейін 2 654 513 адам оралды, 451 100 адам эмигрант болды, қалған 2 164 313 адам қаза болды немесе тұтқында көз жұмды.

Қарулы күштердің қайтарымсыз шығындары (өлтірілгендер, жарақаттар мен аурулардан қайтыс болғандар, қайғылы жағдай салдарынан қаза болғандар, әскери трибуналдың үкімі бойынша атылғандар, тұтқыннан оралмағандар) – 8 668 400 адам (бұл тізімге жұмылдыру бойынша шақырылған, бірақ майданға жетпей, әскери бөлімшелерге жеткенше хабар-ошарсыз жоқ боп кеткен әскери міндеттілер енбеген. Бұлар тағы 500 мың адам).

Санитарлық шығындар (жараланғандар, контузия алғандар, сырқаттанғандар, үсік шалғандар мен күйік жарақатын алғандар) – 18 344 148 адам.

5 млн 59 мың кеңестік әскери қызметкерлер хабар-ошарсыз кетті және тұтқынға алынды (олардың қатарында өз әскери бөлімшелеріне бара жатқан жолда жау қолына түскен 500 мың әскери міндеттілер бар). 500 мыңдай хабар-ошарсыз кеткендер ұрыс даласында қаза болған болуы мүмкін.

Айып роталары мен батальондардың жалпы шығындары - 170 298 адам (соғыс жылдары айып батальоны мен роталарға 427 910 адам жіберілген).

Соғыс жылдары 1 млн  200 мыңдай  қазақстандық майданға аттанды. Олардың 410 мыңы қаза тауып, 125 мыңы хабар-ошарсыз кетті. Қазақстан аумағында еңбек майданына арнайы қоныс аударушылар мен жергілікті халық қатарынан 700 мың адам шақырылды.

inform.kz

18 сәуір 2012, 17:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.