Атырау, 11 мамыр 07:34
 ашықВ Атырау +17
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Бүйрегіңді кесіп берген заман-ай...

3 872 просмотра


Қазақстанда дене мүшелерін тірі кезінде заңсыз сататындар көбейіп келе жатыр. Бағалар 2,5 миллион теңгеден басталып 100 мың долларға дейін жетеді. Көбіне саудаға бүйрек, бауырдың бөлігі, сүйек кемігі түседі. Өз дене мүшелерін саудалайтындар біздің «бай» Атырауымызда да бар екен.

«АЖ» тілшісі Атырау қаласындағы жағдайды анықтау мақсатында интернетте жарияланған жарнамаларды ақтарып, мекенжайы ретінде біздің қаламыз көрсетілген бірнеше хабарландыруды іріктеп алды.

Ең алғаш телефон соққан донор ер адам бүйрегін сатады екен. Өзі туралы келесідей мәлімет қалдырыпты: «қан тобы – ІІ, резус+, 40 жастамын, арақ ішпеймін, ақша керек». Бізге телефон арқылы «алдымен заңгеріммен сөйлесіп алайын, кейін қайта соғамын» деді, бірақ, өздеріңіз біліп отырғандай, соқпады.

Келесі сөйлескен әлеуетті донор да ер адам екен - өзінің бүйрегі мен бауырының бір бөлігін сатуға шығарыпты. Ол мұндай отаны Атырауда істемейтінін айтып, Алматыға немесе Астанаға баруымыз керектігін айтты. Оның сөзінше жол шығынын өз қалтамыздан төлеуіміз керек. Өзінің бүйрегін 2,5 миллион теңгеге бағалады.

Алдымен бүйрек бізге қашан  керектігін және тағы басқа сұрақтарды шешіп алып, сосын хабарласуымызды сұрады. Ал, ота жасайтын клиникаға барған кезде оны туысым деп таныстыруымыз керек екен.

Үшінші донор болғысы келетін ер адам бауырының бір бөлігін сатқысы келеді екен. «Анам ракпен ауырады, қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, несие бермейді. Амал жоқ, осындай жолға барып отырмын» деді. Ол өз қызметі үшін 5 млн теңге сұрап отыр. Тіпті алматыдағы институтардың біріне барып керекті анализдерді тапсырып, тексеріліп келген екен.

Байқағанымыздай, хабарландырулардың көбінің тұсында «тез арада ақша керек», «қарыз болып қалғандықтан сатамын» деп жазып қойғандары бар.

ІІБ баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА заңсыз донор болу туралы облыста ешқандай қылмыстың тіркелмегенін хабарлады.

Заңгер Гүлсім САБИРОВА бұл мәселе жөнінде, БАҚ-тардағы жарияланған хабарландыруларға қатысты келесідей комментарий берді:

- Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы  Кодексінің 169, 170-баптарына сәйкес, адамның тiндерiн (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiгiн) сатып алуға-сатуға тыйым салынады. Адам, адамның мәйiтi немесе жануар тiндердi (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiгiн) транспланттау бойынша донорлар болуы мүмкiн. Реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін (басқа организмнің тіндеріне сіңісуіне ықпал ететін органикалық тіндердің иммунологиялық қасиеті) адам транспланттау бойынша тірі донор болуы мүмкін.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, адам мүшелерін сату бойынша Үндістан, Иран, Пәкістан, Таиланд, Непал мемлекеттері көш басында тұр. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

16 қазан 2017, 17:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.